Айдын Смағұлов: «Қазақ дзюдошыларына ризамын»
Айдын Смағұлов қазақ дзюдошыларының арасында алғаш болып Олимпиада жүлдесін тағынған балуан. 2000 жылы Сидней төрінде жайылған татамиден ол қоламен оралды. Алайда, бұл медаль біздің емес, көршілес Қырғызстанның еншісінде кетті. Әйткенмен, осыдан 14 жыл бұрынғы көрсеткіш әлі де болса қазақ дзюдосының тарихында құнды саналады. Мейлі, ол өзге елдің атына жазылса да...
Бүгінде танымал бапкерге айналған талантты балуан сұхбат берген болатын.
- Айдын аға, әңгімені сіздің дзюдоға қалай келгеніңізден бастағым келіп тұр...
- Дзюдоға ден қойып, шындап айналыса бастаған кезім 1995 жылға тура келеді. Өйткені, оған дейін самбо күресімен шұғылданған едім. Жалпы, спортқа келуіме ағам Рүстемнің самбошы болуы үлкен септігін тигізді. Ағама еліктеп, мен де жаттығу залына жиі баратынды шығардым. Уақыт өте келе жекпе-жек түрлеріне икемімді байқаған бапкерлер де назарға ала бастады. Осылайша, 1993 жылға дейін самбо спортында тер төктім. Сол жылы Шығыс Қазақстан облыстық унивеситетіне білім алуға бардым да, дзюдоға деген құлшыныс ояна бастады. Себебі, дзюдо Олимпиада бағдарламасына енген. Ережелері де самбоға ұқсас. Сондықтан, меңгеріп кету қиын болмады.
- Дзюдоға 1995 жылы ауысып, 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан қола медаль ұтып алдыңыз. Демек, жүлде алу үшін бес жыл жеткілікті болды ғой?
- Олай демес едім. Өйткені, дзюдоға ауысқанға дейін де көп еңбек еттім. Бапкерім Бақытбек Мұстафин бағдар беріп, самбо спортында көптеген ірі жарыстарға қатыстым. Бірақ, дзюдоға ауысқан соң, бәрі де оңай болды дей алмаймын. Алдымен Қазақстан біріншілігінде 3-і орыннан көріндім. 1996 жылы Ыстамбұлда халықаралық турнир өтетін болды. Алайда, оған бару үшін де ел ішінде өзіңді мойындатуың тиіс еді. Қазақстанда іріктеуден өткен соң, аталған халықаралық жарыстан да жүлделі оралдым. Шымкенттегі ел чемпионатында топ жарған соң, ірі халықаралық жарыстардың да шеті көріне бастады. Португалияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 7-і орын иелендім. Студенттер арасындағы әлем чемпионатында 5-і сатыға табан тіредім. Одан бөлек, Санжар Жандосов атындағы дәстүрлі халықаралық турнирде 4 рет жеңіске жеткенім бар. Спорт болған соң, ештеңе де оңай келмейді. Сиднейге жолым түскенге дейін өзімді бірнеше мәрте мойындатуға тура келді.
- Қазақ дзюдошыларының ішінде алғаш болып Олимпиада медалін тағындыңыз. Бірақ ол жүлденің Қырғызстан еншісіне жазылғанын білеміз. Жалпы, сол оқиғаны тарқатып айтып бересіз бе? Қазақстаннан кетуге не себеп болды?
- Сидней Олимпиадасы алдында ел ішіндегі чемпионатта мен сәтсіздікке ұшырадым. Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатында Олимпиада жүлдесіне таласатын балуандар іріктелген еді. Өкінішке қарай, сол бәсекеде менің күресім жүрмей, ұтылып қалдым. Не істемек керек? Бәріне қолды бір сілтеп, Сиднейден сырт қалғым келмеді. Өйткені, спортшының өміріндегі ең биік шың жалғыз. Ол – Олимпиада. Олимпиада ойындарының қандай да бір жүлдесін алу кез келген адам үшін үлкен бақыт. Татамиден бір сәт алшақтамай, тынымсыз еңбектенсем де төртжылдық додасына қатыса алмау қаупі тұрды алдымда. Менің салмағымда (60 келі) Олимпиада жолдамасын Нұрбол Сүлейменов деген балуан ұтып алды. Алайда, ол аяғынан жарақат алып, Сиднейге Базарбек Дөңбай баратын болды. Осы кезде маған көршілес Қырғызстаннан ұсыныс түсті. Алатаудың арғы бетіндегі ағайындарға 1980 жылдан бері Олимпиада жүлдесі бұйырмапты. Тұратбек Құлыбаев атты бапкер маған өз елінің атынан күресуді ұсынғанда, алғашында жүрегім дауаламаған. Бірақ, спорттағы талай жылғы еңбегімнің босқа кеткенін қаламадым. Келісім бердім. Міне, Қырғызстан атынан Олимпиадаға қатысуымның қысқаша тарихы осындай.
- Сидней Олимпиадасына жолдаманы қалай жеңіп алдыңыз?
- 1999 жылы Жапонияда өткен турнирде екінші орын алдым. Бұл кезде мен жарысқа Қырғызстан атынан қатысқан едім. Сол сында жолдама да бұйырды. Арада біршама уақыт өткен соң, біз Сиднейге жол тарттық. Шыны керек, Австралия маған ұнады. Ауа-райы да өзімізге ұқсайды екен. Халқы да қарапайым. Сырттан қараған адамға, мұнда үлкен той өтіп жатқандай. Мен келесі күні бірден күресетін болған соң, Олимпиаданың ашылу салтанатына қатыса алмадым. Тек сырттай тамашалаудың сәті түсті. Әлі күнге дейін сол кездерді сағынышпен еске аламын.
- Енді сіздің Сидней татамиіндегі тартысты белдесулеріңіз туралы айтсақ. Алтынға барар жолда алдыңызды ораған кім?
- Жеребе бойынша алғашқы айналымда аргентиналық балуанмен жолығып, таза жеңдім. Ал екінші белдесуде 1999 жылғы әлем чемпионы, Сиднейге басты фавориттердің бірі ретінде келген Куба спортшысы күтіп тұрды. Маноло Пуломен өткен айқаста төрешілердің шешімімен келісе алмадым. Өйткені, олар кубалыққа бүйрек бұрып кетті. Әйтсе де, өткен өтті. Пулодан ұтылған соң, қоланы қалайда қолдан жібермеу керектігін ойладым. Келесі айналымда Ресей балуанын «иппон» әдісімен ұттым. Содан соң, Молдова мен Америка дзюдошылары менен таза жеңілді. Ал қола жүлде үшін күресте өзбек спортшысы Әлішер Мұхтаровпен кездестім. Бір жыл бұрын Санжар Жандосов атындағы турнирде Әлішер мені ұтып кеткен еді. Сол жолы Сидней татамиінде есе қайтты. Өте әккі балуанды жеңіп, Олимпиаданың қола медаліне қол жеткіздім. Содан бері 14 жыл сырғып өте шығыпты. Бірақ бәрі де күні кеше болған сияқты...
- Сиднейден оралған соң, бірден Қазақстанға қайттыңыз ба, әлде...
- Жоқ. Қырғызстан атынан бірнеше жарысқа қатыстым. 2002 жылға дейін турлі турнирлерде бақ сынап көрдім. 2002 жылы Пусандағы Жазғы Азия ойындарында 5-і орын алған соң ғана, елге қайттым. Бір жылдай басқа салада қызмет етіп, 2003 жылдан бастап бапкерлік қызметке кірістім. Міне, күні бүгінге дейін мен татамиден алыстаған емеспін.
- Бүгінде Алматы облысында және Қазақстан ұлттық құрамасында жаттықтырушы қызметін атқарып жүрсіз. Шәкірттеріңіз туралы, бас командадағы дзюдошыларымыз туралы не айтасыз?
- Мені еліміздегі дзюдоға деген халық пен басшылықтың оң көзқарасы шын қуантады. Қазіргі жігіттеріміздің әрбір жеңісіне көңілім марқайып жүреді десем, артық емес. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы балуандарды бар керек-жарағымен қамтамасыз етіп отыр. Біздің кезімізде мұндай нәрселер тек арман болған. Жеңіспен оралған спортшыларымызға қаржылай сыйақы беріп, ынталандырып отыратыны да өте құптарлық іс. Жалпы алғанда, жапон жекпе-жегі еліміздің бар аймағында даму үстінде. Әлемдік жарыстарда қазақ дзюдошыларын құрметтейді. Тиісінше, балуандарымыз да жерге қаратпай, жүлдемен оралып жүр. Осы қарқынмен жалғасатын болса, әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының алтынына қол жеткізетін күн алыс емес деп ойлаймын. Мені қазақ дзюдосы мен дзюдошыларының бүгінгі беталысы толығымен қанағаттандырады.
- Жақында Астанада аяқталған Гран-при додасын тамашалап қайттыңыз. Бапкер ретінде баға беріңізші, көңілізден шыққан балуан кім?
- Сөз реті келгенде айта кетейін, елімізде Гран-при додасының ұйымдастырыла бастауы да біздің дзюдоның беделі өсіп келеді дегенді білдіреді. Астана төрінде ең мықты деген балуандар белдесті. Араларында әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, тіпті, чемпиондар да бар. Осындай мықты құраммен күресу біздің жігіттерді одан әрі шыңдай түсетіні сөзсіз. Ал жігіттердің ішінде маған Әсет Ахметжанов ерекше ұнады. Ол өзі қазақ күресінен қанаттанған бала. Өзі қатысып отырған алғашқы Гран-при додасына күміске иелік етті. Қуаныш емес пе?! Әсет осы әрекетімен командалас жігіттеріне жігер берді! Қарсыластарын оңды-солды құлатқанын көріп, тәнті болдық. Жалпы, мен ұлттық құрамадағы әрбір жігітті қазақтың батыры деп білемін! Еліміздің туын көтеріп жүрген Азамат Мұқанов, Максим Раков, Елдос Сметов, Айбек Имашев... Бәрі-бәрі де мақтауға лайық. Өз шәкірттерімнің арасында дзюдомен бірге, қазақ күресін де жетік меңгерген Айдос Қаңлыбаев, Нұржан Жұмажан деген жігіттерді атап өткім келеді.
- Ал әлемдік дзюдо жұлдыздарының ішінде кімге көңіліз толады?
- Мен әлемдік спорт жұлдыздарының қатарына өзіміздің жігіттерді де сеніммен қоса аламын. Елдос Сметов біз үшін қарапайым қазақ баласы болып көрінуі мүмкін. Алайда, оның әрбір тәсіліне сүйсіне қарап, татамиге тезірек шығуын тілеп отыратын шетелдік жанкүйерлер бар. Яғни, біздің балалар да шетелге өздерін мойындатты дегім келеді. Өзіміздің жігіттерден бөлек, грекиялық Олимпиада чемпионы Илиас Илиадистің өнеріне ризамын. Оның күресуден бөлек, өзін өте мәдениетті ұстауы, сабырлылығы кез келген спортшыға үлгі.
- Сізді қандай бапкер қатарына жатқызсақ болады: қатаң немесе мінезі жұмсақ...
- Негізі, мен балалармен өздерімен тең дәрежеде сөйлесетін, қатты дауыс көтермейтін адаммын. Жуаспын десем де болады. Бірақ, шәкірттерімнің шектен шыққан кезі болмапты. Керек кезінде жақсылап түсіндіремін.
- Айдын аға, ғаламторда сіздің күресіңіз жазылған бейнежазбалар жоқтың қасы. Спортшы кезіңізде қандай әдіс-тәсіл оң жамбасыңызға келуші еді?
- Мен күресіп жүргенде «диірмен» деген әдіс болатын. Сол әдіс маған өте ыңғайлы еді. «Диірмен» тәсіліне салып талай қарсыласты жеңдім де. Бірақ қазір ереже өзгеріске ұшырап, ол әдісті алып тастады. Осы орайда бір қызық әңгімені айта кетсем деймін. Жанкүйерлер үшін тосын көрінетін шығар, бірақ менің күресімнің бейнежазбасы түгілі, Олимпиада тұғырында тұрған суретім де жоқ. 2000 жылдар ел енді есін жинап жатқан кез ғой. Қазіргідей дереу фотоға, видеоға түсіру ол уақытта әлі белең ала қоймады. Нәтижесінде, суретсіз қалдым (күлді). Сурет те үлкен естелік. Олимпиада медалін алып жатқандағы бір суретімнің жоқтығына аздап өкініп қоямын.
- Мүмкін, бұл сауалды сізге талай адам қойған шығар. Енді тағы да бір рет сұраудың реті келіп тұр. Олимпиаданың қола жүлдесін өз еліңізге емес, Қырғызстанға сыйлағаныңыз үшін өкінген кезіңіз болды ма?
- Әрине, өкініш бар. Алыс Австралияда өзге елдің туын көтеру кімге оңай дейсіз?! Сол кезде қазақтың көк туын желбіреткенімде ғой деген ойдың құшағында көп жүрдім. Әйтсе де, тағдырдың жазғаны бұл. Қай елдің атынан додаға түссе де, Олимпиада медалі қазақ баласының өңірінде жарқырады деп өзімді сабырға шақырамын. Одан бөлек, қырғызға жүлде әпердің деп шеттеткен ешкім болмады. Өз халқым да менің табысыма ерекше қуанды. Сол үшін Жаратқанға ризамын.
- Сөз соңында өз отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...
- Кәсіби спортты аяқтаған соң, 2003 жылы отбасын құрдым. Жарымның есімі – Евгения. Берік атты ұлым, Арайлым атты қызым бар.
0 пікірлер