МӘРИЯМ ОРДАБАЕВА : «Сурет салып, өлең жазатынымды көп адам біле бермейді»

15:02 | 29 сәуір 2015

Егер спорт кең дала десек, әйел сол даладағы гүл, егер спорт ашық аспан десек, әйел сол аспандағы жұлдыз, егер спорт мұхит десек, әйел аққұшақ толқын, егер спорт ғажайып ғалам десек, әйел сол ғаламдағы теңдессіз.

Несіп ЖҮНІСБАЕВ.

Несіп ағаның бұл сөзін неге жазып отырғанымызды түсінген боларсыздар. Бүгінгі күні спортты серік еткен нәзікжанды арулар қаншама?! Олардың арасында өзіміздің қарагөз қыздарда жетіп-артылады. Тіпті, ауыр атлетика, бокс, күресте де қазақ қыздары баршылық. Алайда жанкүйер қауым аталған спорт түрлерімен айналысатын қыздарға басқаша көзбен қарайды. Дегенмен бұл стеротипке сәйкес келмейтін, нәзіктігі мен ғажайып сұлулығын сақтаған аруларда бар. Солардың бірі дзюдошы Мәриям Ордабаева.

Инчхондағы XVII жазғы Азия ойындары кезінде Мәриямның күресіне тәнті болдық. «Dowon Gymnasium» кешенінде өткен дзюдо сайысында 63 келіге дейін салмақта белдескен жерлесіміз қола жүлдегер атанды. Бұл оның спорттық карьерасындағы әзірге ең үлкен жетістігі болып тұр.Өткен айда дзюдодан Түркияның Самсун қаласында жалауын желбіреткен Гран-приде алғашқы айналымда жеңіп тұрып, жеңіліп қалды. Спортшы аруымыз бұл қателіктерінен сабақ алып, алдағы әлемдік додаларда кеткен есені қайтаратындығын алға тартады. Ендеше балуан қыздың әңгімесіне құлақ түрелік.

Мәриям Инчхоннан бөлек әлемдік Гран-при турнирінде үш рет үздік үштіктен көрінген балуан(Алматы-2013, Ташкент-2013, Ұлан-Батор-2014). Екі дүркін Қазақстан чемпионы. Әлем және Еуропа кубогының жүлдегері. Қазақстан Республикасының спорт шебері. Әлемдік рейтингте 34-ші орында орналасқан.

Жуырда ғана Түркияның Самсун қаласындағы турнирден оралдыңыздар. Ел үміт артқан дзюдошылардың арасында сіз де барсыз. Өкінішке қарай, алғашқы айналымда 10:0 есебімен ұтып тұрып, келесі айналымның жолдамасын қарсыласыңызға беріп қойдыңыз. Жеңісті уысыңыздан шығарып алуға не себеп?

– Оныңыз рас. Самсуннен жүлдемен ораламын деп ойлағанмын. Бірақ ойдағымыз жүзеге аспай қалды. Биыл қыста жиі ауырып, ағзам әбден әлсіреп қалған тәрізді. Күнделік жаттығу жасап, татамиде белдесіп жүрсең, жарыс кезінде де толқуға бой алдыра бермейсің. Ал бұл үдеріс үзіліп қалса, жаттығуды қайта бастап, сайысқа да алғаш шығып тұрғандай күй кешесің. Жалпы, менің күресті тәп-тәуір бастап келіп, соңғы сәттерде еркінсіп қалатын «әдетім» бар. Түркияда да жеңісті қолдан беруімнің басты себебі осы. Қазір бұл мәселені жою үшін бапкерім екеуміз тынбай еңбек етудеміз. Ендігәрі мұндай қателіктерге жол бермеуге тырысамын.

– Мамыр айында құрамамыз Кувейтте өтетін Азия біріншілігінде аттанбақ. Бұл тізімге сіз іліндіңіз бе?

