Маратбек Мықтыбеков: «Біздің құраманың жетістігіне көңілім толады»

16:47 | 19 мамыр 2016

f3129ff7fc131fbd2f92c58ee1a8f803.JPG

- Маратбек Сәменбекұлы, жалпы қазақ елі дзюдо күресінен Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесінде бар біршама жарыстарды өткізіп үлгерді. Менің білуімше елімізде тек Үлкен Дулыға турнирі ғана ұйымдастырылмады. Осы жолғы Гран При жарысы несімен ерекшеленді және жарыстың ұйымдастырылуын қалай бағалайсыз?

- Өздеріңіз байқаған боларсыздар Гран При жарысы кезінде зал көрерменге лық толды. Бұған Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визердің өзі таңқалды. Мариус мырза халықтың сүйіспеншілігі тек қазақ балуандарына емес, жалпы дзюдоға екенін байқады. Мен биыл әр түрлі елдерде осындай ірі 7 жарыста болдым. Бірақ, олардың ешқайсысында балуандарды жанкүйерлерін мұншалықты жоғары дәрежеде қолдағанын көрмедім. Тек Парижде өткен «Үлкен дулыға» жарысын атап өткім келеді, онда 20 мыңдық арена халыққа толды. Францияда дзюдоны ерекше бағалайды. Алматылық жанкүйерлер де осы жолы дзюдоға деген ерекше ілтипаттарын көрсете білді. Бұл бірінші рет ұйымдастырылып отырған турнир емес екені де өздеріңізге белгілі. Елімізде дзюдоның дамып келе жатқаны айқын. Бүгінде ерлер құрамасымен қатар, әйелдер құрамасы да рейтингтен жоғары орындарға көтеріліп келеді. Дзюдо бір орында тұрған жоқ, яғни жыл сайын дамып келеді. Мәселен, бір салмақтан рейтингте алғашқы 25 мықты спортшының қатарына бірден 3 спортшымыз еніп отыр. Бұл жақсы көрсеткіш.

b43bd922a851865d073b5a18a68c62b7.JPG

-2014 жылы осы жарыс Астана қаласында өткізілгені белгілі, ал осы жолы неге Алматы таңдалып алынды?

-Дүбірлі доданың Алматыда өту себебі – экономикалық жағынан тиімді. Ауа райы, қонақ үй мен тамақ бағалары да көңіл қонымды болғандықтан осында өтті десек те болады. Айта кету керек, турнирге жанкүйерлік танытуға және оны ұйымдастыруға көмектесуге Қазақстанның түкіпр-түкпірінен азаматтар келді.

99d11ffc8f8a7c0ffec145e707b024bc.JPG

-Гран При қорытындысы бойынша қазақ елінің спортшылары 83 мемлекеттің дзюдошыларының ішінде медаль қорынан төртінші орынға тұрақтапты, осы жетістікке көңіліңіз тола ма?

-Әрине, біздің құраманың жетістігіне көңілім толады. Дегенмен, бұдан да жақсы көрсеткішке жетуге болушы еді. Жарыс ережесі бойынша бұл доданы ұйымдастырып отырған ел әр салмақтан төрт спортшыдан қатыстыра алады. Өздеріңіз байқағандай, ел намысын қорғауға жастарға да мүмкіндік бердік. Бірақ, бірінің бабы, бірінің бағы келіспеді.

-Олимпиадаға да аздаған уақыт қалды. Осы төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеде ел құрамасынан қандай жүлде күтуге болады?

-Олимпиадаға дайындық тыңғылықты жүргізіліп келеді. Қазір ұлттық құрама Түркияда жаттығу жасап жатыр. Олимпиада туралы алдын ала, қазір нақты ештеңе айта алмаймыз.

-Еліміздегі тұңғыш дзюдо академиясы Алматыда ашылды. Осы жаңа кешен туралы толығырақ айтып берсеңіз...

-2013 жылы Алматыда Гран При жарысының барысында осы дзюдо академиясының алғашқы кірпішін қалаған болатынбыз. Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев академия құрылысын дер кезінде аяқтап, көп ұзамай қолданысқа береміз деп жоспарлады. Және де ол сөзінде тұрды. Араға үш жыл салып, академиямызды аштық. Ол жерде біздің балаларымыз, болашақ чемпиондар дәріс алады. Академияның мақсаты – халықаралық оқу-жаттығу жиындарын Қазақстанда да өткізу. Бұл тәжірибе алмасу еліміздегі дзюдоның қарқынды дамуына үлес қосатыны анық. Сонымен қатар, академияда халықаралық семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланып отыр. Аймақтағы талантты жастарды қолдау мақсатында ашылған академиямыздың жұмысы басталып кетті.

-Жеңіл салмақтағы дзюдошылар бәсеке бар да, ауыр салмақтағы балуандар арасынан бәсекелестік байқалмайды. Неліктен деп ойлайсыз?

-Біз әлемдік жарыстарға барғанда «Жеңіл салмақ – қазақтардың салмағы» деп әзілдеп жатады. Бұлай айтатын жөндері бар. Ал, 73 келіден жоғары салмақта шығатын спортшылардың жаттығу әдісін өзгерту керек сияқты. Олимпиада жақындағандықтан біз жаңа жаттығу тәсіліне әлі көшкен жоқпыз. Енді Олимпиада өткеннен кейін бапкерлер мен ақылдасып, дзюдошылардың жаттығу әдісі де өзгереді. Сонда ғана тың өзгеріс болып, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

-Бүгінгі таңдағы жалпы экономикалық жағдайдың қиындығы спортшылардың жалақысына әсер етпей ме?

-Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесінде 7 Гран При, «Үлкен дулыға», «Мастерс» турнирлары бар. Дзюдо күресінен өтетін осы барлық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, дзюдошылардың ай сайын алатын жалақыларын да аз деп ойламаймын. Облыс, мемлекет, конфедерация атынан айлық төленіп отырады. Федарация тарапынан да сыйақылары жақсы. Әлемдегі болып жатқан дағдарысқа қарамастан Олимпиадаға баратын спортышаларға белгіленген жарнаны да мемлекет төлеп отыр. Менің ойымша, спортшыларға қаржыдан кедергі жоқ, тек дайындалу керек.

0c8bd7ed4b2f8d3d69f77335cb356efa.JPG

-Ұлдар жағы кез-келген жарыста жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Қыздар құрамасынан неге үздіктер аз?

-Шет елден моңғол қызын шақырдық. Сонымен қатар, жаттықтырушысын да елге әкелдік. Осы Галбадрахқа қарап қыздарымыз үлгі алып жатыр. Шетелден спортшы алу, әлемдік тәжірибе де бар нәрсе. Тағы бірнеше жылдың ішінде бұдан да жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізетінімзге сенімдімін. Қыздардың да жетістіктерін атап өткен жөн. Азия біріншілігінде Мариан Урдабаева жеңіс тұғырынан көрінсе, Алматыдағы Гран Приде Альбина Амангельдиева финалға шықты.

Сұхбатыңызға рахмет,

әңгімелескен Әйгерім Тоқсанбек

Материалды қолдансаңыз Қазақстан дзюдо федерациясының сайтына сілтеме жасауларыңызды сұраймыз (www.fdk.kz).

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар