ӘЛЕМНІҢ ҚОС ҮЗДІГІ СМЕТОВ ПЕН ИБРАЕВ БІР ЖОЛДАМАҒА ТАЛАСАДЫ
2015 жылы Астанадағы әлем чемпионатының финалына шыққан қос қазақ Елдос Сметов пен Рустам Ибраев биыл олимпиада жолдамасына таласады.
Берікбол ТӨЛЕГЕН
Дзюдодан 2015 жылғы әлем чемпионатының финалында екі қазақстандық спортшы белдесті. Олар — 60 келіде ел намысын қорғайтын Елдос Сметов пен Рустам Ибраев. Тең деңгейде өткен кездесуде бір шидомен Елдос Сметов алтын медальға ие болса, Рустам Ибраев күміс жүлдені місе тұтқан еді. Сөз жоқ, бұл күн тарихта қалады. Елдос Сметов бұған дейін жастар арасында әлем чемпионаты мен ересектер арасында Азия ойындарының чемпионы болса, Астанада өткен әлем чемпионатында да жеңісті жолын жалғады. Сметов бұл атақтарды жеңген тұңғыш қазақ. Ал Ибраев 1/8 финалда әлем чемпионатының жүлдегері грузин балуаны Амиран Папинашвилиді, жартылай финалда 2014 жылғы əлем чемпионы моғолиялық Болдбаатар Ганбатты жеңген тәжірибелі балуан. Алда төрт жылдықтың басты бәсекесі Рио олимпиадасы өз қатысушыларын күтеді. Олимпиадаға 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын кім қорғайды? Осы сұраққа жауап іздеп көрген едік.
Халықаралық Дзюдо федерациясының (IJF) жаңартылған рейтингі бойынша Елдос Сметов 1814 ұпаймен бесінші орында, Рустам Ибраев 1 568 ұпаймен сегізінші орында тұр. Екі спортшының арасында 246 ұпай айырмашылығы бар. Көш басында жапониялық дзюдошы Наохиса Такато (2066 ұпай). Осы салмақта белдесетін өзге қазақстандық спортшылар Айбек Имашев — 23, Асхат Тельманов — 41, Гумар Қырғызбаев 63 – сатыдан орын алыпты.
Дзюдоның қатал заңы бойынша олимпиада ойындарына бір мемлекеттен бір ғана спортшы қатыса алады. Басқа спорт түрлерінен дзюдоның ерекшелігі сол, әлем чемпионы болсаң да жолдамаға иелік ете алмайсың. 2016 жылдың 27-29 мамыр күндері өтетін «Masters» турнирінен кейін олимпиадаға кім баратындығы белгілі болады.
Елдос Сметов – 2010 – 2011 жылдары жастар арасындағы әлем чемпионатында қола және алтын медальға ие болған. 2012 жылдан бастап ересектер арасында күреседі. 2013 жылы Азия чемпионатында қола медаль, Гран При турнирінде күміс және алтын медаль алған. 2014 жылы Астанада өткен Гран При турнирі мен Инчхонда өткен Азия ойындарында алтын жүлдеге қол жеткізді. Өткен жылы Астанада өткен әлем чемпионатында алтын алды.
Көпшілік олимпиадаға Елдос Сметов барады дегенді алға тартады. Бірақ екі спортшымыздың да олимпиадаға бару мүмкіндігі тең екенін естен шығармауымыз керек. Астанадағы әлем чемпионатынан кейін Рустам Ибраев Абу-Дабиде өткен «Grand slam» жарысында қола медальға ие болса, Елдос үшін бұл жарыс сәтсіз болды. Алдағы турнирлерде Елдос сылбыр күресетін болса, жолдамаға Ибраев иелік етуі әбден мүмкін. Оны қос спортшы да жақс түсінеді.
Рустам Ибраев 2013 жылы Ташкентте өткен Әлем кубогында күміс жүлдеге, 2014 жылы Варшавада өткен дәл осы жарыста жартылай финалда Елдос Сметовке жол беріп, қола медальға ие болды. Беделді турнирлердің бірі Grand slam жарысында 2014 жылы Жапонияда қола медальға, 2015 жылы Бакуде алтын медальға қол жеткізді. 2014 жылы Қазақстан чемпионы атанса,өткен жылы Дюссельдорфедегі және Абу – Дабидегі Гран При турнирінде қола жүлдегер атанды. Спорттық карьерасы ең ірі жеңісі — Әлем чемпионатының күміс медалі.
Ибраев пен Сметов өзара үш рет кездескен. Оның екеуінде Сметов, біреуінде Ибраев жеңіске жеткен. 2012 жылы Ташкентте өткен Əлем кубогында Ибраев жеңіске жетсе, 2013 жылы Варшавадағы Əлем кубогының жартылай финалында жəне Астанада өткен 2015 жылғы Əлем чемпионатында Сметов қарсыласының осал тұсын тапқан. Екеуі бірге жеті жарысқа қатысса, оның бесеуінде Елдос (төртеуі — алтын), төртеуінде Рустам жүлдеге іліккен.
Осы жылдың 15-17 сәуір күндері Ташкентте Азия чемпионаты өтеді. Азия чемпионатында жүлдеге іліккен спортшы кемінде 160 ұпайға ие болатынын ескерсек, бұл жарыс екі спортшымызға да маңызды болып отыр. Осы ретте Рустам Ибраевтың пікірін білген едік.
— Елдос екеумізге Азия чемпионатында күресу үшін Гран – При турнирі берілді. Ақпан айында Германияның Дюссельдорф қаласында Гран При жарысына қатысамыз. Сонда кім жақсы күреседі, соны Азия чемпионатына қояды және одан кейін қайда күресетінімізді де сол кезде айтады. Қайда қойса да күресуге дайынмын.Қазір нақты олимпиадағы кім баратыны белгісіз. Ол олимпиадалық ұпайға күресетін жарыстар аяқталған соң белгілі болады, — дейді Ибраев.
Олимпиадаға бару әрбір спортшының арманы екені сөзсіз. Екі спортшы да олимпиададан үмітті. Cметов — әлем чемпионы. Ал Ибраев әлемдік рейтингте көш бастап тұрған жапон палуаны Наохиса Такатоны өткен жылғы Гран При ойындарында ипонмен жеңсе, үшінші тұрған моңғол палуаны Болдбаатар Ганбаттан да айласын асырған. Елдостың да әр жарыс сайын тәжірибесі толысып келеді. Алғашқы жылдары жапон балуандарына есе жіберсе, соңғы жарыстарда бірнеше рет жеңіске жетті.
Екі спортшының да психикасы мықты. Бұл біздің спортшыларға бола бермейтін қасиет. 2013 жылдан бері Елдос өзінің рейтингін тұрақты сақтаса, Рустам ұдайы өсіріп келе жатыр. 2013 жылы Рустам Ибраев бар жоғы 78 – орында тұрған. Екі жылдың ішінде 60 келідегі негізгі дзюдошыларымыздың бірі Асхат Тельмановты ысырып тастай алды.
Қазақстан дзю-додан олимпиадада тек бір медаль алды. 2008 жылы Пекин олимпиадасында Асхат Житкеев күміс медаль иеленген. Рио олимпиадасында жанкүйерлер 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінен алтын күтеді. Олимпиадаға кім барса да қазақ жанкүйерлерінің үмітін ақтауы тиіс.
Қазақстан дзю-до федерациясы ресми сайты еліміздің дзюдошылары олимпиада ойындарына дейін тоғыз жарыста бақтарын сынайтынын жазды. Олар:
«Grand Slam» (Париж, 6-7 ақпан),
«Grand Prix» (Дюссельдорф, 19-21 ақпан)
«European Open» (Прага, 27-28 ақпан)
«Grand Prix» (Тбилиси, 25-27 наурыз)
«Grand Prix» (Самсун, 1-3 сәуір)
Азия чемпионаты (Ташкент,15-17 сәуір)
«Grand Slam» (Баку, 6-8 мамыр)
«Grand Prix» (Алматы, 13-15 мамыр)
«Masters» (Гвадалахара, 27-29 мамыр)
Бұл турнирлердің ішінде ең көп ұпай берілетіні — Masters және Grand Slam турнирлері. Демек, алда әлі нағыз бәсеке күтіп тұр.
0 пікірлер