Шолпан Қалиева: «Олимпиада чемпионын тәрбиелегім келеді»
Қазақ дзюдосының жанкүйерлері үшін Шолпан Қалиеваның орны тым бөлек. Пусанда өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанып, Бейжің Олимпиадасында үздік бестікке кірген талантты спортшы бүгінде бапкерлікке бет бұрды. Біздің сайт 8 наурыз қарсаңында еліміздегі жас жаттықтырушылардың бірі Шолпанды көктемнің ең нәзік мерекесімен құттықтап қайтқан болатын.
- Шолпан, көктемнің алғашқы мерекесі құтты болсын!
- Көп рахмет! Қыстың ызғары әлі кете қоймаған соң, мерекені шын сезіне алмай жүргенмін. Сіздердің құттықтауларыңыз көңіл-күйімді біраз көтеріп тастады!
- Сіз үшін қуаныштымыз! Татамиден кеткен соң, тасада қалмай, бапкер атаныпсыз. Бұл саланың қыр-сырына бойлап жатырсыз ба?
- Мен ес білгелі бері жаттығу залында, татамиде жүрмін. Дзюдоға сыңарым Айман екеуміз бала күнімізде ден қойғанбыз. Оның үстіне, әкеміз Сейдолла осы саланың нағыз маманы. Сол себепті, бапкерлік қызмет маған таңсық емес. Иә, көпшілік мені спортшы ретінде таниды. Алайда, мен жаттықтырушылық жолымды Бейжің Олимпиадасынан бұрын бастағанмын. Бір қызығы, біздің елде емес, алыс Канадада кірістім қызметіме. Принц Альберт қаласында бір жыл жұмыс істеп, жас балаларға дзюдо әліппесін үйреткен болатынмын.
- Шолпан Қалиеваның бапкерлік ғұмыры сонау Канадада басталғанын көп ешкім біле бермейді. Үйеңкі жапырақтылар еліне жолыңыз қалай түсіп жүр?
- Ол кезде менің жасым біразға келіп қалғандай көрінді (күлді). Егер айналамдағы адамдар түсіністікпен қарағанда, Канадаға кетпес те едім. Біраз адамнан «Шолпанның жасы келді, ұлттық құрамадағы орнын босатқаны дұрыс» деген пікірлер естідім. Оған қоса, өзім де күресте сәл үзіліс алғаным жөн шығар деп жүр едім. Кеңес одағы кезінде дзюдодан әлем чемпионы атанған молдовалық Федор Лазаренко деген маман сол кезде мені Канадаға жұмысқа шақырды. Ойланбастан келісім бердім де, Принц Альберт қаласындағы кішкентай балаларды жаттықтырдым. Алғашында оңай болған жоқ. Ағылшын тілін білмеймін, балғын спортшыларға қалай түсіндіремін деп қобалжыдым. Бірақ спорттың тілі ортақ қой. Күн сайын жаттығуды ойыннан бастаймын. Балалар болса, ойынға тез алданады. Осылайша, канадалық біраз бүлдіршін дзюдо әлеміне жол тартты.
- Бұл кезде Бейжің Олимпиадасына іріктеу жүріп жатыр. Ал сіз жас спортшыларды тәрбиелеп жүрсіз...
- Дұрыс айтасыз. Бір жылдан соң, маған елдегі бапкерлер хабарласып: «Шолпан, сен елге орал. Ұлттық құраманың есігі саған қашанда ашық. Бейжің Олимпиадасына міндетті түрде қатысуың керек. Себебі, сенің әлі татамиден алар несібең бар» деді. Сондай-ақ,құрамада менің орныма келген жас қыздар әлі піспеген еді. Осы кезде Лазаренконың маған құнды кеңес бергенін айта кеткен жөн. Ол кісі «Шолпан, сенде қазір Олимпиадаға қатыссам деген арман да, мүмкіндік те бар. Ендеше, дер кезінде пайдалан. Мұндай мүмкіндік қайта-қайта келе бермейді. Жасым біразға келсе де, Олимпиадаға қатыссам деп мен де армандаймын. Бірақ еш мүмкіндік жоқ» деп, Федор мені қайтадан жаттықтыра бастады. Осылайша арасында балаларға әдіс үйретіп, арасында өзім жаттығып, Бейжің Олимпиадасына жолдама ұтып алдым.
- Бүгінге дейін сіздің Бейжің Олимпиадасындағы жетістігіңізді Қазақстан қыздар құрамасынан ешкім қайталаған жоқ. Төртжылдық додасына дайындықты қалай өткердіңіз?
- Мен Канадада жаттығып, Олимпиадаға тура сол жақтан барғым келген. Бірақ, тапсырма бойынша соңғы оқу-жаттығу жиынын ұлттық құрамамен бірге Қарағандыда өткізу керек болды. Міне, сол кезде мен тамақтан уланып, қатты ауырып қалдым. Он шақты күн ауруханада жатқан соң, бапкерлер мені қайтадан тізімнен сызғалы жатыр екен. Дәрігерлер рұқсат етпесе де, ауруханадан өз еркіммен кетіп қалып, қайтадан жаттығуға кірістім. Алайда, көп күш жоғалтып алғанмын. Сол аздап кері әсерін тигізді. Менің жеңіске деген жігерім мықты болатын. Бейжіңде ауырып күрескеніме қарамай, 5-і орын алдым. Қанша жерден қиналсам да, соңына дейін шыдап, намысты қолдан бермеуді бала кезімізден бар қасиет. Татамиге шыққан бойда, қарсыластың көзіне тіке қарау әдеттендім. Бапкерлер маған көзің от шашып тұрады, жанарыңда жалын бар дейтін. Міне, осы жалынды мен бүгінгі құрамадағы қыздардан көре алмай жүрмін.
- Иә, дзюдодан Қазақстан қыздар құрамасының қазіргі көрсеткіші көңіл қуантпайды...
- Өткен жылы ұлттық құраманың бас бапкері Жәкен Саламатов мені өзіне көмекші етіп алды. Шыны керек, бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Өйткені, спортшылық ғұмырым аяқталған соң, бәрібір дзюдоның айналасында жүргім келетін. Оның үстіне, қыздардың біразын танимын. Гүлжан Исанова, Мариан Ордабаевалармен ұлттық құрамада бірге болдым. Сондықтан, маған бұл міндет қатты қиын болған жоқ. Алайда, құрамадағы қыздарға әлі біраз жетілу керек сияқты. Жақында Дюссельдорфта өткен «Гран-При» турниріне біраз спортшыны алып бардық. Өкінішке қарай, олардың ұтылып қалатынын киім ауыстыратын бөлмеде тұрып-ақ көріп қойдым. Көздерінде от жоқ, күйіп кеткендері көрініп тұр. Меніңше, біздің қыздарға көп дайындық керек әлі. Содан соң, олардың іргетасы дұрыс қаланбаған секілді. Мәселен, Айман екеуміз жақсы бапкерлердің қолына түстік. Олар бізге бала күнімізден дұрыс бағыт берді. Қыз бала екен деп аяған жоқ, ерлермен бір деңгейде жаттығу жасайтынбыз. Өкінішке қарай, еліміздің бар аймағы мықты жаттықтырушылармен, спорт залдарымен мақтана алмайды. Сол себепті, біздерге аймақтардағы, әсіресе, ауылдағы дзюдоны дамытуға ден қою қажет.
- Мүмкін, аймақтағы бапкерлерге шеберлік сабағын өткізу керек шығар...
- Иә, әр облыстарға барып семинар өткізуді көптен бері ойлап жүрмін. Бар білгеніммен бөлісуге әзірмін. Бұл аз да болса аймақтардағы дзюдоның дамуына септігін тигізер еді.
- Түсінікті. Әңгіме арасында ұлттық құрама қыздарының біразымен бірге өнер көрсеттім деп қалдыңыз. Құрамадағы құрбыларыңызға бапкер көзімен қараған қалай екен?
- Алғашында аздап ұялатынмын. Жақсы таныс, достар болған соң, кей кездері қатты айтуға қысылатын кездер болды. Өзіңмен бірге құрамада жүрген қыздарға кеңес беріп, нұсқау көрсету үшін де біраз білім керек. Арасында «Шолпан, мен бүгін жаттығуға кешігіп келемін. Дайындыққа бара алмаймын, шаруаларым шығып қалды» дегендер де болды. Әрине, мен бәрін сыйлаймын, жақсы көремін. Бірақ спортта тәртіп болмаса, нәтиже күту бекер. Сондықтан, дереу жиналып, қыздарға бәрін айтып түсіндірдім. Өмірде біз жақсы араласамыз, ал татамиде бұл сыйластықты аз уақытқа ұмыта тұрайық дегенге келтірдім. Өйткені спортта ең керегі нәтиже. Ал нәтиже болу үшін тәртіп керек. Құдайға шүкір, қыздармен жақсы сыйласамыз. Бәрімен сәлемім түзу.
- Қазір жас балаларға да дәріс береді екенсіз...
- Иә. Құрамадан босаған күндері балғын спортшыларға бар білгенімді үйретемін. Шынымды айтсам, кішкентай балалармен жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Болашақта Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарсам деген арманым бар! Еліміздің көк туын дзюдошы қыздарымыз желбіретсе екен деген ойдан арылған емеспін!
- Жаттығу барысында әкеңізбен ақылдасып тұрасыз ба?
- Әрине! Әкемнен үнемі кеңес сұраймын. Кейде ол менің пікірімді сұрайды. Әрдайым пікір алмасып тұрамыз.
- Айманмен де жиі сөйлесіп тұрасыз ба?
- Күн сайын қанша рет сөйлесетінімізді айтсам, санынан жаңылып қалатын шығармын (күлді). Үнемі байланыстамыз!
- Қазір құрамада кімнің басты жанкүйерісіз?
- Гүлжан Исанова қандай да бір Олимпиада жүлдесін иелік етсе екен деп тілеймін. Оның жеңіске деген жігері мен Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
0 пікірлер