Азамат Мұқанов: «Клубтардың әлем чемпионатына дайындалып жатырмын»
26 жастағы Азамат Мұқановтың (66 кг дейінгі салмақ санаты) күміс медалі Рио-де-Жанейрода (26 қазан– 1 қыркүйек) дзюдодан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына түскен жалғыз медаль болды. Бразилия жарысының қорытындысы бойынша біздің команда 14-ші орын алды, ал Мұқанов елге «жалғыз батыр» болып оралды...
- Жарыстың аяқталғанына бір ай болды, бірақ адамдар мені әлі құттықтауда. Әлем чемпионаты кеше аяқталған сияқты. Көңіл-күйім көқтеріңкі (күлді). Бұл менің дзюдодағы әзірге ең жоғары наградам!
- Осыдан төрт жыл бұрын самбодан дзюдоға ауыстың. Неліктен?
- Себеп сол, ол кезде мен самбодан әлем чемпионы атандым, одан үлкен жетістікке қол жеткізгім келді. Ал дзюдо - олимпиадалық спорт түрі, сондықтан да... Басқа себебі жоқ.
- Нәтижесінде, әлем біріншілігінде екінші орын алдың. Бұл жайт сені қуантты ма, әлде ренжітті ме? Қай жекпе-жек ауыр болды?
- Финалға шығу жолында украиналық дзюдошы Георгий Зантараямен болған (2009 жылғы әлем чемптионы – автордың түсініктемесі) кездесу өте тартысты болды. Оны жеңуге бар күшімді салдым. Шын мәнінде жан беріп, жан алысқан жекпе-жек болды. Ал жапон балуаны Масами Эбинумамен болған шешуші шайқас (жапондық – 2011 жылғы әлем чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері – автордың түсініктемесі) басында жақсы басталды. Басымдыққа ие болып, екі бірдей «шидо» алдым, және алтынға шын мәнінде жақын болдым. Бірақ кездесудің соңына қарай барлық күшімді сарқып алдым білем, есе жібердім. Бір жағынан алғанда, күміс те - құрама үшін жаман нәтиже емес, бірақ қол жетіп тұрған алтынның уыстан шығып кеткені өкіндіреді. Челябинскіде өткен келесі әлем чемпионатында бірінші болуым керек!
- Алматыдағы Әлемдік Гран-приде сен қадірлі қонақ болдың. Дзюдо федерациясы 7 500 000 теңге сомаға сертификат, Конфедерация – 5 000 000 теңге тарту етті. Екеуін қоссаң, қомақты сома шығып отыр! Ақшаны қайда жұмсамақсың?
- Жоқ ә, ақшаның жұмсалатын жері белгілі (жымиды). Алматыдан пәтер алғым келеді.
- Жақсы идея! Қатыспаған Гран-при турнирі туралы бірер сөз айтып өтсең...
- Жігіттер өз алаңымызда өте жақсы өнер көрсетті. Әсіресе 60 кг дейінгі салмақ санатындағы нәтиже мені ерекше қуантты. Жеңіс тұғырына төрт бірдей қазақстандық көтерілді, мұндай нәтижені бұған дейін тек жапондықтар көрсете алған.
- Алдағы жарыстарыңа тоқталсаң...
- Биылдыққа мені екі жарыс күтіп тұр. Ол – қараша айында Астанада өтетін клубтық әлем чемпионы, онда біз өзіміздің «ТАК Astana Club» клубының абыройын қорғауға шығамыз және желтоқсан айында өтетін - Tokyo Grand Slam жарысы.
Азамат Мұқановтың 2013 жылғы әлем чемпионатындағы жеңіс жолы:
- 2012 жылғы Еуропа чемпионы ресей балуаны Алим Гадановты жеңді – бірінші раунд;
- Сингапурлық Джоэль Ценгті жеңді – екінші раунд;
- Британдық Колин Уотсты жеңді – үшінші раунд;
- Жапондық Масааки Фукуоканы жеңді– 1/4 финал;
- Украина балуаны, 2009 жылғы әлем чемпионы Георий Зантараяны жеңді– 1/2 финал
- 2011 жылғы әлем чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері жапон балуаны Масаси Эбинумадан жеңілді –финал.
Тимур Байкетаев (фото автордікі)
0 пікірлер