– Кувейтке баратын құрам анықталды. Бапкерлер шешімімен Сары құрлық додасында мен де бағымды сынайтын болдым. Бұл жолы есе жібермеспіз. Дайындық жаман емес. Екі апта бойы жеке бапкеріммен кемшін тұстарды жою жолдарын іздеп, шешуге тырысып көрдік. Келесі аптада оқу-жаттығу жиындары өтеді. Енді білгенімізден жаңылмай, сәтті өнер көрсетсек, қоржынға жүлде саламыз деп үміттенемін.

– Бұл додада сіз үшін кімдер басты қарсылас болмақ?

– Азияда дзюдо жақсы дамыған. Әлем мықтыларының басым бөлігі осы сары құрлықта. Оңтүстік Кореядағы Азия ойындарында топ жарған кореялық дзюдошы мен жапониялық спортшыны мықты қарсылас деп айтуға болады. Моңғолияның да бұл спорттан алар үлесі аз емес. Ал Еуропада Израиль, Швеция, Австрияның көші ілгері.Сондықтын 63 келіде бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Еркінсуге, еркелеуге мүлде болмайды.

–Азия ойындары демекші, Инчхонда сізге қола жүлденің өзі оңайлықпен келмеді. Әйтпесе спорт мамандары сізді фавориттердің қатарына жатқызған болатын...

– Жеребе бойынша алдымен қырғыз қызы Гүлжаз Саимовамен кездесіп, жеңіске жеттім.Одан соң қытайлық Джунксия Янгпен болған белдесу қиынға түсті. Аспанасты елінің өкілінен ұтылып қалғаныммен, қарсыласым финалға шығып, соның арқасында жұбаныш белдесуіне мүмкіндік туды. Осындай тамаша сәт туып тұрғанда қалт жібермей, қырғыз Гүлжаз Саимованы ұтып, қолаға таласатын болдым. Ал үшінші орын үшін бәсекеде моңғол Мунгунчимег Балдорждан «вазари» әдісі бойынша басым түстім. Қола үшін болған кездесуде де соңғы секундта қарсыластың қыспағына түсіп қала жаздадым. Мұндай жерде кішкентай қателіктің құны да қымбат. Рас, мен де алтынна дәмелі едім. Мақсатым айқын болатын. Бірақ Инчхондағы өнеріме көңілім толды. Қолаға да қанағат. Бастысы, еңбек етуді тоқтатпау қажет.

– Былтырғы жылы Чеджудегі Гран-при добасында 70 келіде өнер көрсеттіңіз. Негізінен 63 келіде күресіп жүргеніңізді білеміз. Сізге қай салмақ көбірек ыңғайлы?

– Шыны керек, Чеджуде қызуым көтеріліп, қатты ауырып қалдым. Сондықтан өз салмағымды ұстай алмадым. Себебі ондай жағдайда салмақ қуу оңай емес. 70 келіде өнер көрсеткенім де сондықтан. Әйтпесе өзімнің негізгі салмағым – 63 келі.

– Спортшылар үшін жаттығудан бөлек, күнделікті дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Ал сіз мұндай жауапты іске қаншалықты көңід бөлесіз?

– Әрине. Жарыс алдында диета ұстайтыным бар. Ондай кезде көп тағамнан бас тартамын. Ал өзіме тәтті бәліш ұнайды.

– Ал Қазақстанда 63 келідегі негізгі бәсекелестеріңіз кімдер?

– Зәмзәгүл Файзолланова, Зарина Санаки, Анар Жұмабаева, Жанар Қашқынды айтуға болады.

– Жаңа жылдың басында ұлттық құрамаға 48 келіде моңғолиялық легионер қыз келді. Қалай ойлайсыз, дзюдоға сырттан спортшы шақыру қажет пе?

– Мен бұл сұраққа қатысты ештеңе айта алмаймын. Сырттан легионер шақыруды федерация мен ұлттық құраманың басшылары шешеді. Егер шынымен мықты спортшы келіп жатса, онда бәсекелестіктің артуына пайдасы тиеді.

– Биыл еліміз дзюдодан тұңғыш рет әлем чемпионатын өткізбек. Сіздің ойыңызша, біз дүниежүзілік доданы қабылдауға қаншалықты дайынбыз?

– Бастапқыдай осы мәселеге қатысты біраз түсінбестіктер орын алғанымен, кейіннен бәрі де біздің пайдамызға шешілді. Қазақстанға әлем чемпионатын өткізуді сеніп тапсыруының өзі дүниежүзілік федерациялардың елімізге, спортымызға деген оң көзқарасынан болса керек. Бұл – маңызды әрі жауапты қадам. Себебі, спортшылар Рио Олимпиадасы алдындағы дайындығын пысықтап әрі жолдамаға таласады. Әлемнің үздік дзюдошылары келетіні түсінікті. Десек те біздің ел аталмыш жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырады дегенге күмәнім жоқ. Спортшыларымыз да жанкүйерлер алдында қарап қалмас. Тек қолдайтын, қолпаштайтын жанкүйерлеріміз, спортсүйер қауым көптеп жиналса болды.

– Мәриям, жақында ғана туған күніңізді атап өткеніңізді білеміз. Әдетте бұл күнді қалай тойлайсыз және қандай сыйлықтар алғанды ұнатасыз?

– Биылғы туған күнімді көңілімдегідей тойладым. Жылда жарыс, жаттығу деп сыртта жүретінмін. Ал бұл жолы отбасыммен, жақын достарыммен бірге болдық. Сыйлыққа келсем, аса талғампаз емеспін. Бірақ қажетсіз дүниелерді алғанды ұнатпаймын. Сыйлықтардың арасында есімде ерекше қалғаны – үйде өсетін гүл. Өзім де гүлге қарағанды ұнатамын. Антуриумым мен спатифиллюм деген гүлім бар. Антуриум «әйел бақыты» дегенді, спатифиллум «ер адамдардың бақыты» дегенді білдіреді. Сондай-ақ орхидея мен кактус өсіремін.

– Жаттығу мен жарыстардан қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз?

– Табиғатты өте жақсы көремін. Әсіресе, таулы жерді ұнатамын. Шаңғымен сырғанау, балық аулау менің ең сүйікті хоббиім. Әрине, уақыт өте тапшы. Бірақ мүмкіндік бола қалса, пайдалануға тырысамын.

Спорттан басқа қандай өнерге икеміңіз бар?

– Жас кезімде гимнастикамен айналысқанмын. Сурет үйірмесіне барған кезімде болған. Өлең жазатынымды көп адам біле бермейді.

– Яғни спортты таңдамасыңызға амал қалмаған ғой?..

– Каратэмен де шұғылданғанмын. Үйірмелерге барып жүріп таңдауым жапондардың күресіне түсті.

– Былтыр сізді бейнеклиптен көзіміз шалды. Мұндай ұсыныстар жиі түсе ме?

– «Мой любимый sputnik» деген топтың «Утро» деген клипіне түскенім рас. Енді мұндай ұсыныстарды Олимпиадаға дейін шегере тұрамын. Бар мақсатым – Рио-де-Жанейрода өтетін төртжылдықтың басты додасында жүлдеге ілігу.

– Осындай сұлу қыздың жалғыз жүруі мүмкін емес шығар?..

– Жігітім бар екені рас. Ол менің мамандығыма сыйластықпен, түсіністікпен қарайды. Сондықтан татамиде белгілі бір жетістікке жеткенімді құп көреді.

Сіздіңше, бүгінгі заманның қыздары қандай болуы тиіс?

– Бұрынғы уақытпен салыстырғанда қазіргі кезде көптеген өзгеріс бар. Меніңше, белгілі аспектілермен есептейтін болсақ, қыздар заман талабына сай өмір сүруде. Яғни отбасымен қатар кәсібінде де биік жетістіктерге жетіп жүрген аруларымыз аз емес. Дегенмен біз өзіміздің нәзіктігіміз бен сұлулығымызды сақтап, ер-азаматтардың алдында әрқашан әдемі болып көрінуге талпынуымыз керек.

Бек ТӨЛЕУОВ,

«Sport» газеті

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар