«Grand Slam» Абу-Даби 2016 – екінші күн
БАӘ астанасы Абу-Дабиде өтіп жатқан халықаралық «Grand Slam» турнирінің екінші күнінде Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалды.
81 келі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Әділет Миссин алғашқы айналымда Молдова спортшысы Никон Заборощуктен иппонмен жеңіліп, жарысты аяқтады.
Дәл осы салмақта белдескен екінші балуанымыз Дидар Хамза нәтижелі күресіп, жүлделі бесінші орыннан көрінді.
Ол алғашқы кездесуінде Досен Божанмен белдесіп, иппон ұпайын иеленді. Екінші айналымда отандасымыз чех балуаны Мусил Жаромирді де таза жеңіп, ширек финалға шықты. Жартылай финалдық жолдама үшін Бразилия балуаны Пеналбер Виктормен күресіп, бір вазари ұпайымен ұтылып қалды. Дегенімен, жұбаныш белдесуінде Чокняи Ласлоны (Венгрия) таза жеңіп, қола үшін белдесуге мүмкіндік алды.
Қола үшін белдесуде Фрэнк Де Витпен болған күресінде Дидар Хамза ереже бұзғандықтан, жарыстан шеттетіліп, турнирді бесінші орынмен аяқтады.
28-30 қазан күндері өтіп жатқан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс медальмен командалық есепте екінші орында тұр. Естеріңізге сала кетсек, жарыстың алғашқы күнінде Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) – алтын, Азамат Мұқанов (66 кг) – күміс алған болатын.
0 пікірлер