Асхат Тельмановты туған күнімен құттықтаймыз!
00:29 | 08 мамыр 2014
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатында үздік 7 спортшының құрамына енген (Рио-де-Жанейро, 2013ж.), халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ұлттық құрама мақтаныштарының бірі - Асхат Тельмановты бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз! Cпорт саңлағы өзінің жоспарларымен бөлісіп, сұхбат берген еді.
Асхат өзің қай кезден бастап спортпен айналыса бастадың ?
-Мен негізі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында дүниеге келгем. Алғаш рет спортпен 7 жасымнан бастап айналыса бастадым. Спортқа ден қоюға негізгі себепші болған әкем болатын. Ең алғашқы жарысымды еске алатын болсам, 2003 жылы ел чемпионатында 3 орын алған едім. Ал, 2005 жылы Германияның Бремен қаласындағы халықаралық дәрежедегі жарыста чемпион атандым. Осылайша халықаралық турнирлерден жеңіс тұғырынан көріне бастадым.
Қазіргі таңда спорт түрлері көп және оларға айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Алайда сен неге бокс сияқты басқа спорт түрлеріне қатыспай дзюдоны таңдап алдың ?
- Біздің ауылда тек қана күрес үйірмесі ғана болды. Ауыл жастарының барлығы күреске қызығушылық танытып, күресе бастады. Сыныптас балалардың барлығы күреске қатысты деп айтсам қателеспеймін. Сол жастан басталған қызығушылығым әлі де сейілген жоқ.
Біздің білуімізше, сен спортты қазақ күресінен бастадың, осы екі күрес түрінің қандай айырмашылықтары бар?
-Негізі қазақ күресінде жарыстар тек елімізде ғана болады. Ал, дзюдо жарыстары шетелде көп ұйымдастырылады. Мен айтулы додаларға қатысып, ел намысын қорғауды армандадым. Алайда қазақ күресінің әлі де халықаралық дәрежеде дамығанын қалаймын. Дзюдо мен қазақша күрестің айырмашылығы бар. Қазақша күресте көбінесе күш керек, ал дзюдо да кимононың жеңі ұзын болғандықтан ыңғайлы, дзюдо да қарсыласыңды алдап күресуге болады.
Ұлттық құрамадағы спортшылармен татамиде қарсылассыңдар, ал өмірде қарым-қатынастарың қандай?
-Ұлттық құрамадағы спортшылармен аға, бауыр ретінде сыйласып, араласамыз. Ал, жарыс кезінде бір-бірімізді ұту үшін дес бермей, күресеміз. Жарыстан кейін доспыз.
Өзіңнің жолыңды қуған бауырларың немесе қарындастарың бар ма?
-Менен үлкен осы спорт түрімен шұғлданған аға - әпкерлерім жоқ, бірақ қазіргі таңда менің жолымды қуып жүрген 2000 жылғы Жәнібек деген бауырым бар. Қазір ол 14 жаста. Оның дзюдомен айналысуына мен түрткі болдым деп ойлаймын. Себебі менің жетістіктеріме куә болған інімде, жеңіс тұғырынан көрінгісі келген болар. Тағы бір 1993 жылғы бауырым бар, алайда ол дзюдоға ден қойған жоқ.
Жеке өмірің туралы айтып берсең
-Жалпы отбасында 3 ұл, бір қыз бар. Алдғы уақыттағы жоспарларым көп. Әрине, отбасын құрғым келеді. Өйткені менің қатарластарымның көпшілігі үйленді. Жанұяның спортпен айналысуға еш кедергісі жоқ деп есептеймін.
Спортпен әлі қанша уақыт айналыспақ ойың бар?
-Менің ойымша 2020 жылға дейін спортпен шұғылданам деген ой бар, одан кейін спортпен қоштасатындай жас келеді деп есептеймін.
Алдағы жоспарларыңмен бөліссең
-Негізгі басты арманым жақсылап дайындалып, олимпиадаға қатысу. Менің ойымша жаттығудың жеңіске жетуге септігі мол. Жаттығуға келгеннен соң, жалқауланбай дайындалған дұрыс деп ойлаймын. Ермек Имамбеков бастаған барлық жаттықтырушыларға, олардың көмекшілеріне алғысым шексіз. Сондай-ақ, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының және дзюдо федерациясының басшылығына рахмет, біз сияқты спорт саңлақтарын қолдап, көмектесіп жатқандарына.
Сұхбатыңа рахмет, алдғы жарыстарда сәттілік тілейміз!
0 пікірлер