Егер жағдай жасалса, нәтиже де сөзсіз болады
Жақында Таразда дзюдодан өткен ІІІ Жастар ойындарына еліміздің барлық өңірлерінен мамандар жиналған болатын. Liter.kz басылымының тілшісі дзюдодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұмановпен әңгімелесті.
–Барлық команда жақсы дайындықпен келген, сондықтан да жарыстың деңгейі жоғары болды, – деп бастады өз сөзін Ержан Төкенұлы. – Бұл жарыстың Таразда өтіп отырғаны кездейсоқ емес, себебі бұл облыстың басшылығы спортты дамытуға, оның ішінде дзюдо спортына жақсы назар бөліп отыр. Қазақстан дзюдосының тарихындағы жастар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Елдос Сметов осы өңірдің тумасы. Басқа да жас дарындар бар. Жамбыл облыстық дюздо федерациясының президенті Манарбек Ағайдаров үлкен жұмыс атқарып отыр.
– Жарыс қорытындысы бойынша кімдер ерекше көзіңізге түсті?
– 60 кг салмақта өнер көрсеткен Мейірлан Баймаханбетовті айтар едім. 81 кг салмақта өнер көрсеткен Әзіз Қалқаманұлы өзінің мықты дзюдошы екенін тағы дәлелдеді. Жалпы алғанда, анау айтқандай жаңалықтар болған жоқ. Жеңіс тұғырына лайықтылар көтерілді.
III Жастар ойындары – кешенді жарыстар. Командалық есепте жоғары орындар үшін талас күшті. Дзюдодағы төрешілік те биылдан бастап бірқатар өзгеріске ұшырағаны белгілі, сондықтан да біздің арбитрларға жаңалықтарға бейімделу жеңіл бола қойған жоқ. Дегенмен, Жастар ойындарының қорытындысы бойынша ешқандай сын-ескерту айтылған жоқ. Төрешілер әділ және адал еңбек етті.
– Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші командалық орынды қызылордалық дзюдошылардың иеленгені, екінші және үшінші орынды жамбылдық және шығысқазақстандық спортшылардың бөліскені заңды ма?
–Ия, заңды деп ойлаймын. Аталған облыстар дәстүрге бай, олардың өкілдері барлық жарыстарда жоғары орындар үшін таласады.
– Елордалық спортшылардың өнерін қалай бағалар едіңіз?
– Астанада келешегінен үміт күттіріп отырған жастар өсіп келеді. Жас та болса, чемпион атанып үлгерген Жақсылық Мусурман, Мейірлан Баймаханбетов, Дәурен Алдыназаров, Әйгерім Әбілқадырова - бәрі тәжірибелері бар, халықаралық жарыстарда да өнер көрсетіп жүрген спортшылар. Өткен Жастар ойындарында елордалық дзюдошылар лайықты өнер көрсетіп, алғашқы үштіктен орын алған болатын. Астанада спорт сарайлары, секциялар, алаңдар көп, елордалық инфрақұрылым балаларға тамаша жағдайда спортпен айналысуға мүмкіндік беріп отыр. Елордалық атлеттердің табысты өнер көрсетуі осы жайтпен тікелей байланысты деп ойлаймын. Және жергілікті жаттықтырушылардың да еңбегі ерен екенін ұмытпау керек.
– Елімізде дзюдошылардың қатары көбейіп келеді ме?
– Әрине. Дзюдомен айналысушылардың саны жыл санап өсіп келеді. Оған қоса, елімізде түрлі деңгейдегі жарыстан өтіп тұрады. Тіпті аудан орталықтарында жасөспірімдер мен ересектер турнирлері өткізіледі. Қазақстандық дзюдоның басына Бекет Махмұтов келгеннен кейін біздің бұл спорт үлкен қолдауға ие болды және алға үлкен серпіліс жасады.
–Қазақстанның ұлттық құрамасының халықаралық жарыстардағы өнеріне қандай баға берер едіңіз?
– Олимпиадалық цикл енді басталды, жігіттерден тез нәтиже талап етуге негіз жоқ. Дзюдо спорты бойынша халықаралық күнтізбеде турнирлер көп, және солардың әрқайсысынан біздің дзюдошылар олжамен оралуда. Таиланда өткен Азия чемпионаты туралы айтар болсақ, олжалаған бес қола медаль жаман нәтиже емес. Командалық жарыстарда біздікілер табысты өнер көрсетті: жігіттеріміз де, қыздарымыз да қоладан алқа тағып, әлемдік командалық біріншілікке жолдама алды.
Ілияс ОТАН
0 пікірлер