Марат Мықтыбеков: «Балалар Олимпиадаға дайын»
Тамыздың 16-ы мен 28-іаралығында Қытайдың Нанкин қаласы ІІ жасөспірімдер Олимпиадасын қабылдайды. Аталған доданың басталуына да санаулы күндер қалды. Нанкин Олимпиадасында жекпе-жек түрлеріндегі жас өрендерге сенім артатынымыз хақ. Жауапты бәсеке басталар алдында күрестің үш түрі мен дзюдо және таеквондодағы дайындық туралы Олимпиадаға даярлау орталығының күрес түрлері бойынша директоры Марат Мықтыбеков айтып берді.
- Жасөспірімдер Олимпиадасы өте маңызды кешенді спорттық жарыс саналады. Бұл доданың мәртебесі де өте жоары. Олимпиадаға даярлау орталығынан Нанкинге жеті спортшы аттанады: Райымбек Құрманәлі (58 келі) және Евгений Поливадов (69 келі) (грек-рим күресі), Мұхамбет Қуатбек (54 келі) (еркін күрес), Мерей Дүйсенова (70 келі) (қыздар күресі), Бауыржан Жауынтаев (55 келі) және Әдия Сайын (42 келі) (дзюдо) және Ғалымжан Серікбай (48 келі) (таеквондо). Балалардың барлығы оқу жаттығу жиындарынан өтті. Халықаралық жарыстарда бірнеше рет бақ сынады. Жалпы алғанда, Олимпиада ойындарына жақсы дайындықпен аттануда.Егер бәрінің сәті түсетін болса, жас спортшыларымыз жүлдеге, тіпті, алтын медальға таласа алатындай деңгейде.
- Бүгінде Олимпиадаға даярлау орталығында қанша бала оқиды?
- Олимпиадаға даярлау орталығында осыған дейін 150 бала жаттыққан. Грек-римкүресі, еркін және қыздар күресінде елу елуден. Қазір бұл орталықта 240-тан аса спортшы дайындалады. Өйткені, Олимпиада даярлау орталығына дзюдошылар мен таеквондошылар да қосылды. Біздің басты міндетіміз – ұлттық құраманың негізін құрайтын спортшыларды дайындап шығару. Үлкен спортқабет бұрған балғындарымыз бас командаға тезірек үйреніп, елімізді әлемдік аренада танытуы тиіс. Біз психологиялық жағына да көп көңіл бөлеміз. Нағыз отансүйгіш ұл-қыздарды тәрбиелеу үстіндеміз.
Олимпиадаға даярлау орталығы спортшыларды барлық қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Жарыстарға қатысу, оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жалақы, спорттық құрылғы, осының бәрін мемлекет өз мойнына алған. Біздің орталықта 20-ға жуық жаттықтырушы бар. Олар жүйелі түрде ел ішінде немесе шетелдерде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Олимпиадаға даярлау орталығында еліміздің барлық өңірінен келген балалар жаттығады. Жекпе-жек түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлетін Алматы қаласы мен Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарын ерекше атап өткім келеді.
Отандық спортты дамытуға спорттық жекпе жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы үлкен үлес қосуда! Конфедерация әлем және құрлық чемпионаттарынан жүлделі оралған барлық жастағы спортшыларға сыйақы тағайындайды. Бұл балаларды одан әрі ынталандыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін тұрғызып, ескі залдарды жөндеуге, жаңа кешендерді салуға көңіл бөлетін де осы Конфедерация.
- Сіз Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті саналасыз. Спорттың бұл түріндегі жағдайымыз қалай?
- Қазіргі кезде ұлттық құрама әлем чемпионаты мен Азия ойындарына қызу дайындық үстінде. Ермек Имамбеков бастаған бапкерлер кеңесінің шешімімен, бірінші нөмірлі спортшылар Азия ойындарында, екінші нөмірлі спортшылар әлем чемпионатында сынға түсетін болды. Бас командада танымал мама Александр Яцкевич бапкер әрі кеңесші болып қызмет етіп жүр. Оның білімі ментәжірибесі спортшыларымыздың нәтижесін жақсартуға көмектесетіні сөзсіз.
Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік спорттық жекпе жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясымен бірлесе отырып, біздің федерацияға бар жағдайды жасауда. Сондықтан, екі жарыста да команданың жақсы өнер көрсетуін күтеміз.
Тәуелсіздік алғалы бері қазақ дзюдошылары Азия ойындарында чемпион атанған жоқ. Демек, бапкерлер алдындағы басты міндет те белгілі - Инчхоннан алтын әкелу қажет.
Ел дзюдосындағы тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісе кеткім келіп тұр. Жақын болашақта отандық татами шеберлерінің өз үйі болады. Алдағы жылдың көктемінде Алматыдағы спортта дарынды балаларға арналған Қаркен Ахметов атындағы мектеп-интернат базасында дзюдо Академясы өз жұмысын бастайды. Еліміздің жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамасы Академияда оқу жаттығу жиындарын өткізе алады.100 орындық қонақүйі, асханасы, 1000 шаршы метрге сай келетін күрес залы, тренажер кешені бар спорттық ғимаратта біздің болашақ чемпиондарымыз өсіп шығады деген сенімдемін. Бұл Академия толығымен Қазақстан дзюдо федерациясының қаржысына салынуда. Сонымен қатар, біздің федерацияның кеңсесі де сол Академияда орналасады. Біздің алдымызда Олимпиада чемпионын дайындап шығару деген үлкен мақсат тұр! Біз осы мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз!
0 пікірлер