Асхат Жіткеев: «Максим Раков біраз ойлануы керек»
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір ғана медаль жеңіп алды. Жапондық Масами Эбинумеге есе жіберіп алған Азамат Мұқановтың (66 кг дейінгі салмақ санат) «күмісі» көңілімізге медеу болды.
- Шынын айтсам, басқа жігіттерден де үміт зор болды, себебі олар медальға өте жақын болды, дейді өз пікірімен бөлісген Олимпиада чемпионы және ҚР Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Жіткеев. – Мысалы, 73 кг дейінгі салмақ санатында өнер көрсеткен Дастар Ыкыбаев ширек финалда француз Уго Леграннан жеңіліп қалды. Екінші айналымда чехиялық Лукаш Крпалекке есе жіберген Максим Раков (100 кг дейінгі с.с.) да бабында болатын, ол жақсы нәтиже көрсетеді деп қатты күттік. Жалпы алғанда, команда жаман өнер көрсеткен жоқ. Тек тактика жағы сыр берді. Бірақ 2016 жылғы Олимпиадаға дейін жігіттер жан-жақты болады деп ойлаймын.
- Дзюдо федерациясы құраманың Бразилиядағы өнеріне қандай баға беріп отыр?
- Қазір дүниежүзінде дзюдо спортшы белсенді дамуда, әлем чемпионатының қорытындысы бойынша біз жалпыкомандалық есепте 14-ші орын алдық. Бұл жақсы көрсеткіш.
- Максим Раков – Қазақстан бойынша ғана емес, дүниежүзі бойынша да мықты деген дзюдошылардың бірі, Лондон Олимпиадасында, Бразилиядағы әлем чемпионатында да оған артылған үміт зор болды. Оның жеңілісінің себебі неде деп ойлайсыз? Мүмкін артылған салмақ ауыр шығар?
- Құрамада оған ешқандай ауыр салмақ салынып отырмағанын айтамын. Мүмкін, бірдеңе болып жатқан шығар. Максим көп ойлануы тиіс, не істеп-не қоятынын зерделеуі керек. Себебі, ол мықты дзюдошы, қайратты, еңбекқор спортшы. Кезінде жайдан-жай әлем чемпионы атанған жоқ қой. Яғни, ол үлкен нәтижелер көрсете алады.
- Келесі аптада Алматыда өтетін Гран-при турнирінен не күтесіздер?
- Құрама жақсы өнер көрсетеді, жігіттер көбірек лицензиялық ұпайлар жинайды, рейтингтерін күшейтеді деп ойлаймыз. Қазір жағдайларын күшейтіп алса, кейінгі жарыстарда оларға жеңіл болады. Жеребе бойынша да.
- Гран-прилегі негізгі қарсыластарымыз кімдер?
- Ресей, Өзбекстан. Бразилия да осал құрама әкеле жатқан жоқ.
Біздің анықтама. Жіткеев Асхат Расулұлы
1981 жылы 13 сәуірде Талдықорғанда туған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Алғашқы жаттықтырушысы - Саяхат Жомартұлы Құдайбергенов.
Жетістіктері:
Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, 100 кг дейінгі с.с. (2008).
Сидней, Афины Олимпиадаларының қатысушысыр (Сидней, 2000; Афины, 2004).
Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Мюнхен, 2001).
Азияның екі дүркін чемпионы (2003; Алматы, 2004).
Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Ташкент, 2005).
Әлем Суперкубогының күміс жүлдегері (Германия, 2001).
Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2002, 2006).
Лицензиялық халықаралық турнирдің чемпионы (Циндао, Қытай, 2007).
Халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы.
Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы.
Дзюдо федерациясындағы лауазымы - Даму жөніндегі директор
0 пікірлер