Самат Есен әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

10:49 | 28 қазан 2013

Словения астанасы Люблянада дзюдодан жастар арасындағы әлем біріншілігі мәресіне жетті. Жас өрендер бас қосқан дүбірлі додада 90 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Самат Есен күміс жүлдеге иелік етті.

Самат Любляна татамиінде 5 жекпе-жек өткізіп, оның төртеуін мерзімінен бұрын, «иппон» әдісімен жеңді. Атап айтар болсақ, молдовалық Виктор Фулга, австриялық Лаурин Бехлер, венгр дзюдошысы Кристиан Тот және бразилиялық балуан Хенрике Сильвалардың Саматты жеңуге шамасы жеткен жоқ. Осылайша, ақтық айқасқа дейін барлық қарсыласынан басым болған жас өреніміз финалдық бәсекеде грузиялық Бека Гвиниашвилиден жеңіліп қалды.

dc06b8fcf1e46e109984fccd2e9a294d.jpg

64016706963e4dc448eaf4ec47ca76cc.jpg

Саматтан өзге спортшыларымыз жүлдеге іліге алмады. 60 келідегі Мейірлан Баймаханбетов пен 100 келі салмақтағы Айбек Серікбаев қола жүлдеге таласып, 5-і орынға тұрақтады. Сондай-ақ, 44 келідегі Еңлік Сатыбалды, 48 келідегі Айгүл Байкулева, +100 келі салмақтағы Нәзира Ержанова мен Роза Доқтырбаева және 66 келідегі Дәурен Алданазаровтар 7-і орынға табан тіреді.

Люблянада жаңа жеңімпаздарын анықтаған жастар арасындағы әлем чемпионатында әлемнің 74 мемлекетінен келген 606 спортшы бақ сынады. Жалпыкомандалық есепте 3 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль алған Жапония құрамасы бірінші орында. Екінші сатыда 3 алтын медаль иеленген Ресей, үшінші орында 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдесі бар Германия құрамасы. Самат Есен жеңіп алған 1 күміс, екі бесінші және бес жетінші орынмен Қазақстан құрамасын жалпы есепте 17-і орыннан көрінді.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар