Қазақ дзюдошы қыздарының қарқыны қандай?

17:49 | 24 қараша 2016

Жақында дзюдодан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэгтің маусымда (әйелдер арасында) үздік дзюдошы атанғанын естідік. Осы ретте күншығыс елінің төл спортын серік етіп жүрген аруларымыз туралы аз-кем сөз қозғауды жөн санадық.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасы аяқталған соң, қыздар құрамасының бас бапкері ауысатыны белглі болды. Жалпы, Рио Олимпиадасына дейін еліміздің дзюдошы қыздары мұндай байрақты бəсекеден жүлде алып көрмеген еді. Галбадрах тарихтың жаңа бетіне өз есімін жазып қалдырды. Осыдан кейін федерация басшылығы Моңғолиядан келген легионер балуанның бапкеріне барлық қыздарымызды сеніп тапсыруды жөн санады. Əрине, Дашжамц бұған дейін бас бапкер болып қызмет атқармаған, тек бір балуанмен ғана жұмыс істеп үйреніп қалған. Сондықтан көңілде алаңдаушылық бар. Дегенмен өзіне артылған сенім үдесінен шығып жатса, қуанатын боламыз.

Бұл ретте ҚР Дзюдо федерациясының вице-президенті Марат Мықтыбеков біздегі дайындық методикасын толығымен өзгерту керек болғанын айтады. Сондықтан осындай кадрлық өзгерістер жасалған екен. «Бапкерлеріміз қанша жерден ауысқанымен, методика ешқашан өзгерген емес. Баяғы жартас – сол жартас. Сондықтан қыздар құрамасына шұғыл түрде осындай өзгерістер қажет болды. Қазіргі заманда дзюдо қарыштап дамып бара жатыр. Ал бізге сол лектен қалмай бірге даму керек. Біз қарсылас деп санамайтын елдің дзюдосының өзі дамып кетті. Бүгінде қай елде бұл спорт дамып жатыр? Солардың дайындығына назар аударып, бірлесіп жаттығып, өзімізге сондай əдістемелерді енгізу керек. Сонда ғана əйелдер күресінде өзгеріс болады деп санаймын», – дейді ол.

Мықтыбеков Галбадрахты Моңғолиядан аттай қалап алып келген себебіміз, елдегі қыздар дзюдосын дамытудан туындады деп отыр. Шетелдік балуанның дайындығына қарап біздің балуан қыздарымыз бой түзеп, жақсы нəтижеге қол жеткізер деген сенім бар дейді. Жалпы, Галбадрахқа дейін Олимпиада ойындарында жүлде алуға қазақ қыздарының арасынан Шолпан Қалиеваның мүмкіндігі болған еді. Ол Бейжіңде бесінші орынға қол жеткізді. Лондонда Гүлжан Исанова жетінші орынға тұрақтады. Қазіргі кезде Шолпандардың ізін басқан, кимоно киіп жүрген қыздар өте көп. Бірақ, əзірге нəтиже аса көңіл қуантып жүргені жасырын емес. Былтыр тұңғыш рет Астанада əлем чемпионаты өтті. Сол кезде 70 келіге дейін салмақта белдескен Ділбəр Өмірəлиевамен тілдескен едік. Қарағандылық балуан қыздарымыздың психологиялық тұрғыдан əлсіз екенін мойындады. «Жігіттер қанша дегенмен ержүрек, батыр ғой. Сондықтан қолдарынан келеді деп ойлаймын. Жүлде алып қуантып жатқанының бір сырыосында. Оның үстіне өз жерімізде жанкүйерлер қызу қолдағанда тіптен күш алады. Ал қыз балалар ешкімнен кем емес. Оны оқу-жаттығу жиындарынан да көруге болады. Бізге жетіспейтіні – психологиялық көңіл-күй. Татамиге шыққанда қыздарға өз күштеріне сену керек. Сол кезде медаль да болады», – дейді Ділбəр.

f6d59e9664e3be4897e5250daa03230e.jpg

Елімізде спортшылардың психологтармен жұмыс істеуі өте төмен деңгейде екені барлығына белгілі. Ал шетелде жоғары мақсат қойған кез келген спортшы мамандармен кеңеседі, ақылдасады. Психологтармен жұмыстың ақсаңдап тұрғанын федерацияның вице-президенті де мойындап отыр. «Спорттағы психолог маман жағы ойсырап тұрғаны рас. Қазірден бастап жас балуандарды психологтармен жұмыс істеуге үйретуіміз керек. Онымен сөйлесу, айтқанын екі етпеу, ойын айту секілді дағдыларды қалыптастырсақ, кем болмасымыз анық. Кейін олар өсіп, ересектер құрамасына ауысқанда тиімді болар еді. Біздің спортшылардың көбі психологқа сене бермейді, ішкі сырын екі бастан айтпайды. Татамиге шыққанда жүздерінде қорқу, əлденеге алаңдау жатады. Спортшының өзі айтпаған соң психолог маман оны қайдан біледі?» – дейді Мықтыбеков. Соңғы жылдары қыздар құрамасы сапында халықаралық жарыстарда ел намысын Александра Подрядова, Айгүл Байқұлова, Меруерт Иманғалиева, Галбадрах Отгонцэцэг, Ленария Мингазова, Олеся Куценко, Назгүл Құбашева, Севара Нышанбаева, Мариан Ордабаева, Динара Құдарова, Зарина Райфова, Альбина Амангелдиева, Ділбəр Өмірəлиева, Зарина Əбдрасулова, Гүлжан Исанова сынды спортшышылар қорғады. Осыдан бір ай бұрын Өзбекстан астанасы Ташкентте аяқталған əлемдік гран-приде 48 келідегі Айкүнім Түйтекова чемпион атанып, жанкүйерлерді бір қуантты. Жас балуан қыздарымызға жас журналист Əйгерім Тоқсанбек те сеніммен қарайтынын айтады. «Қазақстанда соңғы жылдары əйелдер арасындағы дзюдо күресі жайлы сөз қозғасақ, бірден ойға Галбадрах Отгонцэцэг келеді. Ол біздің мектептің түлегі болмағандықтан, біздің ортада қайнамағандықтан, Қазақстандағы қыздар арасындағы дзюдоның орташа көрсет-кішін көрсете алмайды. Оның жетістіктеріне қарап, бізде бəрі супер деуге келмес. Осы күнге дейін Гүлжан Исанова, Альбина Амангелдиева, Мариан Ордабаева сынды қазақ қыздары ел намысын қорғап жүрді. Əлі де татамиден шықпады. Десек те, қазіргі жас буын əпкелерінен озып кетеді деп ойлаймын. Жастар сапында жүрген Айкүнім Түйтекова, Жанар Қашқын, Əйгерім Əбілқадірова, Əдия Сайын, Абиба Абужақынова, Салтанат Сұлтанбекова, Ажар Салықова, Перизат Қадірбекова, Назгүл Маратовалар қазір əлемдік рейтингте көш бастап тұр. Сондай-ақ, биыл Кочиде өткен Азия чемпионатында ұлдардың жетістігінен қыздарымыз бір бəс жоғары болды. Жастардың соңынан өсіп келе жатқан бойжеткен қыздардың да көрсеткіші жаман емес. Соңғы Азия чем-пионатында жалпы құрама 11 медальмен елге оралса, оның алтауы қыздарға тиесілі», – дейді Əйгерім Тоқсанбек.

Мешін жылы аяқталып келеді. Биылғы жылы дзюдошы қыздарымыздың арасында Галбадрах Отгонцэцэгтің Олимпиада ойындарындағы қола жүлдесінің шоқтығы биік болып тұр. Сондай-ақ, ол 2016 жылғы жетістіктері бойынша əлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Галбадрах Олимпиададан бөлек, биылғы жылы 10 халықаралық жарысқа қатысып, 5алтын, 2 күміс, 3 қола медаль иеленген. Сондай-ақ,63 келіде белдесіп жүрген Мариан Ордабаева көктемде Ташкентте Азия чемпионы атанып, Олимпиада ойындарына жолдама алған болатын. Енді алдағы күндері Қызылорда қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сыр елінде тағы жаңа есімдер шығуы əбден мүмкін. Бастысы, Токиода қаракөз қыздарымыздың жүлдегер болғанына куə болайық.

Бек Төлеуов

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар