Қазақстан қоржынына алғашқы Олимпиада жүлдесі түсті
Отгонцетцег Галбадрах жарыс жолын бірден екінші айналымнан бастады. Екінші айналымда оның қарсыласы көптеген ірі турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері Лима Тасиана болды. Кездесу тартысты өтті. Лима алдымен «вазари» ұпайымен алға шыққан еді. Алайда Отгонцетцег кездесудің аяқталуына 1 минут қалғанда есепті теңестіріп, «вазари» ұпайын еншіледі. Екі спортшы тең келе жатқандықтан, қосымша уақыт беріліп, сылбыр күрескендігі үшін Лима ескерту алып, спортшымыз жеңіске жетіп, келесі кездесуге жолдама алды. Кезекті қарсыласы атақты жапон балуаны Ами Кондо еді. Жапонияның беделді дзюдошысы өткен жылы ғана Астанада өткен әлем біріншілігінде қола медаль ұтып алған болатын және Ресейде өткізілген 2014 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы еді. Алғашқы 2 минутта дзюдошылардың ешқайсысы нақты әдіс жасай алмады, тек бір-бірін зерттеумен болды. Алайда Отгонцетцег кездесудің аяқталуына 1 минут 20 секунд қалғанда қарсыласын жығып, «вазари» ұпайын иеленді. Бірақ Ами Кондо кездесудің аяқталуына 4 секунд қалғанда Отгонцетцег Галбадрахқа ұстау әдісін жасап, айласын асырып кетті. Дегенмен дзюдошымызға үшінші орын үшін таласып көруге мүмкіндік болды. Жұбаныш белдесуін Бейжің Олимпиадасында жетінші орынға тұрақтаған, ал Лондон Олимпиадасында үшінші орын алған өте тәжірибелі венгриялық Ева Черновицкиді «иппон» ұпайымен ұтты. Мұнан соң кубалық Даярис Местре Альваресті қапыда қалдырып, Рио Олимпиадасының қола жүлдесін қанжығасына байлады. Бұл спортшымыздың карьерасындағы ең жоғарғы марапаты болып табылады.
0 пікірлер