Астанадан үш бөлмелі пәтер: Олимпиадашыларға құрмет көрсетілді
Бүгін Алматыда Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевтің жетекшілігімен дзюдодан Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Федерация өкілдері Франция Астанасы Париж қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарын қорытындылады. Салтанатты шараға Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенттері, бас хатшы, спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы қатысты.
«Қазақстаннан дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың жүлдесі біздің спортымыздың мерейін өсірді. Чемпиондарды дайындаған құраманың әрбір жаттықтырушысы мен құрама мүшелерін керемет жетістікпен құттықтаймын және еңбектеріңізге бас иемін!», - деп, Федерация президенті марапаттау рәсімін алғыс айтумен бастады.
Дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметовқа Астана қаласынан үш бөлмелі пәтер кілті, ал Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер кілті сыйға берілді. Сондай-ақ, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Олимпиада ойындарында 5-ші орынға тұрақтаған Абиба Абужақыноваға 5 млн теңгенің сертифкаты табысталды. Спортшылардың жеке жаттықтырушылары мен ұлттық құраманың әрбір жаттықтырушысына, ғылыми-кешенді топ өкілдеріне тиісті дәрежеде құрмет көрсетілді.
Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов 3 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев - 2 млн тг, ал консультант-тренер Стефано Трено 3 миллион теңге сертификатымен марапатталды. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев және Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың жеке жаттықтырушысы Ермек Насиев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Абиба Абужақынованың жеке жаттықтырушысы Мейржан Есмағанбетовке 3 млн тг сертификаты табысталды.
Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Ғайнулла Есенғалиев - 2 млн тг, әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ермек Насиев - 1 млн тг, консультант-тренер Мондекс Ксавье Бруно - 2 млн, ал ерлер құрамасының жаттықтырушылары Еркебұлан Қосаев пен Елдос Жұмақанов әрқайсысы 2 млн теңге сертификаттарына ие болды.
Сонымен қатар, ұлттық құрама команданың ғылыми-кешенді топ өкілдері, атап айтқанда, дәрігері Ахмед Гасанов, массажистер Сайлау Ерғали мен Сайранға да ақшалай сертификаттар табысталды.
Айта кетерлігі, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасынан Париж Олимпиадасына барлығы 8 дзюдошы қатысып, екі медаль ұтып алған болатын. Елдос Сметов – Олимпиада чемпионы болса, Ғұсман Қырғызбаев – Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. Осылайша, дзюдодан Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасын 122 ел ішінде 7-ші орынмен қорытындылаған.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі - "Самұрық-Қазына" АҚ, серіктес - "Sport Qory" туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
0 пікірлер