Ерсің, Елдос!

Азия ойындарындағы керемет нәтижеден соң Елдос Сметов жанкүйерін тағы да қуантты. 60 келіде сынға түсетін балуанымыз Астанадағы әлемдік Гран-при турнирінде қарсылас шыдатқан жоқ (10-12 қазан, «Сарыарқа» велотрегі).
Азиаданың финалы секілді, Сметовке бұл жолы да моңғол балуаны қарсылас атанды. Бұл жолы былтырғы әлемдік сынның күміс жүлдегері Амартувшин Дашдава біздің дзюдошымен шеберлік байқасқан болатын. Балуандар татамиге шыққан соң көрермен Елдостың керемет өнеріне тәнті болды. Бірінші секундтардан бастап басымдық алған Сметов Дашдаваға еш айла қалдырған жоқ. Иә, моңғол балуаны бәрін өзгерткісі келген. Бірақ, оның қолынан ештеңе де келмейді. Шамасы, дәл қазіргі бабында Елдосты тоқтату ешкімнің қолынан келмейтін шығар. Таблодағы 10:0 есебі кейін 100:0-ге айналды. Иппон! Таза жеңіс! Біздің чемпион нағыз бабында екен! Қуан Қазақстан!
Елдос Сметов:
- Бүгін маған жеңілуге болмайтын еді. Менің жеңілгенімді жанкүйердің кешірмесі анық. Мұндай дүбірлі дода өз еліңде өтіп жатқанда, бүкіл жанкүйер тақым қысып отырғанда, күміс туралы ойлауға бола ма?! Иә, Инчхоннан кейін мен шаршадым. Алайда, Азиада алтыны да менің жеңілуімді ақтап алмас еді. Сондықтан, мен өз жерімізде Әнұранымыз қалықтау үшін бар күшімді салдым. Бүгінгі қарсыласым өте мықты балуан. Жалпы, моңғолдардың қандай екенін білесіздер. Азиада финалында әлемнің қазіргі чемпионы, рейтингте бірінші тұрған балуанмен жолықсам, бұл жолы өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерімен белдестім. Менің оларға деген құрметім ерекше. Керемет дзюдошылар!
Өкінішке қарай, Жансай Смағұловтың (66 келі) финалдық белдесуі ұзаққа созылған жоқ. Жапондық Юки Хашигучи кездесуді тез арада аяқтап («иппон»), жеңіске жетті. Осылайша, 66 келідегі бүгінгі чемпион Қазақстанның үш балуанын да ұтты. Наурызбек Майлашев, Азамат Мұқанов және Жансай Смағұлов...
0 пікірлер