ҒАЖАЙЫП АЛТЫЛЫҚ. ЕЛ ДЗЮДОСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ КІМДЕР?

18:13 | 02 ақпан 2016

Қазақ дзюдо құрамасы Астанада бір алтын, бір күміс алғаннан соң татамиге көз тігер жанкүйер саны артты. Құрамадағы бәсеке де жоғары. Сметов, Мұқанов, Ибраев, Жұмақанов сынды балуандардың ізін басып келе жатқан жастар да бар. Бүгін «Аламан» назарларыңызға болашағынан үлкен үміт күттірер бес жас дзюдошы туралы сөз қозғамақ.

Берікбол ТӨЛЕГЕН

Соңғы жылдары елімізде дзюдо күресі жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Ұлттық құрамадағы ересектер мен жастарымыз әлемдік додаларда талай мәрте топ жарып жүр. Өткен жылы ғана Астанадағы әлем чемпионатының финалында қос қазақстандық балуан белдесіп, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтауы осының дәлелі. Астанада өткен әлем чемпионатынан кейін іле шала 21 жасқа дейінгі дзюдошыларымыз Әбу-Дабиде жастар арасындағы әлем чемпионатында бақтарын сынады. 55 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин алтын, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Никита Азаров қола медальға қол жеткізді. Халықаралық Дзюдо Федерациясы ұсынған рейтингінің көмегімен болашағынан үміт күттіреді деген жас дзюдошыларымыздың бестігін назарларыңызға ұсынамыз.

  1. e6bea259cc0b0a955533055871ff7b32.jpg

1. Мағжан Шамшадин, 18 жаста (55 кг)

Жастар арасындағы ең титулды дзюдошымыздың бірі. Әлемдік рейтингте 620 ұпаймен көш бастап тұр.

Кадеттер арасында 2013 жылы Азия чемпионы, 2014 жылы Азия және Европа чемпионаттарының қола жүлдегері. Жастар арасында 2015 жылы Прагада өткен Европа чемпионаты мен Әбу Дабидегі әлем чемпионатында алтын медаль иегері.

Мағжан Шамшадин жастар арасында 55 келі салмақта чемпион болған екінші қазақ. Бұған дейін бұл атақты 2010 жылы Елдос Сметов иеленген болатын. «Мақсатым ересектер арасында әлем чемпионаты мен 2020 жылғы олимпиада ойындарын ұту» дейді жас спортшы.

e3f4af0b0d21af1c2c003b74b879b606.jpg

2. Никита АЗАРОВ, 21 жаста ( -100 кг)

Азаров жастар арасындағы әлемдік рейтингте оныншы орында тұр. 2015 жылы Прагадағы Европа чемпионатында жетінші болып аяқтаса, Әбу Дабиде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Спорттық карьерасында өткен жылы ғана ірі турнирлерге қатысқан. 100 келіге дейінгі салмақ біздің елімізге құт әкелген салмақ десек артық болмас. Олимпиаданың күміс жүлдегері Асхат Житкеев пен Әлем чемпионы Максим Раков осы салмақта жүлде алған еді.

2c3055ed5ffcc13a13f582b8e8877918.jpg

3. Бауыржан ЖАУЫНТАЕВ, 18 жаста (55 кг)

2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында барлық қарсыластарын жеңіп, чемпион атанған. Бірақ ол 2015 жылы жарақатына байланысты біраз жарыстарды жіберіп алды. Биыл Жауынтаев Азия және Еуропа ашық кубоктарына қатысады

4. Жақсыбек ЖЕҢІСБЕК, 19 жаста (60 кг)

2012 жылдан бері үш салмақ дәрежесінде (50, 55, 60 кг) күрескен. 2015 жылдан 60 келіге дейінгі салмақта күреседі. Спорттық карьерасында Мастерс турнирінде 2012 жылы қола, 2014 жылы күміс медаль иеленген. Европа чемпионатында 3 алтын, 1 күміс жүлдеге қол жеткізген. Әлемдік рейтингте 60 келі салмақта 20- орында тұр. Жақсыбек екі – үш жылдан кейін ересектер арасында ұлттық құрамада 60 және 66 келіге дейінгі салмақта топ жаратын дзюдошыларымыздың қатарынан көруіміз бек мүмкін. Жеңіл салмақ дәрежесінде бәсекенің жоғары болатыны белгілі.

163e4866448310d4889b36677170c3dc.jpg

5. Дидар ХАМЗА, 18 жаста (73 кг)

2012 жылдан 66 және 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күреседі. Кадеттер арасында Азия чемпионатын екі рет ұтқан (2012, 2014 ж) және 2013 жылы қола жүлдеген атанған. Одан бөлек кадеттер арасында 2013 жылы әлем чемпионатында қола, Европа чемпионатында үш рет қола жүлдеге қол жеткізген (2012, 2012, 2014 жж). Жастар арасында өткен жылы европа чемпионатында Прагада бесінші, Петербургте екінші болған. Дидар Хамза жастар арасындағы әлемдік рейтингте 20 – орында (194 ұпай).

7efe7d9e7dde78f95164fc4cd11f7416.jpg

6. Жанар ҚАШҚЫН, 20 жаста ( -70 кг)

Қыздарымыздың көрсеткіштері аса мардымды емес. Әйелдер құрамасында жақсы нәтиже көрсетіп жүрген дзюдошы қыздарымыздың бірі — Жанар Қашқын. Жанар болашағынан зор үміт күттіреді. Кадеттер арасында 2013 жылы Азия чемпионатында күміс, Нанкиндегі жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қола алған. 2013 жылы кадеттер арасында Европа чемпионатын жеңген. Жастар арасында Европа чемпионаты мен Азия чемпионаттарында да жүлдегер атанған. 2015 жылы жазғы Универсиада ойындарында қола медаль иеленген. Жанар Қашқын әлемдік рейтингте 207 ұпаймен 18 – сатыдан орында тұр.

Еліміздің дзюдо федерациясы Моңғолиядан Галбадрах Отгонцэцэгті алдыруының өзі әйелдер құрамасындағы бәсекелестікті жоғарылатуды көздегендей. Жанар Қашқын, Гүлфайрус Наймантаева, Перизат Қадырбекова (78 кг), Руза Духтурбаева мен Назгүл Маратова сынды дзюдошы қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетіп, ересектер құрамасына жаңа леппен қосылады деген ойдамыз.

Біз болашағынан үміт күттіреді деген бес дзюдошымызды ғана тоқталып өттік. Олардың қатарына 55 келіде Қанат Сейілханов, 73 келіде Мадияр Сембаев, 90 келіде Темірлан Қолбай және 100 келіден жоғары салмақты күресетін Әділ Оразбаев пен Еламан Ерғалиевті қосуға болады.

Дзюдо күресін қадағалап жүрген спорт журналисі Бек Төлеу «Жеңіл салмақтағы спортшылар ересектер арасында өткенде Ислам Бозбаев секілді болып қалмаса… Бастысы бәсекелестік қажет. Жеңіл салмақта жақсы дзюдошылар бар, бірақ ауыр салмақтағылар туралы олай айту қиын. Көп дзюдошылар жастар арасында жақсы нәтиже көрсетіп келіп, ересектерге өткенде өз-өздерін жоғалтып алып жатады. Бәсекелестікке шыдап бағу керек» дейді.

Аталған балуандарымыз бір – екі жылдан кейін ересектер құрамына өтеді. Ересектер арасында қандай нәтиже көрсететінін алдағы уақыттар көрсетеді.

http://www.alaman.kz

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар