Қазақстан құрамасы Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының екінші күнінде екі қола еншіледі
Қазақстан құрамасы дзюдодан Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam2024 әлемдік додасының екінші күнін екі қола жүлдемен аяқтады. Ерлер арасында Бақытжан Абдурахманов (-73 кг) пен Абылайхан Жұбаназар (81 кг) ел қоржынына екі қола жүлдені салды.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілген Абылайхан үйдегі жарыстағы жанкүйер қолдауы ерекше екенін тілге тиек етті.
“Барша Қазақ еліне қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін. Бүгінгі қола жүлде осындай қолдаудың арқасында деп ойлаймын. Әрине, бұдан да жоғары жетісікке қол жеткіземіз деп жоспарладық, алайда, қола бұйырды.
Бүгінгі жарысқа келер болсақ, шынымды айтсам, мықты формада болдым деп айта алмаймын, бірақ бар күшімді салдым. Ең қиын белдесулерім Жапон балуаны, төрт дүркін GrandSlam чемпионы Фудзивара Сотаро және Олимпиада чемпионы Хасан Халмурзаевпен болды. Бірақ амалын тауып, жеңіске жеттім.
Татамиге шыққан кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын,
жанкүйерлеріміз өте мықты қолдау көрсетіп жатыр. Халқыңның қолдауын естіп, сезіну керемет қанаттандырып, күш беріп отырады екен.
Душанбедегі Grand Slam жарысынан кейін өз еліміздегі сайыста бір деммен күресіп шықтым. Қиындау болды”, - деді Абылайхан Жұбаназар.
Бүгінгі күннің нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 қола жүлдемен жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Жарыстағы алғашқы бестіктің тізімі келесідей:
1.Италия (1 алтын, 1 күміс, 2 қола)
2.Хорватия (1 алтын, 1 күміс)
3.Қазақстан (1 алтын, 3 қола)
4.Өзбекстан (1 алтын)
5.Португалия (1 алтын)
Естеріңізге сала кетсек, жарыстың бірінші күнінде Ғалия Тынбаева алтын, Елдос Сметов қола жүлде еншілеген болатын.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі - "Самұрық-Қазына" АҚ, серіктес - "Sport Qory" туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
0 пікірлер