Аймақтардағы қазақ дзюдосының көкжиегі кеңейіп келеді
Жақында Қарағанды облысының Қаражал қаласында дзюдодан республикалық турнир мәресіне жетті. Еліміздің Тәуелсіздік күніне орайластырылып өткен бәсекені Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дүйсен Тәжкеев ұйымдастырған болатын. Бұл сайыстың басқа турнирлерден басты айырмашылығы – мұнда спортшылар 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ғана сынға түсті.
Елімізде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін балуандар өте мықты саналады. Мәселен, 2004 жылғы Азия чемпионы және Афины Олимпиадасының 5-і орын иегері Базарбек Дөңбай, Азия біріншілігінің жүлдегері, 2005 жылы өткен әлем чемпионатының 5 орын иегері Саламат Отарбаев, жастар арасындағы әлем чемпионы, «Гран-При» турнирінің жеңімпазы Елдос Сметовтердің жарқын жеңістері бұл сөзімізге дәлел.
2013 жылдың 16 желтоқсаны күні Қаражалдағы дзюдо мектебінің татамиінде осы салмақтың мықтылары өзара бақ сынады. Бұл турнирдің Тәуелсіздік күнінде өткізілуі бүгінде дәстүрге айналған. Сайыстың ең басты мақсаттарының бірі – жас өрендер бойындағы патриоттық сезімді арттырып, Отанға деген құрметті қалыптастыру.
Бірінші күні Қаражал қаласының әкімі К. Ғ. Шорманбеков жарыстың құрметті қонақтарын қабылдап, бапкерлер мен төрешілер қауымына және спортшыларға сәттілік тіледі.
Дзюдодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов өз кезегінде Қазақстан дзюдо федерациясының атынан Қаражал қаласының әкімдігіне, қалалық дзюдо федерациясы мен турнирді өткізуші Дүйсенбай Тәжкеевке алғыс білдірді. Сондай-ақ, елімізде дзюдо спортының кең қарқын алып келе жатқанына қуанышты екенін де жасырған жоқ.
Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Қаражал қаласының әкімі Қайрат Ғұсманұлы Шорманбеков, мемлекеттік жаттықтырушы Ержан Төкенұлы Байжұманов (Астана), халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР дзюдо федерациясының төреші-директоры М. Нұртазин (Семей), дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы А. Байбосынов (Алматы облысы), И. Жұмабаев (Қызылорда) және С. Қалиев (Алматы), құрметті спорт қайраткені Б. Данияровтар (Астана) бар.
Сайысқа Астана, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Шымкент, Семей, Тараз, Жезқазған, Сәтпаев, Ақмола және Алматы облыстарынан спортшылар қатысты. Жарыс тарихында алғашрет Бішкек (Қырғызстан) қаласының балуандары да бақ сынады. Төрешілер алқасын халықаралық дәрежедегі төреші Мақсым Нұртазин басқарды. Бүгінде ұлттық құрама спортшылары оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқандықтан, бұл салмақтың көшбасшылары турнирге қатыса алмады. Алайда, үздіктер келмей қалса да, Қаражал татамиінде өте тартысты айқастар өтті.
Ендеше, сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері тізіміне көз салыңыздар:
60 келі салмақ дәрежесі:
1 орын – Арман Отарбаев (Қаражал), бапкері Д. Т. Тәжкеев
2 орын – Дархан Сержанов (Қызылорда), бапкері И. Жұмабаев
3 орын – Өміртай Бексұлтанов (Семей), бапкері А. Арқаров
3 орын – Артем Ким (Қаражал), бапкері Д. Т. Тәжкеев
5 орын – Нұрдәулет Ораз (Тараз), бапкері М. Ізтілеуов
5 орын – Қылыш Еренғайыпов (Қаражал), бапкері Д. Т. Тәжкеев
7 орын – Асылжан Ғайсаев (Павлодар), бапкері Ғ. Ысқақова
7 орын – Жақсылық Мұсырманов (Астана), бапкері Б. Данияров
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер мен жеңімпаздан ақшалай сыйлықтармен, диплом және медальдармен марапатталды.
1 орын алған спортшы – 150 мың теңге, бапкері – 150 мың теңге
2 орын алған спортшы – 100 мың теңге, бапкері - 100 мың теңге
3 орын алған спортшылар – 50 мың теңге, бапкерілері – 50 мың теңге
5 орын алған спортшылар – 30 мың теңге, бапкерлері – 30 мың теңге
7 орын алған спортшылар – 20 мың теңге, бапкерлері – 20 мың теңге
Турнирдің жалпы жүлде қоры 900 мың теңге.
ШҰКД және СР баспасөз қызметі
0 пікірлер