Ермек Иманбеков: «Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетеміз»
Дзюдодан болатын Әлем чемпионатына санаулы күндер қалды, сол себепті біздің спортшылар Рио-де-Жанейроға алдын-ала дайындықтардан өтіп, климатқа бейімделу үшін аттанып кетті. Бурабайдағы соңғы оқу-жаттығу жиындарында дзюдодан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Ермек Иманбековпен сұхбаттасудың реті түскен еді. Бұған дейін ол дзюдодан жастар құрамасын жаттықтырып келген. Ал 2013 жылдың наурызынан бастап ересектер командасының тізгінін өз қолына алды. Естеріңізге сала кетейік, дзюдодан әлем чемпионаты бразильдік Рио-де-Жанейро қаласында 2013 жылдың 26-шы тамызынан 1-ші қыркүйегі аралығында өтеді.
- Ермек Әбуұлы, оқу-жаттығу жиынына барлығы қанша спортшы жиналды?
- Барлығы - 139 адам қатысты.
- Ағымдағы кезеңнің дайындығы туралы қандай жоспарлар бар?
- Әлем чемпионатына дайындық аясында біз барлық кезеңдерден өттік. Бірінші кезеңді, біз 18 күн бойы құрама командамен тауда өткіздік. Одан кейін Мәскеудегі жарысқа қатысып, жиынның екінші кезеңін қатар өткіздік. Қазір, Бурабайда үшінші шешуші кезеңді өткерудеміз. Басты тапсырма – жылдамдық сапасын арттырып, тактикамен жұмыс істеу. Қазір жігіттер функционалды жағынан да, жылдамдығы жағынан да төзімдірек деп ойлаймын. Барлығы да қалыпты жағдайда. Әдетте, таудағы жиыннан кейін күштеріне күш қосылып, шыдамдылыққа бейім болады. Алайда реакция жылдамдығы әлсірейді. Шешуші кезеңде біз барлық көрсеткіштерді қалпына келтіреміз. Күн тәртібі сан алуан, әрбір күн түрлі жаттығулармен өтеді. Күрестен залдағы жаттығулар 4 және 8 тамыз аралығында өтті. Бізбен бірге Қырғызстан құрамасының дзюдошылары жаттықты.
- Біздің құрамадағы медальдан басты үміткерлерді айтып бере аласыз ба?
- 7 салмақ санаты бойынша біздің 9 спортшымыз белдеседі. Бізде 60 және 66 келіде өнер көрсететін екі адам бар. Бірінші нөмірде 60 келідегі Елдос Сметов. Спортшы жастар арасындағы әлем чемпионы, гран – при, халықаралық турнирлердің жүлдегері. 66 келідегі Сергей Лим болса, Түменде өткен әлемдік шеберлер турнирінің жеңімпазы. Және, әрине, Максим Раков – қазіргі әлем чемпионы.
- Қазіргі жиынға Қырғызстан спортшылары да қатысуда. Біріккен жаттығудың басымдылығы неде?
- Бірінші кезекте, спарринг-серіктестердің саны көбірек. Бұған дейінгі шешуші жиындар бірнеше рет өткізілсе де, шақыртылғандардың 15-16 адамы ғана келетін. Бұл жолы барлық аймақтарға шешуші жиындарға қатыспаған спортшылар, мысалы үшін Алматыдағы Гран-приге қатыстырылмайды, деген Конфедерацияның қаулысы түсті. Бұл дұрыс шешім, жиынға Қазақстанның аймақтарынан көптеген палуандар келді. Біз түрлі қарсыластармен айналымдық белдесулер өткізе алатын болдық. Мұнысы тіпті қуантарлық жәйт.
- Конфедерацияның ықпалы сезіледі ме?
- Ия, әрине. Бізге ұсынылған жаттығу базасын айтайық. Мұнда барлық жағдай жасалған. Зал мен қонақүй бір ғимараттан орын тепкен. Бұған қоса, жаттығу залы, дзюдо-зал, ойын залы мен тамақтану да осында, тіпті бассейн, хауызы да бар. Барлығы да бір кешенде орналасқан.
- Бұған дейін спортшыларға мұндай мүмкіндіктер жасалмап па еді?
- Бұрындары, мысал ретінде, Қарағанды қонақүйі бір шетте, ал залға бару үшін автобуспен жетуге тура келетін еді. Уақыт зая кетіп, балалардың ұйқысы қанбайтын еді. Біз дәл осы мақсат үшін Бурабайдың таңдалып алынғанына шексіз қуаныштымыз. Себебі Алматыда қазір 40 градус ыстық, ал мұнда максимум 20 градус. Егер біз жаттығуды Алматыда өткізгенімізде жақсы көрсеткіштерге жете алмас едік. Ыстық күн-райы спортшыларымызды тез шаршатып, баяу қалпына келтірер еді. Мұндағы күн-райы сәйкес келетіндіктен, олар барлық жүктемелерді толық орындауда. Осы себептен де, біз әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетеміз деп ойлаймын. Жоспарланған барлық шаралар толықтай орындалды. ҰҚШД мен дзюдо федерациясы керек қаражатты бөлді. Енді барлығы да біздің жігіттерге байланысты.
- Алдағы әлем чемпионатында кімнен нәтижеге күтесіз?
- Бізге максималды міндеттер жүктелді. Бізде қазірдің өзінде Әлем чемпионы – Максим Раков бар. Сондықтан бізге кем дегенде, екі медаль алуымыз керек. Осы міндетімізді ойдағыдай орындаймыз деп ойлаймын.
- ӘЧ біздің құраманың басты қарсыластары кім?
- Басты қарсыластарымыз, осы спорттың негізін қалаушы елдер – жапондар, сондай-ақ кәрістер, француздар мен моңғолдар. Бірақ, бізде қалай да болмасын, Әлем чемпионы, әлемдік шеберлер чемпионы, жастар арасындағы чемпион бар. Үміт артып отырған спортшыларымыз да жоқ емес. Бірақ құраманың 70% -ы жастар. Осы қызметке келмес бұрын мен жастар құрамасымен жұмыс істеп келдім. Қазір біздің барлық құрама - басты команда ретінде жұмыс істеп келеді. Бұл дұрыс шешім деп санаймын, себебі Құраманың қазіргі сапы жастардан құралған.
- Құраманың жаңа мүшелерінің – жас дзюдошылардың болашағы жөнінде не айтар едіңіз?
- Жастар құрамасының келешегі зор. Біз бірінші рет 2010 жылы Мароккода Әлем чемпионы атағына ие болдық. Барлығы 4 медаль - 1 «алтын», 2 «күміс» және «қола» медальмен командалық екінші орынға жайғастық. Екі рет Азия чемпионатын жеңіп алдық. 4 жыл ішінде 10 Азия чемпионын дайындап шықтық. Жастар арасындағы әлем чемпионатынан 9 медаль олжалады. Осы жігіттер болашақта да, Олимпиада да осы қарқындарынан таймайды деп сенемін. Әрине, нәтиже күту қиынырақ, ағымдағы жылы олар бірінші рет ересектер арасындағы чемпионатта бақтарын сынағалы отыр. Уақыт керек. Қазір жастар арасындағы жарыстармен салыстырғанда, «қапсыра ұстауда» олардың күш-қуаты шамадан тыс сарқылады. Алайда, болашақта міндетті түрде нәтижелерге қол жеткізетін боламыз.
- Бұл спорт түрі Қазақстанда қаншалықты танымал?
- Дзюдо күн санап дамып келеді. Егер басқа спорттың түрлерімен салыстырар болсақ, аталмыш спорт аяққа тұрып келеді. Бұл олимпиадалық спорттың түрі қызықты. Үйірмелерге балалар көптеп келуде. Дзюдо, басқа да шығыс жекпе-жегі секілді рухыңды тәрбиелеп, өзіндік философияңды насихаттайды. Біз спортшылардың жетістіктері туралы жазып, айтып отыруымыз қажет. Біздің жігіттер қатысатын белді жарыстарды назарда ұстап отыру үшін адамдарға мүмкіндік беру керек. Сонда ғана дзюдо танымал болады.
- Дзюдо – жарақат алатын спорт түрі дейді, қаншалықты?
- Мен спортқа келгенімде, күресті жарақат алатын спорттың түрі деп есептеп келдім. Бірақ курстық жұмыс жазғанымда, футболдың бірінші орында екенін білдім. Ал бокс пен күрес бесінші, алтыншы орындарда екен. Кез-келген кәсіби спорт – жарақатсыз болмайды, бұл ештеңемен айналысуға болмайды деген сөз емес.
- Сұхбатыңызға алғысымызды айтамыз. Біздің дзюдошылар құрамасына алдағы әлем чемпионатында сәтттіліктер тілейміз!
- Рахмет!
0 пікірлер