GRAND SLAM TASHKENT: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЗЮДОШЫЛАР ҮЗДІК ОНДЫҚТА
Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Ташкентте өткен әлемдік Grand Slam жарысын қорытындылады, деп хабарлайды Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.
3-5 наурыз күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте дзюдодан өткен әлемдік Grand Slam жарысын Қазақстан ұлттық құрама командасы екі күміс жүлдемен жалпы медаль кестесінде 10-шы орнымен аяқтады.
Аталған байрақты бәсекеге әлемнің 49 елінен 364 дзюдошы қатысты. Қазақстан қоржынына Нұрқанат Серікбаев (60 кг) және Данияр Шамшаев (73 кг) қос күміс медальді салды. Сондай-ақ, Шерхан Нұрлыхан (-100 кг) мен Камила Берліқаш (+78 кг) жарыс қорытындысы бойынша 5-ші орынға тұрақтады.
Осыған орай, дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Ташкент татамиінде өткен байрақты бәсекені қорытындылап, құрама жоспарымен бөлісті.
«Жарыс нәтижесіне көңіліміз толады. Жүлдегер атанған екі спортшы да жастар қатарынан ересектерге енді ауысып жатыр. Ташкенттегі әлемдік Grand Slam жарысында екеуі де жаңа есім болды. Өздеріңіз білесіздер, әр цикл сайын дзюдодан ережелер ауысып отырады. Жастар өзгеріске тез бейімделіп, айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындап шықты. Финалда қателіктер жіберіп алғанымен, ол өрескел емес.
Әлемдік бәсеке аяқтала салысымен қазіргі таңда Ташкентте халықаралық оқу-жаттығу жиынына кірісіп кеттік. Осы жарыста жіберген қатемен жұмыс істеп, өзге де елдің дзюдошыларымен бірге шеберліктерімізді шыңдаймыз.
Қазақстан құрамасы жаңа маусымда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Жылды біздің құрама Португалияда Гран-при жарысын 1 алтын, 2 күміс медальмен, ал Парижде өткен Grand Slam жарысында 2 қола жүлдемен бастады. Жыл басынан бері жүлдегер және жеңімпаз атанып келе жатқан дзюдошылардың басым көпшілігі – жастар. Дәл қазір біздің құрамаларда буын алмасу процесі жүріп жатыр және ол сәтті өтіп жатқаны қуантады.
Біздің биылғы мақсат – Қатарда өтетін әлем чемпионаты, елімізде өтетін Grand Slam жарысына және Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғау. Қазіргі таңда бапкерлер құрамы мен басшылық бекіткен арнайы жоспар бойынша жүйелі түрде жұмыс істеп отырмыз», - дейді бас бапкер Нұрбол Сүлейменов.
Айта кетерлігі, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) күнтізбесі бойынша 16-18 маусым күндері Астана (Қазақстан) әлемдік Grand Slam жарысын қабылдайды. IJF ережесіне сәйкес аталған жарыста жеңімпаз және жүлдегер атанғшан спортшыларға әлемдік және олимпиадалық рейтингте ұпай қосылатын болады. Атап айтқанда, І орынға – 1000 ұпай, ІІ орынға - 700 ұпай, ал ІІІ орынға 500 ұпайдан үлестіріледі.
0 пікірлер