Айбек Имашев: «Бәсекелестік бізді өсіреді»

03:27 | 24 наурыз 2014

Чехияның Прага қаласында өткен дзюдодан Еуропа ашық кубогі додасында (1-2 наурыз) Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Айбек Имашев чемпион атанды. 60 келі салмақта белдескен Айбек ақтық сында белоруссиялық Ариф Багировке айла қалдырмай, таза жеңді. Бұл жаңа маусымдағы Қазақстан дзюдошылары жеңіп алған алғашқы алтын жүлде. Қартамыс ғалам балуандарының ішінде шоқтығы биік болған жерлесіміз confederation.kz сайтының оқырмандары үшін арнайы сұхбат берді.

Біздің дерек. Айбек Имашев. Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы.

Туған жылы: 15 тамыз 1992 жыл

Туған жері: Атырау облысы, Құлсары қаласы

Салмақ дәрежесі: 60 келі

Жетістіктері: Жастар арасында Азия чемпионы (Ливан, 2011), жастар арасында Еуропа кубогінің жеңімпазы (Австрия, 2011), ересектер арасында Еуропа кубогінің күміс жүлдегері (Польша, 2013), Гран-при турнирінің күміс жүлдегері (Алматы, 2013), ересектер арасында Еуропа кубогінің жеңімпазы (Чехия, 2014).

Маңғыстау облысының атынан күреседі.

1

- Айбек, жаңа маусымды жеңіспен бастадыңыз. Құттықтаймыз!

- Көп рахмет!

- Еуропа дзюдошыларының басын қосатын бұл бәсеке сіз үшін қаншалықты қиын болды? Прага татамиінде кімдермен белдестіңіз?

- Бұл доданы Халықаралық дзюдо федерациясы дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Осыдан үш жыл бұрын жастар арасындағы бәсекеде топ жарғанмын. Былтыр тап осы турнирдің ақтық сынында сүріндім. Биыл алдымен Алла қолдап, кейін өзімнің еңбегім ақталып, Чехияда биіктен көріндім. Шыны керек, кез келген спортшы үшін ірі додаларда жеңіске жету оңай емес. Прагадағы алғашқы белдесуім Польша балуанына қарсы өтті. Кездесу барысында қарсыласым ескерту қағазын көп «жинады». Жаңа ереже бойынша, 4 рет «шидо» алсаңыз, жекпе-жек аяқталады. Екінші айналымда Израиль балуанын, үшінші кезеңде Болгария дзюдошысын жеңдім. Болгармен белдесу қиынға соққанын айта кету керек. Төрешілер еуропалық балуанды жеңіске жетеледі. Ескерту санымен ұтылып жатсам да, белдесу соңына қарай болгарды «иппонға» түсірдім. Жартылай финалға дейін мықты балуандарды сүріндірген испаниялық жігітпен ақтық сын жолдамасын сарапқа салып, таза жеңдім. Ал финалда белоруссиялық Ариф Багиров күтіп тұр еді. Арифтің әкесі Кеңес кезінде танымал дзюдошы болған. Бүгінде ұлын жаттықтырып жүр. Даңқты спортшының ұлын бір жарым минут ішінде ұттым. Қысқаша айтқанда, Прагадағы алтынға барар жол осындай болды.

- Бұл жеңістен соң 60 келі салмақтағы қызу бәсекелестік одан әрі арта түсті. Кімдерді меңзеп тұрғанымды сезетін шығарсыз...

- Әрине! Аллаға шүкір, 60 келі салмақтағы ұлттық құрама жігіттері жарап тұр. Ірі халықаралық сындарда жүлдегерлер қатарына жиі ілігеді. Біздің салмақта бәсекелестік өте жоғары, талантты жігіттер көп. Қазір әлемдік рейтингке көз тіксеңіз, отандық дзюдошылар ішінен бұл салмақта Елдос Сметов бірінші тұр. Екінші орында Асхат Телманов бар. Үшінші сатыда мен келе жатырмын. Одан бөлек, тәжірибелі Еркебұлан Қосаев пен Рустам Ыбыраев, Ғабит Есімбетов сынды жігіттер бар. Білесіз бе, бір салмақта осынша жігіттің жоғары деңгейде өнер көрсетуі бізді тек қайрай түседі. Өйткені, бәсекелестік бар жерде өрлеу болады, нәтиже жақсарады. Кез келген әлемдік турнирде топ жару үшін биік деңгейлі балуандарымен мақтанатын ішкі біріншілігің болуы тиіс. Кіл «сен тұр, мен атайын» деген жігіттердің барлығына да бапкерлер қауымы мүмкіндік беруде. Мысалы, Тбилисидегі турнирге Қосаев пен Есімбетов қатысса, Самсунда өтетін жарысқа Елдос пен Асхат аттанады. Ал мен мамыр айында Бакуде өтетін «Үлкен Дулыға» додасында бақ сынаймын. Міне, осы мүмкіндік арқылы біз өзімізді жақсы жағынан көрсетуге тырысып бағудамыз. Өйткені, әрбір спортшы әлем чемпионатына, Олимпиада мен Азия ойындарына барғысы келеді. Мұндай ірі жарыстарда ел намысын қорғау үшін тұтастай маусым бойы өзіңді дәлелдеуге міндеттісің! Біз көрсеткен нәтижелерге қарап, бапкерлер қауымы үздіктерді екшеп алады. Яғни, соңғы шешім бапкерлердің еншісінде. Меніңше, бапкерлер пікіріне ешкім де өкпелемеуі тиіс.

- Түсінікті. Өткен жылғы Қазақстан біріншілігіндегі жеңілісіңіздің себебі неде? Бұл додаға үздіктер қатыспаған еді...

- Өскемендегі ел чемпионатын ұтамын деп барған едім. Өкінішке қарай, тобығымнан алған жарақаттан соң жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болдым. Жарақаттанып қалсам да, жаттықтырушылардан рұқсат алып, жарысқа қатысып едім. Алайда денсаулығыңда мін болса, биік тұғырды бағындыру мүмкін емес екен.

- Сіздің бүгінге дейінгі ең ірі жетістігіңіздің қатарына Алматыдағы Гран-при турнирін қосуға бола ма?

- Әрине! Біріншіден, мұндай ірі жарыс біздің елімізде тұңғыш рет өтті. Әлемдік дзюдо шеберлері Алматыда бас қосқан сәт отандық жанкүйерлер мен спортшылар үшін үлкен қуаныш еді. Халықаралық федерация сенім артқан сайыстың деңгейі өте жоғары. Мұндай жарысты біздің елге қазақ дзюдошылары әлемге таныла бастаған соң, сеніп тапсырды деген ойдамын. Себебі, бұрын біздің балуандар шетелге жарысқа барғанда, сескененетін адамдар аз еді. Ал бүгінгі жағдай басқаша. Қазақ дзюдошыларын көргенде, кез келген мықты балуандардың өзі именіп, сыйлап, амандасып жатады. Мұндай дәрежеге жетуге Азамат Мұқанов, Максим Раков сынды балуандарымыздың тамаша жетістігі сеп болды. Меніңше, бұл оң өзгеріс. Екіншіден, 60 келіде тұғыр биігі түгелдей қазақ балуандарына бұйырды. Бұл ел дзюдосының тарихында бұрын болмаған жайт еді. Аталған сында тәжірибелі балуан әрі досым Асхат Телмановты жеңіп, финалда Елдос Сметовпен ұтылып қалдым. Әзірге, менің еншімде Гран-при додасының бір жүлдесі бар. Болашақта медальдар қатары көбейеді деген үмітім мол.

- Біз де жүлдеңіздің арта түсуіне тілектеспіз! Айбек, сөз арасында Азамат пен Максимнің жетістігін айтып өттіңіз. Аталған дзюдошылар біздің беткеұстар спортшыларымыз. Бұл балуандармен ара-қатынасыңыз қалай? Жалпы, ұлттық құрамадағы атмосфера туралы не айтасыз?

- Ұлттық құрамада достық пен татулық, бауырмалдық салтанат құрып тұр десем, артық кеткенім емес. Облысқа, жүзге, руға бөліну деген нәрсе атымен жоқ. Мұндай жағдай болашақта да болмайды деп сенемін. Бас командадағы жігіттердің барлығы бір біріне дос, бауыр. Ұлттық құрамадағы атмосфераны толығымен сипаттау үшін осы сөз де жететін шығар. Өзім Азамат Мұқанов, Максим Раков, Руслан Әбдіразақов, Рустам Ыбыраев, Бекзат Манасбаев, Елдос Жұмаханов, Дастан Ықыбаев сынды спортшылармен жақсы араласамын. Максим екеуміз жиын және жарыс кезінде үнемі бір бөлмеде тұрамыз. Елдос Жұмаханов жаттығу кезіндегі әріптесім. Бір сөзбен айтқанда, құрамадағы барлық спортшымен сәлемім түзу, жақсы қарым-қатынастамын. Максим мен Азамат тәжірибелі спортшылар ғой. Сондықтан, олардан кеңес сұраудан еш қысылмаймын. Екеуі де бар білгенімен бөлісіп, бізге жігер беруден жалтарған емес. Прагаға аттанар кезде Максим: «Тек өзіңе сен! Ештеңеден қорықпа!» деген болатын. Кейін тура осындай мәтінмен Азамат хат жазып жіберіпті. Жаңа жылдан бастап ережеге біраз өзгеріс енген соң, тісқаққан балуандарымыздан мән-жайды сұрағанда алған жауабым осындай. Меніңше, екеуі де нағыз азамат!

- Ал осындай жандарды үлгі тұтқан Айбектің әлемдік дзюдодағы кумирі кім?

- Шынымды айтайын, «мынау менің сүйікті спортшым еді» деп ешкімді бөліп жармаймын. Содан соң, әлемдік дзюдо үздіктерінің күресін бейнетаспадан немесе ғаламтордан көру де мен үшін қызық емес. Рас, Олимпиада және әлем чемпионы атанған әрбір балуан үшін қуанамын. Өйткені, сол биікке жету жолында оның қандай қиындықты бастан өткергенін спортшы болған соң, жақсы білемін. Жалпы, әдемі әрі әділетті күрескен әрбір спортшы үшін тілекшімін.

- Өз салмағыңыздағы үздіктер ішінде кіммен белдесуді армандайсыз? Кімді жеңгіңіз келеді?

- Спортта мықты болу үшін мықтылармен күресіп, жеңген жөн. Осындай ой менде де бар. Мысалы, Олимпиада чемпионы Арсен Галстянмен күрескім келеді. Қазір біздің салмақта көш бастап, ешкімге қамшы салдырмай тұрған жапондық Наохиси Такатомен белдессем деймін. Моңғол балуандары да көп күшті талап ететін қарсылас саналады. Әзірге, осы жігіттермен татамиде жолығып, жеңіске жетуді армандаймын.

- Бүгінде еліміздің жас дзюдошылары әлемдік аренада зор табысқа кенеліп жүр. Ізіңізден ерген жастардың аяқ алысын хабардасыз ба?

- Иә. Өйткені, жастар құрамасында жүрген әрбір баланың басындағы күйді өзім де сезініп көргенмін. 2009 – 2011 жылдар арасында жастар құрамасының капитаны болдым. Сол кезде ересектер қатарына тезірек өтіп, ірі жарыстарға қатысуға асығатын едім. Бүгінде біздің еліміздің атын асқақтатып жүрген Бауыржан Жауынтаев бастаған жас өрендердің де тілегі осындай екеніне күмәнім жоқ. Жеңіске жеткен әрбір спортшы үшін қуанамын! Әсірсе, Мейірлан Баймағабетов атты жас дзюдошы бауырымның болашағына үмітпен қараймын.

- Сөз соңында жапон жекпе-жегіне қалай келгеніңізді айтып берсеңіз...

- Менің дзюдоға бет бұруыма басқа емес, Асхат Шаһаров, Базарбек Дөңбай, Асхат Жіткеев, Манарбек Таутанов секілді ел спортындағы елеулі тұлғалары ықпал етті. Қалай дейсіз ғой? 2002 жылы Алматыдағы «Ақ бұлақ» демалыс орталығында жазғы каникулымды өткіздім. Сол кезде «Ақ бұлақта» дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы да оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр екен. Менің демалыс кезіндегі бар кәсібім сол ағаларымның дайындығына телміріп қарап отыру болды. Лагерь болған соң, онда уақытылы ұйықтап, тәртіпке сай жүру керек. Ал мен дзюдошылардың жаттығуын көру үшін бар ережеден аттап кеттім. Сол кезде әлгі ағалар да маған жақсы қарап, марқұм Манарбек Таутанов Ақтауға барған соң дзюдоға жазылуға кеңес берді. Біздің жақта оның Әділ Бисенқұлов атты шәкірті жас спортшыларды тәрбиелейді екен. Манарбек ағай берген ауызша жолдамамен Әділ ағайға барғанымда, ол кісі қуана қарсы алды. Ал лагерьге барғанша каратэмен шұғылданып жүрген мен сол кезден бастап тағдырымды дзюдомен байланыстырдым. Әділ ағайдан бөлек, Қажымұқан атындағы мектеп-интернатта тәлім берген Қабылхан Жәрдембек есімді бапкеріме де алғысым зор.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар