Манарбек Ағайдаров: «Ел спортының болашағы үшін аянып қалмаймыз»

19:35 | 28 қараша 2014

Ел спортындағы қайраткерлердің бірі, талантты самбошы, білікті басшы ретінде танылған Манарбек Ағайдаров confederation.kz сайтына арнайы сұхбат берді. Бүгінде Жамбыл облыстық дзюдо, самбо және қазақ күресі федерациясының президенті, ауыр атлетика федерациясы мен еркін және грек-рим күресінен облыстық федерациясының вице-президенті қызметін атқаратын Манарбек аға аймақтағы спорттың дамуы туралы тұщымды ойларымен бөліскен болатын.

1

- Манарбек Ержанұлы, әрбір адам — өз бақытының ұстасы дейді. Сіз алдымен қай күресті таңдадыңыз? Таңдауыңыз неліктен татамиге түсті?

- Әкем Ержан бала кезімнен мені халықтың баласы етіп тәрбиеледі. Аптаның демалыс күндерінде, айтулы мейрам кездерінде қаладағы спорттың әр түрінен болатын жарыстарға және домбыра, баян сатып әперіп театрға, концерттерге алып баратын. Қазір ойлап отырсам, бұл әкем мен шешемніңмені спортқа, өнерге қызықсын, бос уақытын қалай өткізуді өзі таңдасын деген ізгі ойынан туған екен. 12 жасымда әкеммен ақылдасқан анам мені қаладағы «Динамо» спорт кешеніндегі самбо күресінің үйірмесіне жетелеп апарды. Самбо – менің қалауым болатын. Үлкен спортқа мен осылай келдім. Самбо кейін өмірлік таңдауыма айналды. Ал орта мектепте жақсы оқып, үлгілі оқушылар қатарынан болдым.

- Сізге үлкен спорт әлеміне бағыт берген бапкеріңіз кім? Сіз ол адамның қандай қасиеттерін бойыңызға сіңірдіңіз?

- Мен бапкер таңдауда жолым болған адаммын. Өйткені, ҚазССР, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақыт Марат Нұрмағанбетұлынан тәлім алдым. Сол кісінің ақыл-кеңесі мен тәрбиесінің арқасында кілемде абыройымыз асқақтады. Марат ағаның ең ізгі қасиеттерін бойымызға сіңірдік. Атап айтар болсам, ұстазымнан адалдықты, еңбекқорлықты үйрендім. Бапкерім тек кілемде қалай күресу керектігін үйретіп қана қоймай, өмірде өз орнымызды табуға да көмектесті. Ол бізді үнемі жеңіске ғана жетелейтін.

- Спорт әлеміндегі тырнақалды табысыңыз туралы айтып өтіңізші. Алғашқы жеңіске жеткен күніңіз есіңізде шығар?

- Әрине, ең алғаш жеңіске жеткен сәтін ешбір спортшы ұмытпайды. Өйткені, сол бір тәтті кезеңді естен шығару мүмкін емес. Тұңғыш рет самбодан Ташкент қаласында Бүкілодақтық ірі жарыста жеңімпаз атандым. Жасым 15-те еді. Қарымды қарсыластармен жолықсам да, жеңіске деген жігерімнің арқасында топ жарып шықтым. Ол кездері одақтық жарыста жеңімпаз атанудың құны тым қымбат болатын.

- Сіздің спорттық ғұмырыңыздағы ең қымбат медаль деп қай жүлдеңізді айтар едіңіз?

- Мен үшін 19 жасымда ҚазССР чемпионы атанғанда алған жүлдем өте ыстық. Өйткені, менің спорттық ғұмырымдағы айтулы жеңістеріме тап осы медаль жол ашқан болатын. Кейін ҚазССР чемпионатында бес мәрте чемпион атандым.

- Өзіңіздің спорттық карьераңызға көңіліңіз тола ма? Спортшы ретінде бағындыра алмаған белесіңіз, әттеген-ай дейтін сәттеріңіз болды ма?

- Шынымды айтсам, спорттық карьерама спортшы есебінде көңілім толмайды. Себебі, Азия және әлем чемпионаттары мен Олимпиада шыңдарына жете алмадым. Әр спортшы үшін жоғарыда айтып өткен жарыстардың орны бөлек болады ғой. Өкінішке қарай, маған бұл биіктер бағынбай кетті. Әйтсе де, өткенге өкінуден келер пайда жоқ. Бүгінде еліміздің мерейін асыратын азаматтарды тәрбиелеуге үлес қосып жүрміз.

- Спорттық ғұмырыңызды қашан аяқтадыңыз және оған не себеп болды?

- 24 жасымда үлкен спортпен қоштасып, кілемнен кеттім. Өйткені, оң аяғыма жасалған ота әрі қарай күресуге мүмкіндік бермеді де, спортқа қош деуге тура келді. Менің спорттағы ең өкінген кезім деп осы кезеңді айтар едім. Нағыз жалындап тұрған шағыңда жарақаттың жолыңды байлағаны жаман.

- Жақсы балуаннан жақсы бапкер шықпауы мүмкін. Бұл өте күрделі және ауыр жол. Алайда, сіз дәл осы жолды таңдадыңыз... Неліктен?

- Жарақат алып, күреспейтінім белгілі болған соң, бапкер боламын деп шештім. Ондағы мақсатым - өзімнің Марат ағам сияқты ұлы бапкер болсам, өзім жетпеген биіктерге шәкірттерімді, яғни, қазақ ұлдарын жеткізсем деген ой. Өзім спорттағы несібемді толық алмаған соң, қазақ балаларынан қарымды спортшыларды шығаруды армандадым. Бойымдағы күш-қуатымды, бар білгенімді балаларға үйреткім келді. Аллаға шүкір, бүгінде жемісті еңбек етіп келеміз.

- Әрине, бастапқыда спортшы үшін бапкердің орнында болу оңай болмаған шығар. Сол кезде әсеріңізді еске түсіре кетсеңіз.

- Спортшыдан бапкерге ауысудың күрделі де ауыр жол екенін жас балалармен жұмыс жасағанда, сол шәкірттерімді жарыс жолына шығарғанда түсіндім. Бұрын спортшы өзің болғандықтан көп нәрсе біліне бермейді екен. Шәкіртіңе бар білгеніңді үйретіп, ең шешуші сәттерде кілем шетінен қарап тұру оңай емес. Одан бөлек, бапкер балуанға тек кілемде орындалатын әдіс-тәсілдерді ғана үйретпейді ғой. Өзіңнің жауапкершілігіңе алған соң, оның тәртібі мен өмірден өз орнын табуға көмектесу де бапкер мойнында. Яғни, бір адамды тәрбиелеп шығару оңай емес. Мен бапкерлікті қиындығы мен рахаты бірдей мамандыққа балар едім.

- Өзіңіздің бапкер ретіндегі басты жетістігіңіз туралы сөз қозғасақ...

- 1985 жылы институтты бітіргеннен кейін облыстық спорт мектебіне бапкер болып орналастым. 1 жылдан кейін облыстағы жастар құрамасының аға бапкері болып жұмыс істедім. Облыс орталығындағы колхозшылардың, малшылардың балаларын таңдап алып және бұрын өзіммен бірге күрескен, менен 5-10 жас үлкен спортшылардың ұлдарын жинап, соларды кішкентай кезінен спортқа баулыдым. Яғни, спортшыларды жаттықтырып, самбо күресінен халықаралықдеңгейге шығара алдым деп ойлаймын. 1993-1999 жылдары Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері міндетін атқардым.

- Өзіңіз тәрбиелеген спортшылардың жетістіктерімен таныссақ...

- Әрине, талай шәкіртім дүбірлі додаларда топ жарды. Бұл менің бапкер ретіндегі мерейімді асырады. КСРО кезінде, яғни, 1986-1990 жылдары Бағлан Айнақұлов пен Бауыржан Мұсаев есімді шәкірттерім бүкілодақтық жастар ойындарында күміс жүлдегер атанды. Егемендік алған жылдары жетістігіміз еселене түсті. Арман Ташметов жастар арасында Азия чемпионы, жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Самбо күресінен жастар арасында әлем чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы Алмас Бейсен та менің шәкіртім. Самбо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы Жалғас Серікбаевтың жетістігімен мақтанамын. Олардың барлығы да халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.Самбо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жеңімпазы және ересектер арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Дидар Молдағалиев, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Тамбиев, Азия чемпиондары Нұрбол Жүнісбеков мен Мият Мухумов есімді шәкірттеріммен ел намысын абыроймен қорғағаны үшін мақтанамын.

- Кейін сіз басқарушылық қызметке ауыстыңыз. Өміріңіздің осы кезеңіне кеңірек тоқталып өтсеңіз...

- 2001 жылы бапкер ретінде көрсеткен жетістіктерімді бағалаған сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің қаулысымен облыстық Олимпиада жеткіншектерін даярлайтын кешенді мектептің басшысы болдым. 2004 жылы Жамбыл облысында мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылған соң, аталған мекемеге директор болып тағайындалдым. Бүгінге дейін осы қызметімдемін. Жалпы алғанда спорт мектептерінде 14 жылдан бері директорлық қызмет атқарып келемін. Соның соңғы 10 жылын спорттағы мектеп интернатында өткізіппін. Интернаттың 10 жылдығын да атап өттік. Бұл айтулы датаны еркін күрестен спорт мектептері арасында тойлаған едік. Елімізге дарынды спортшылар сыйлап, Қазақстанның абыройын асқақтатқан талай шәкіртті тәрбиелеген бұл интернатты республикамыздағы спорт саласының басшылары келіп көрді. Елсияр Қанағатов, Дәулет Тұрлыханов, Тастанбек Есентаев сынды ағаларымыз жоғары баға берген біздің мектеп-интернат еліміздегі үздік спорт мектептерінің бірі болып саналады.

- Мектеп-интернаттан түлеп ұшқан атақты спортшылар деп кімдерді айтар едіңіз?

- Жоғарыда айтып өттім, біздің мектеп-интернаттан ел намысын абыройымен қорғаған дарынды спортшылар өсіп шықты. Олардың арасында еркін күрестен Азия чемпионы Мейіржан Әшіров, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Бақтияр Сұлтанбек, күрестің осы түрінен құрлық додасының күміс жүлдегері Руслан Сексенбаевтар бар. Дзюдодан Еуропа кубогі мен Гран-при турнирінің күміс жүлдегері Ертуған Төренов, Азия чемпионатының қола жүлдегері Дәулетхан Жақыпов, Қазақстан чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Жеңіс Сайлаубай да біздің мектеп-интернатымызда тәлім алады. Олар дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері. Грек-рим күресінен Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жансерік Сәрсенбиев, жастар арасындағы Азия чемпионы Әбунасыр Өмірзақовтың болашағына үмітпен қараймыз. Бокстан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Алуа Балқыбекова біздің мектептің ғана емес, қазақ елінің де даңқын арттырып жүр.

- Ал мектеп-интернатта тәлім алатын спортшылардың ішінде ұлттық құрама мүшелері бар ма?

- Әрине, бар. Жоғарыда айтып өткен Ертуған, Алуа, Мейіржан, Жансеріктен бөлек, Ақерке Наурызбаева атты спортшы қызымыз бокстан ұлттық құрама сапында. Азамат Исақұлов есімді боксшымыз да бас команда қатарына алынды. Оразәлі Ермекбаев дзюдодан ұлттық құрама мүшесі.

- Бүгінгі таңда білім алып жатқан жасөспірімдердің ішінде болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар деп кімдерді атар едіңіз?

- Қуанышқа қарай, біздің интернаттағы сапалы мамандар үздік спортшыларды дайындауда. Бокстан ел чемпиондары Нұрболат Қожахмет пен Айдын Батал, еркін күрестен еліміздің 3 дүркін чемпионы Алмас Жұмабаев, таеквондодан ел біріншілігінің 3 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының қатысушысы Рабил Сағитжанов, дзюдодан еліміздің 3 дүркін жеңімпазы, Еуропа кубогінің күміс жүлдегері Аида Карчаева есімді спортшылар келешекте ел үмітін ақтайды деген сенімдемін. Одан бөлек, дзюдошы Ахмет Дәулет, грек-рим күресінің шебері Төлеген Кемалов, боксшы қыздар Эльмира Нұртай, Арайлым Бекділда, Мәриям Жарылқасын және Жазира Шажировалардың аяқ алысы қуантады. Ал ауыр атлетикадан ел чемпионы Сәтімбек Бекарыстың бағындырар биігі мол деп есептеймін. Жалпы, спортшылардан бірден нәтиже сұрау әбестік. Өйткені, жастайынан қатты салмақ түсіріп жіберсек, спортшы ересектер қатарына келгенде күшін сарқып алуы мүмкін. Сондықтан, бәрін өз ретімен, жүйелі түрде орындау керек деп ойлаймын. Ал біздің мектебіміз қатты ауқымды болмаса да, жас өрендеріміз айтулы жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Жасөспірімдер Олимпиадасына да қатысып үлгерді шәкірттеріміз. Мектеп-интернатта барлық жағдай жасалған. Оқушылар алаңсыз сабақтарын оқып, спортпен шұғылдануда.

- Мектеп-интернаттың инфрақұрылымымен таныстырып өтсеңіз. Қандай жұмыстар жүзеге асырылуда? Оқушылар спорттың қай түрінен қабылданады? Бапкерлер құрамы қандай?

- Біздің интернаттың басты мақсаты – сапалы білім және саналы тәрбие беру, шәкірттерді спорт шыңына жетелеу. Яғни, педагогикалық ұжымның кәсіби біліктілігін, шеберлігін арттыра отырып, мықты спортшы ғана емес, рухани дамыған, Отанын сүйетін, елінің даңқын шығара білетін, спортты біліммен ұштастыра білетін ұрпақ тәрбиелеу. Біздің мектебіміз 2004 жылы желтоқсан айында есігін айқара ашты. 176 адамға арналған жатақхана, 400 оқушы сыятын оқу корпусы, сауықтыру орталығы мен 3 спорт залы және 3 ойын алаңы бар. Еркін және грек-рим күресі, дзюдо, бокс, таеквондо және ауыр атлетикадан спорт бөлімдері жұмыс істейді. 24 бапкер еңбек етуде. Мектебімізде тәрбие бөлімі, медицина бөлімі, әдістемелік жұмыс орталығы, кітапхана, мұражай және мәжіліс залы бар.

- Жамбыл облысындағы спорттың дамуына қандай баға бересіз?

- Біздің Әулиеата өңірінен қазақтың даңқын аспандатқан ұл-қыздар түлеп ұшты. Елімізге танымал Ермахан Ыбырайымов, Марат Мәзімбаев, Бақтияр Артаев сынды күрзі жұдырықты жігіттеріміз бар. Ал қазіргі уақытта Лондонда ел байрағын биікке көтерген Ақжүрек Таңатаров, қазақ күресінің майталманы Бейбіт Ыстыбаев, дзюдодан шыққан жас таланты Елдос Сметов пен кеше ғана әлемдік доданы бағындырған Жасұлан Қыдырбаевтар ел намысын абыройымен қорғап жүр. Бұл Жамбыл облыстық спорт басқармасының дұрыс жолда екенін, өнімді еңбек атқарып жатқанын көрсетеді.

- Жақында Жамбыл облысының тумасы Елдос Сметов тарихта тұңғыш рет дзюдодан Азия ойындарының чемпионы атанды...

- Елдос Сметов өте талантты спортшы. Біз оны спорттағы ең биік шың – Олимпиада биігінен көреміз деген үміттеміз.

- Спорт саласында талай жылдар қызмет етіп келесіз. Жалпы еліміздегі самбо және дзюдо спортының қазіргі жағдайына көңіліңіз тола ма?

- Сөз жоқ, дзюдо да, самбо да елімізде жақсы даму үстінде. Әсіресе, Олимпиада ойындарының бағдарламасына енетін дзюдоның Қазақстандағы қарқыны қуантады. Талантты спортшыларымыз әлемдік сындарда абыроймен өнер көрсетіп жүр. Дзюдо федерациясы мен спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы спорттың осы түрін дамытуға ерекше күш салып жатыр. Нәтижесінде, дзюдошыларымыз Гран-при жарыстарында, Азия ойындарына сәтті өнер көрсетуде. Самбошыларымыз да көштен қалып жатқан жоқ. Спортқа өмірін арнаған адам ретінде, менің самбо мен дзюдоның даму қарқынына көңілім толады.

- Биыл өткен ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында жас талант Жасұлан Қыдырбаев чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бұл спортшы сіздің мектеп-интернатыңызда білім алды. Көз алдарыңызда өскен талантты спортшы туралы не айтасыз?

- Жасұлан Республикалық спорттағы дарынды балалар спорт интернатында оқыды. Алматы облысы Талғарда ауданында туылған. Ауыр атлетикадан Жамбыл облысының түлегі. Облыстық Олимпиада орталығында, одан кейін облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде дайындалып, жастар арасында 2-рет Азия чемпионы, жастар арасында әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған. Өздеріңіз көрдіңіздер, күні кеше ғана ересектер арасында Жамбыл облысының атынан Қазақстан құрама командасының сапында қазақтан шыққан тұңғыш әлемге чемпионы атанды.

Соңғы 3-4 жыл оның қалай жаттыққанын көріп бақылап жүрдім. Сондағы көңілге түйгенім, спортшы он жерден талантты болса да, жалқаулық жар бермесе, еш нәтиже шықпайды.

Жасұланның үлкен қасиеті - талмайтын еңбекқорлығы және таланты. Мен оның еңбекқорлығына тәнтімін. Елдос Сметов, Дәулетхан Жақып, Жасұлан Қыдырбаев және тағы да басқа талантты спортшыларға тек сәттілік тілеймін.

- Алдағы жылға жоспарларыңыз қандай?

- Спорт саласында жүргеннен кейін, жоспарлы түрде жұмыс істеуді жалғастырып, жаңа жеңістерге қол жеткізуді ойлаймыз.

- Сіздің қандай да бір хоббиіңіз бар ма?

- Бос уақытымда футбол ойнап, аңға шығамын. Кітап оқып, бизнеске көңіл бөлемін.

- Әңгіме соңында отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...

- Орынкүл есімді анам бар. Шұға атты әпкем, Мейрамбек деген інім бар. Ғалымбек, Қайсар деген екі ұлдың және Айжан, Ләйлә атты екі қыздың әкесімін.

- Әңгімеңізге рахмет!

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар