Жеңіспен оралған саңлақтар
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласынан дзюдодан Қазақстан құрамасының спортшылары абыроймен оралды. ХVІІ жазғы Азия ойындарында біздің дзюдошыларымыз әртүрлі деңгейдегі алты медальді жеңіп алды.
Ермек Имамбеков, дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Мен жігіттердің көрсеткішіне ризамын. Алға қойған мақсатымызды орындадық. Азия ойындарында бізге алтын, күміс, қола медаль иеленіңдер деген болатын. Бұл үш жүлдені де жеңіп алдық. Елдос Сметов Азиада алтыны бұйырған алғашқы қазақ дзюдошысы атанды! Командалық сында екінші орын иеленгеніміз де үлкен жетістік. Жалпы есепте Моңғолия, Жапония сынды дзюдода қарқыны мықты елдерді басып оздық. Екі құрама да керемет бабында екен. Бірақ, біздің жігіттер аянып қалған жоқ. Бұдан шығаратын қорытындымыз жалғыз. Бұл дода Рио-де-Жанейро (2016) Олимпиадасына үлкен дайындық іспетті. Тіпті, дайындық керемет өтті десек те болады. Мысалы, Әзиз Қалқаманұлы негізі қола жүлдені жеңіп алды. Алайда, төрешілер моңғол балуанына бүйрек бұрып кетті. Келесі күні олар мен жататын бөлмеге келіп, ұзақ уақыт бойы кешірім сұраумен болды. Үлкен қателік жіберіп, қазақ баласын медальдан қаққандарын айтады. Әрине, бұл өкінішті жайт.
Оңтүстік Кореямен өткен финалға келер болсам, шешуші сында біздің бір емес, үш қарсыласымыз болды: татами иелері, залдағы көремендер және өкінішке қарай, төрешілер. Жігіттерге қалай қысым болғанын білесіздер ме? Бірінші кездесуде Азамат Мұқанов жеңіске жеткен соң, Дастан Ықыбаев шықты татамиге. Егер ол жеңгенде, кәрістер психологиялық тұрғыдан сынып қалар еді. Сондықтан, төрешілер есепті теңестіруге бел буды. Арғы жағын өздеріңіз көрдіңіздер.
Сметовтың жеңісі. Мен Елдостың алтын аларына сенімді болдым. Финалдағы қарсыласы моңғол балуаны да әлем чемпионатынан соң бабында емес еді. Киім ауыстыратын бөлмеде Елдосқа: «Сен оны ұтасың» дегенмін. Тура солай болды! Өте әдемі белдесу!
Мұқановтың қоласы. Азамат жақсы күресті. Чемпион атанғысы келді. Алайда, сәл ғана күш жетпей қалып, Азиаданың болашақ чемпионы Тумурхулег Давадоржға жол берді. Мұқанов әділетті түрде қола жүлде жеңіп алды. Сол үшін қуаныштымын! Болашақта әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына бабымызда барамыз.
Раковтың күмісі. Максим финалда жеңілді деуге аузым бармайды. Тағы да төрешілердің қателігі бұл. Келесі күні тура осындай жағдай болғанда, олар басқаша шешім қабылдады. Мұны, шыны керек, түсінбедім.
Елдос Сметов, ХVІІ Азия ойындарының жеңімпазы:
- Мен қазір өте бақыттымын! Қазақстан үшін өте ірі әрі жауапты бәсекеде алтын алғаным үшін қуаныштымын. Азия ойындарына мақсатты түрде дайындалып, тек бірінші орын иеленемін деген ойда жүрдім. Құдайға шүкір, бәрі сәтті болды. Өз өнеріме ризамын. Ең қиын кездесу жартылай финалда жапон балуанымен өтті. Жапондықты жеңген соң еш уайымдаған жоқпын. Өз күшіме екі жүз пайыз сенімді болдым. Моңғолды бірден «иппонмен» жеңдім. Неге бұлай ерте жеңдім дейсіз бе? Қарсыласым бұл кездесуге дайын болмады деп мүлде айтуға болмайды. Ол Челябинскіде алтын алды, әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Мұндай шебер қалай дайын болмайды? Ол менен мұндай күрес күтпеген шығар, мүмкін бағаламаған да болар...
Максим Раков, ХVІІ Азия ойындарының күміс жүлдегері:
- Азия ойындарындағы көрсеткішіме риза емеспін. Әрине, медальдің бары жақсы. Бірақ тек алтын аламын деп барғанмын. Сәті түспеді, сәл жетпей қалды... Бақ шаппады. Бапкерлермен бірге финалдық кездесуді сараптадық. Әлі жетілдіретін тұсым бар. Кездесу өте қызық әрі тең дәрежеде өтті. Залдағы барша көрермен шиеленісті күтті. Әділетті түрде ұтылдым дей алмаймын. Шыны керек, бұл мақсатты кездесу болды. Азиаданың алтыны үшін Найданмен шығатынымды білгенде қатты қуандым. Есемді қайтарғым келді. Алайда, тағы да екінші орын... Осыдан соң не ой болуы мүмкін? Өзіме ашуландым. Төрешілер қанша көмектессе де, жеңуім керек еді. Мықтырақ болсаң, моңғол да жеңілер еді, төрешілер де үндей алмас еді...
Енді әрі қарай дайындаламын. Қазан айында Астанада Гран-при турнирі өтеді. Сол жақта бақ сынаймын. Бұл менің осы жылдағы соңғы жарысым.
Рио-де-Жанейро туралы ойым өзгерген жоқ. Тек жеңіс үшін барамын. Челябинск пен Инчхондағы сәтсіздік мені сындырған жоқ. Керісінше, одан әрі өзімді қамшылай түстім. Бәрі жақсы...
Азамат Мұқанов, ХVІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері:
- Жартылай финалда жеңіліп қалуымның себебі көп. Біріншіден, ауа райына тез бейімделе алмадым. Екіншіден, бірінші айналымда қарсыласым болмады. Екінші айналымда ауғанстандық балуанмен белдесуім керек еді, ол да шықпай қалды. Тек үшінші айналымда Қытай спортшысын жеңдім де, бес минуттан соң финал жолдамасын сарапқа салу үшін қайта шықтым татамиге. Шынымды айтсам, жеңілгенім үшін өкіндім. Өйткені, тек алтын туралы ойлап едім... Командалық сынның финалына шыққанда қатты қуандым. Қазақстан дзюдосының тарихында мұндай болған емес. Егер төрешілер болмағанда, кәрістерді де жеңуші едік. Алайда, күміс те жақсы нәтиже.
0 пікірлер