Дзюдодан Рио Олимпиадасының жеребесі тартылды
ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан 136 елден 389 дзюдошы қатысады. Бұл Олимпиададағы Дзюдо тарихында рекордтық межеге жетті. Лондон олимпиадасында 135 елден 387 спортшы қатысқан болатын. Сонымен қатар, бүгін Қазақстандық дзюдошылардың Рио Олимпиадасындағы алғашқы қарсыластары анықталды.
60 келідегі Әлем чемпионы Елдос Сметовтің алғашқы қарсыласы ливиялық Элкависа Мохамед Элхади болды. Мохамед Элхади Олимпиадаға құрлықтық жолдама бойынша келген.
66 келіде Жансай Смағұлов бельгиялық Яипер Лефебермен кездеседі. Жансай Смағұловқа бұл спортшымен күресу таңсық емес. Олар соңғы рет Алматыда өткен Гран При турнирінде белдескен болатын.
Дидар Хамзаның қарсыласы Камбиядан келген Файа Нжие болды. 73 келідегі Файа Нжие - құрлықтық жолдаманың иегері.
100 келі бойынша Максим Раковтың бірінші айналымда қарсыласы жоқ. Екінші айналымдағы қарсыласы Еуропа құрлығына тиесілі жолдамамен келген эстониялық Григорий Минашкин.
Қазақстан қыздар құрамасынан Олимпиадаға екі дзюдошы қатысады. 48 келіде шығатын Отгонцэцэг Галбадрах жарысты екінші айналымнан бастайды. Алғашқы айналымдағы қарсыласы - Тасиана Лима (Гвинея-Бисау).
Құрлықтық жолдамамен Риоға аттанған 63 келідегі спортшымыз Мариан Урдабаева бірінші айналымда қытайлық Ян Цзюньсямен күреседі.
Естеріңізге сала кетсек, дзюдо сайыстары 6-12 тамыз аралығында өтеді. Қазақстандық Елдос Сметов (60 кг) пен Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) жарысты 6 тамызда бастайды.
0 пікірлер