Таразда 2016-Олимпиада жүлдегері дзюдошы Елдос Сметовті жылы қарсы алды (ФОТО)
Алматы-Ташкент күре жолындаТараз шекарасында тараздықтар 15 тамызда түнгі Рио-де Жанейро - Амстердам - Алматы рейсімен елге келген Елдос Сметовті салтанатты түрде қарсы алды.
Шығаберіс аркада спортшыны облспорт, БАҚ өкілдері, достары, туыстары қазақстандық тумен, гүл шоқтарымен қарсы алды.
Туыстары, достарының сүйемелдеуімен көлікпен келген Елдосты елі «Елдос - чемпион! Алға, Қазақстан!» деп ерекше қошеметпен қарсы алды.
Журналистерге сұхбат бергеннен кейін Елдос Сметов ештеңеге қарамастан, өзінің жүлдесіне көңілі толатынын жеткізді және келесі Олимпиадада алтын ұтуға уәде берді.
«Риода «алтын» алуды көздедім, - деді спортшы, - қарсыластар мықты болды, бұрын ресейлік қарсыласпен кезігіп, оны жеңсем де, осы жолы жолым болмады, демалыссыз татамиге шығуға тура келді, күш, сәттілік жетіспеді деуге болады».
Одан кейін Тараздағы Тұңғыш Президент саябағына жол тартты. Онда ақсақалдар, жастар, балалар, жамбылдық спорт, әкімдік, ҚХА өкілдері күтіп алып, спортшыны жүлдесімен құттықтады.
Тараз әкімі Нұржан Календеров дәстүр бойынша, спортшының, оның бапкерінің иығына шапан жапты. Елдосқа жеңісі үшін алғыс білдіріп, тілегін айтты.
«Жамбылдық дзюдошы Қазақстан құрамасының қанжығасына күміс медаль салды. Миллиондаған қазақстандықтардың үмітін ақтады. Күрделі турнирді еңсерді. Олимпиадалық ойындар - жарыстың ерекше мәртебесі. Сондықтан да Елдостың күміс медалінің құндылығы зор».
Еске салсақ, Рио-де-Жанейрода 104 спортшы жарысқа қатысуға аттанса, оның бесеуі Жамбыл облысынан. Боксшы Олжас Сәттібаев, дзюдошы Елдос Сметов, таэквондошы Руслан Жапаров, жеңілатлет Михаил Красилов, жүйрік Светлана Голендова (Иванчукова). Паралимпиадалық ойындарда жүзгіш әлемдік рекордшы Зүлфия Ғабдуллина қатысады.
0 пікірлер