Айман Қалиева. Бақытын татамиден тапқан

01:39 | 07 наурыз 2014

Айман және Шолпан Қалиевалар ел дзюдосындағы шоқтығы биік арулар. Жарық дүниеге қатар келген олар спорт залының есігін де бірге ашты. Ірі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғады. Алайда, екеуі егіз болғанымен, Олимпиада ойындарына қатысу бақыты екеуіне бірдей бұйырған жоқ. Әсіресе, Айман Афиныдағы төртжылдық додасынан тыс қалған соң, үлкен спорттан қол үзбегенде, бізге басқаша сұхбат берер ме еді?! Бүгін біздің сайтымыз жас бапкер әрі талантты спортшы Айман Қалиеваны мерекесімен құттықтап қайтқан еді.

1

Бәрі қалай басталды?

Бәрі де әкеміздің қолдауымен басталды. Әкеміз Сейдолла Қалиев дзюдодан бапкер болып қызмет ететін. Бір күні үйімізге оның жетекшісі келді де: «Сенің қыздарың сондай талантты. Бірақ спорт залда емес, үйде отыр» деді. Міне, осы сөзден соң ол Шолпан екеумізді өзімен бірге жаттығуға алып баратын болды. Иә, біз бұрын да әкемізбен залға еріп баратын едік. Бірақ жаттығу жасамай, шетте жай бақылап отыратынбыз. Бұл жолы бәрі керісінше болды. Әрбір жаттығу әдісін көрсеткен сайын, біздің дзюдоға деген құштарлығымыз арта берді, арта берді. Әкем қыздарын бала күнінен спортқа баулығанымен, бізді дзюдоның соңында кетеді деп ойлаған жоқ. Бой жетіп, мектеп бітірген соң, басқалар секілді оқуға түсу қамын ойлап, спорттан қол үзеді деп топшылады. Ал біз болсақ, уақыт өткен сайын спортшы ретінде толығып, көп күш жинай бастадық. Өміріміздің тек қана дзюдомен байланысты болатынын сол кезде түсіндік. Бізге басқа өмірдің қажеті жоқ еді. Тек қана дзюдо... Бұл 1993 жыл болатын. Шолпан екеуміз небәрі 13 жастамыз. Әлі жас болғанымызға қарамай, дзюдодан талай биікті бағындыратын, ел спортының тарихында із қалдыратын тұлғаға айналамыз деп, мақсат қойғанымыз есімде.

Соңында не болды?

Үзіліссіз жаттығу, жарыстар, ірі халықаралық турнирлер. Шынымды айтсам, уақыттың қалай зулап кеткенін білмей қалдым. Тіпті, түгел өмірім өтіп кеткендей болды. Өзім ойлағандай биікке жетпесем де, спорттық ғұмырымды аяқтауға мәжбүр болдым.

Жетістіктерім...

Мен үшін ең алғаш рет Қазақстан чемпионатын жеңіп алған кезім өте ыстық (күлді). Өйткені, осы жеңістен соң мені ұлттық құрамаға шақырды. Ал ұлттық құрама сапында жүріп мен көптеген ірі жарыстарға қатыстым. Шыны керек, халықаралық аренада мен өз мүмкіндігімді толық көрсете алмадым. Ең жоғарғы көрсеткішім деп, Азия чемпионатындағы бесінші орнымды айтуға болатын шығар. Одан бөлек, Қаақстанның он дүркін чемпионы деген атағым бар (күлді).

Бағынбай кеткен биік

Әрине, ол Олимпиада. Олимпиада ойындарына қатысып, жүлделі орын алу менің ең ізгі арманым еді. Тіпті, бір емес бірнеше Олимпиадада (Афины – 2004, Бейжің - 2008) жүлде алғым келетін. Сәті түспеді. Есесіне, екі ойындарға да сыңарым Шолпан қатысты. Біз екеуміз бір салмақ дәрежесінде, 52 келіде күресетінбіз. Ал Афины Олимпиадасының алдында мен 48 келіге ауысып, бір жыл бойы жаңа салмақта бақ сынадым. Эллиндер еліндегі додаға Шолпанмен бірге барсам деп армандадым. Ол кезде Шолпан өте жақсы формада еді. Мен де қалысқан жоқпын. Таң атысымен жаттығу залын бетке алып, тер исі сіңген залды құлыптап шығатын кездер де болды. Тіпті, Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетемін деген сенімім мол еді. Өкінішке қарай, менің бар үмітімнің күл-талқаны шықты. Бапкерлер қауымы ең соңғы сәтте менің орныма ресейлік Татьяна Шишкинаны Олимпиадаға жіберу туралы шешім қабылдады. Әрине, мен ұлтшыл емеспін. Бірақ сол кездегі менің көңіл-күйімді көрсеңіз ғой. Бар еңбегімнің босқа кеткеніне көзім жетті. Шыны керек, осыдан соң, менің күресім жүрмей қойды. Баяғы ынта мен мақсаттың жұрнағы да қалмаған. Олимпада ойындарынан тыс қалған соң, басқа жарыстарда бақ сынау туралы ойды ұмытқым келді.

Алайда, мені татами бәрібір тартып тұратын. Бар күшімді жинап, спортқа қайта оралдым. Бір жыл бойы ел ішіндегі турнирлерге қатысып, кезекті Қазақстан чемпионатын жеңіп алғанмын. Содан соң, Грузия дзюдо федерациясынан аталған құрамаға өту туралы ұсыныс түсті. Ұзақ уақыт ойланған соң, Грузия құрамасының ұсынысын қабыл алдым. 2006 жылы Финлядиның Тампере қаласындағы Еуропа чемпионатына қатысып, алғашқы белдесуімде-ақ италиялық Антония Куомодан (52 келі) «иппон» әдісімен жеңілдім. Кейін грузиялық қыздармен бірге Римдегі халықаралық турнирге қатыстым да, 26 жасымда спорттық ғұмырыма нүкте қоямын деп шештім. Бұл шешім Грузия дзюдо федерациясы үшін үлкен соққы болды. Өйткені, олар маған үлкен үміт артқан екен. Расында, мен қатты қиналдым. Психологиялық тұрғыда маған бәрі де қиын соқты. Себебі, менің қалауым мүлде басқа еді. Сол кезде ештеңенің қиюы келмеген соң, спорттан кетемін деп шештім де, Шолпан екеуміз Канадаға аттандық. Бұл кезде ол да спортпен қош айтысып, біздің бапкерлік ғұмырымыз басталған еді. Ол жақта бір жыл бойы кішкентай балаларға тәлім бердік те, Қазақстан дзюдо федерациясының шақыртуымен елге оралдық. Өйткені, Азия ойындары мен әлем чемпионатында үміт артатын ешкім болмады да, федерация тәжірибелі балуан Шолпанды құрамаға қайта шақырды. Шолпан біраз күресіп, Бейжің Олимпиадасына да барып келгенін жақсы білесіз. Ал маған жаттықтырушының қызметі ұнап қалды. Канада дзюдосының деңгейін бағамдадым, көптеген маңызды әрі қызықты мәліметтермен таныстым. Мәселен, Канаданың жастары халықаралық турнирлерге жиі қатысады. Шетелге шығу олар үшін мүлде қиын емес. Ал біздің жас спортшыларымыз ше? Шыны керек, олар шетелдерде өтетін турнирлерге көп қатыса алмайды. Тәжірибесі аз, өз қазанында қайнай берген дзюдошылардың халықаралық бәсекелерде жеңіліп қалуын осыдан соң оңай түсінуге болады.

Туған жерге оралу

Көптеген жеке бас мәселелеріне орай, Канададан елге қайтуға тура келді. Ол жақта жарты жылдай тұрақтаған шығармын. Алматыға келген соң, жұмыс таппай біраз жүрдім. Туған қаламда өзіме ұнайтын іспен айналысу қиынға соқты. Содан соң, Астанаға тартып кеттім. Иә, басында біраз қиындық кездесті. Алдымен ШҰКД-да әдіскер болып жұмыс істедім. Бұл да көңілімнен шықпады. Себебі, жаттығу залын аңсап тұратынмын. Алла қолдап, соңында бәрі жақсы болды. Бас қаламызда тұрақтап қалу қиын болса, шыдап бақтым. Бүгінде Астана менің туған қаламдай болып кеткен. Қатты ұнайды.

Алғашқы жеңістер

Астана қаласында екі жылдан бері дзюдошыларды жаттықтырып келемін. Бүгінде менің үш тобым бар: біріншісі – 1994-1996 жылы туған қыз балалар (аға бапкер), екіншісі – жасөспірімдер (жаттықтырушы), ал үшіншісі – балғын дзюдошылар. Соңғы топқа мен жасы 9-дан асқан балаларды қабылдаймын. Жетістіктер дейсіз бе? Әрине, жетістіктеріміз бар. Бірақ, соншалықты ірі жеңіс емес (күлді). Біздің балалар республикалық, қалалық және облыстық турнирлерден жүлдемен оралып жүр. Бірнеше спортшымыз Қазақстан жасөспірімдер құрамасына қабылданып үлгерді. Әрине, халықаралық турнирлердегі жеңіс туралы айтуға әлі ерте. Өйткені, мен әлі жас жаттықтырушылардың санатындамын. Тәжірибе жинап, татамидегі шеберлігімді жастармен бөлісіп жүргенім енді ғана. Ауқымды жарыстарда жеңу үшін әлі біраз тәжірибе мен уақыт керек. Бір анығы, болашақта шәкірттерімнің жеңіске жететеніне сенімдімін. Командамда талантты балалар өте көп. Соларға қарап, өзіме бұйырмай кеткен әлемдік додалардың жүлдесін келешекте шәкірттерім алса екен деп тілеймін. Сондықтан, жақсы спортшы дайындау үшін бар күшімді салудамын.

Қазақ дзюдосының болашағы

Елімізде жас дзюдошылар өте көп! Жасөспірімдер құрамасында талабы таудай, болашақта әлемдік бәсекелерде топ жаруға қабілетті қыздар бар. Тек соларға жағдай жасау керек. Алыс-жақын шетелдерде өтетін турнирлерге қатысып, тәжірибе жинаса, оқу-жаттығу жиындарын уақытылы өткізіп тұрса, алдағы уақытта медальсіз қалмайтыныма сенемін.

Жас бапкердің арманы

Мен өз шәкірттерімді тәрбиелегім келеді. Кішкентай кезінде алдыма келген балалардан жақсы спортшы дайындап шығуды өзіме мақсат еткенмін. Өз спортшыларымның ірі жарыстарды жеңіп алғанын, ұлттық құрамаға қабылданғанын, Олимпиада ойындарына қатысқан сәтін көргім келеді. Әсіресе, Олимпиада ойындарына қатысу менің ең ұлы арманым болатын. Енді мен көрмеген Олимпиаданы менің ұл-қыздарым көрсе екен деймін. Бапкер ретінде мен ол үшін бәрін де жасаймын. Ал дайын спортшыларды жаттықтыру маған қызық емес.

Дзюдо жастарға қызық па?!

Астана қаласында дзюдомен шұғылданғысы келетін балалар қатары көп! Бұл үшін өте қуаныштымын. Таңдау жоғары. Әрбір жас бала спортта жоғары нәтиже көрсетсем деген мақсат қояды алдыға. Ал бапкер ретінде оларға жол көрсету менің міндетім. Мәселен, бір бала үйірмеге жазылды делік. Ол бала бәріне ұнамауы мүмкін. Басқа бапкерлер: «Одан ештеңе шықпайды, босқа уақыт жұмасама» десе де, мен оны жаттықтырудан қашпаймын. Себебі, оның көзіндегі жалын мен бойындағы жігерді ашу менің қолымда. Ынтасы зор, алайда физикалық дайындығы төмен балаларды бірден қабылдаймын. Ең бастысы, ынта мен жігер. Қалғандарын, әсіресе, физикалық әлеует пен техниканы дамытуға болады.

Айман Қалиева қандай бапкер?

Меніңше, бапкерлік қызметте жүріп, үнемі бір қалыпта қатып қалу шарт емес. Кейде қатал болсаң, енді бірде балаларды күлдіріп, жұмсақ болған жөн. Яғни, бәрі де ретімен болғаны дұрыс. Менің ойымша, командада жақсы атмосфера мен тәртіп сақталса, жеңіс те көп күттірмейді. Содан соң, әрине, психология. Кез келген бапкер керемет психолог болудан бас тартпау керек.

Алда қандай жарыс бар?

Қазақстан біріншілігі, Спартакиада, облыстық жарыстар. Сол сындарда біздің балалар жақсы өнер көрсетеді деген ойдамын.

2015 жылға қойылар басты міндет

Біздің балалар Қазақстан біріншілігін ұтып алғанын қалаймын. Бапкерлер үшін бұл 2015 жылға қойылар басты талап. Егер ел чемпионатында алтын жүлдегер атанса, оларға ұлттық құрама есігі ашылады. Содан соң, әлем және Азия чемпионаты сынды ірі жарыстарға да жол түседі.

Үнемі ізденіс үстінде

Жаттықтырушылар әртүрлі. Кейбіреулері баяғыда жиған білімімен жастарға тәлім беріп, біліктілікті арттыру жағына көп мән бермейді. Мұндай бапкерлердің шәкірттері де алысқа бармайтынын көріп жүрміз. Ал үнемі ізденіп, түрлі курстардан өтіп, сараптама жүргізетін мамандар да бар. Мен өзімді сол мамандардың санатына жатқызамын. Өйткені, өз балаларыммен бірге мен де жетіле түскім келеді. Қандай мектеп ұнайды дейсіз бе? Әрине, жапон дзюдо мектебі. Өзім күресіп жүрген уақытта әлемге әйгілі дзюдошы Риоко Тани (Тамура) менің кумирім болатын.

Сочиде білім алу

Қазақстан дзюдо федерациясының қолдауымен Сочидегі Олимпиадалық мектепте тәлім алдық. Расында, ол жақтан көп нәрсе үйрендім. Бізге Америка, Франция, Грекия, Ресей және тағы басқа елдерден келген білікті мамандар дәріс оқыды. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары мен танымал бапкерлер де болғанын айта кеткім келеді. Сочиден біраз нәрсені ойға түйіп қайттым.

Құстың қос қанатындай

Оқырманға күлкілі болып көрінуі мүмкін, бірақ маған Шолпанның дайындық үдерісі ұнайды (күлді).Бүгінде ол дзюдодан Қазақстан қыздар құрамасында жаттықтырушы қызметін атқарады. Кей кезде оның жаттығу үдерісінен өзім үшін жаңа элементтер табамын. Ал кейде ол менен алуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, біз үнемі байланыстамыз. Кез келген мәселе бойынша бір-бірімізбен кеңесеміз.

Бразилия үміттері

2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарында жігіттеріміз жүлде салады деп үміттенемін. Алайда, қыздар туралы ештеңе айта алмаймын. Ерлер құрамасында үздіктер қатарынан орын алуға әлеуеті жететін спортшылар бар. Олар 60 келіде сынға түсетін Елдос Сметов, 66 келідегі Азамат Мұқанов пен 100 келіде белдесетін Максим Раков. Осы үш балуан Олимпиада медаліне басты үміткерлер.

Бапкерлік қызметтің ең жағымсыз жағы

Балалар жарақат алып қалған сәт. Бұл кезде жанымды қоярға жер таппаймын.

Жұмыс кезінде жүйкеңізге салмақ көп түсе ме?

Жұмыс уақытында жүйкеме біраз күш түсетіні рас. Үйге қатты шаршап келемін (күлді). Бірақ бұл үшін өкінбеймін. Бұл менің сүйіп орындайтын жұмысым. Өйткені, дзюдо дегенің бұл мен ғой!

Қазақ дзюдосының бүгіні

Біз алға сенімді қадам жасадық. Алматыда ел тарихында тұңғыш рет дзюдо Академиясы салынуда. Бұл шаңырақтан қазақ дзюдосының келешек жұлдыздары өсіп шығады деп сенемін. Ал жігіттер жаман емес. Ірі жеңістерімен қуантып жүр біздерді. Оларды әлем жанкүйерлері де таниды, құрметтейді. Тіпті, біздің балалардан қарсыластың аяқ тартатыны да рас. Талантты жастар өсіп келеді. Осының бәрі көңілге медеу, қуантады. Біз күрескен кездері еліміздегі дзюдоның жағдайы қазіргідей жақсы емес еді. Бүгінгі спортшыларға бар жағдай жасалуда. Сондықтан, тек қана алға қарау керек!

Татами сыртындағы өмір

Мені үйде екі ханшайымым – екі қызым күтіп отырады. Бос уақытымның барлығын соларға арнаймын. Олар менің өмірімнің мәні. Әзірге қыздарым спортшы бола ма, жоқ па, ол жағын ойламадым. Бірақ олар дзюдошы болмайды, соны білем. Өйткені, әкем де біздің дзюдоға араласпағанымызды қалаған. Біз тыңдамадық, ал соңында не болды (күлді)?Одан да, татамиден алыс жүргені дұрыс. Спорттан бөлек, тауға шығып, тамаша ауа-райында серуендегенді ұнатамын. Бұрын тауда оқу-жаттығу жиыны жиі өтетін. Соның әсері шығар...

8 наурыз. Ең қымбат сыйлық

Қыздарымның қиялынан туып, қолынан шыққан сыйлықтар қымбат маған.

Егер дзюдо болмағанда...

Мен бәрібір спортшы атанар едім. Өйткені, бала кезімнен спорттық бағдарламаларды, Олимпиада ойындарын, спорттық сайыстарды теледидардан үнемі тамашалайтынмын. Мұның бәрі мен үшін өте қызық еді. Дзюдоға бет бұрмай тұрып-ақ, спортпен таныс болдым. Сондықтан, спортсыз менің өмірімді елестету мүмкін емес. Алла мені спорт әлемінің бір бөлшегі етіп қойғандай (күлді).

Айман Қалиева не үшін өкінеді?

26 жаста спорттан қол үзгенім қателік болды. Афины Олимпиадасынан сырт қалған соң, күш тауып, соңына дейін күресу керек еді. Ұлттық құрамаға қайта оралғанымда, Грузияға бармайтын едім. Мұның бәрі қызуқандылықтан болды...

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар