Нұрбол Сүлейменов жастар құрамасының алдағы жоспарларымен бөлісті
Қазақстанның дзюдодан жастар құрамасы қазір Астанада Германия және Қырғызстан командасымен бірлескен оқу-жаттығу өткізіп жатыр.Оның аясында ҚР дзюдодан жастар командасының аға бапкері Нұрбол Сүлейменов алдағы жоспарларымен бөлісіп, сауалдарымызға жауап берді.
Нұрбол Нұриұлы, Германия және Қырғызстан құрама командасымен бірлескен жаттығуды Астанада өткізуге не түрткі болды?
-Оқу-жаттығуға Қазақстан ұлттық құрамасы, Германия және Қырғызстан командаларының спортшылары қатысуда. Мысалы: Германия Еуропаның спорт мектебі деп есептеледі, ал біз Азияның мектебіміз. Сондықтан тәжірибе алмасу бізге өте қажет, спортшыларға жақсы пайдасн тигізеді. Барлығы 75 спортшы қатысуда, оның 20 шетелдіктер. Осы жаттығуды Астанада өткізу себебіміз, өзіміздің көркейіп дамып келе жатқан елордамызды әріптестерімізге көрсетейік деп шештік. Әлемдегі мықты командалардың бірі Германия құрамасының біздің елге келіп, осындай жаттығуға қатысып отырғаны, еліміздің дзюдошыларын мойындағандары деп санайсыз.
Ал жарыстарда біздің спортшылар неміс палуандарымен кездесіп көрді ме?
-Мысалы жылдың басында ашылатын турнир, фестиваль ретінде Бремен қаласында өтеді. Сол жарыста 90 келі салмақтағы Есен Самат деген жігітіміз, осы жаттығуда жүрген Жевелс деген жігітпен шыққан және ақтық сында оны айқын басымдықпен ұтты. Сондай-ақ, Австрияда өткен жарыста Баймаханбетов Мейірланымыз 60 келі салмақта неміс жігітімен шығып, оны жеңген болатын. Бірақ бұл спорт болғандықтан, бірде ұтып жатса, бірде жеңіліс тауып жатқан сәттер болады.
Жақын уақытта қандай жарыста бақ сынамақсыздар ?
-Осы оқу –жаттығу аяқталғаннан кейін, біз балаларға демалыс береміз, үйлеріне барып тынығып келу үшін. Шілде айының 20-да Алматыға барлығын жинаймыз. Берлин қаласында ірі халықаралық жарыс болады. Оған 40 –тан астам мемлекеттің спортшылары қатысады деп жоспарланған. Бұл әлем біріншілігі алдындағы ірі жарыс. Оған қатысып келгеннен кейін, әлем чемпионатына қызу дайындық басталады. Оған бірінші және екінші нөмірлі жігіттеріміз барады деп жоспарлап отырмыз.
Әлем чемпионатында қанша медаль алуды жоспарлап отырсыздар ?
-Өткен жылы әлем чемпионатында 90 келі салмақтағы Есен Самат күміс алған болатын. Енді биыл үш медаль аламыз деп отырмыз, бір күміс, екі қола. Өйткені былтыр әлем чемпионатында екі баламыз үшінші орынға таласып, бесінші орын алып қалған болатын. Ал, Азия чемпионатынан екі чемпион шығады деген жоспар бар. Былтыр бір алтын, үш күміс, үш қола алған едік.
Спортшылардың дайындығы қандай ?
-Шетелдік жарыстан соң біз сол жақта 4 күнге жаттығу жасауға қаламыз. Соның дзюдошыларға пайдасы зор. Мол тәжірибе жинақтайды. Астанада өткізіліп жатқан осы жаттығуда спортшыларға оң әсерін тигізбек.
Рахмет, алдағы жоспарларыңыз ойдағыдай іске ассын!
0 пікірлер