Нұрқанат Серікбаев әлемдік Grand Slam жарысының күміс жүлдегері
19:42 | 03 наурыз 2023
Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Ташкентте өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысының күміс жүлдегері атанды. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, финалда тәжірибелі Оңтүстік Корея спортшысы Ким Вон Джинге есе жіберді.
Нұрқанат Серікбаев аталған жарыс барысында барлығы бес кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады.
Алдымен БАӘ өкілі Мутаз Хаужахты, одан кейін әзербайжандық Ровшан Алиевті жеңді. Ширек финалда өзбекстандық Дильшотбек Баратовтан басым түсіп, жартылай финалда 2019 жылғы әлем чемпионы, грузиялық Лукуми Чхваимианді иппонмен жеңді.
Айта кетерлігі, бұл 20 жасар Нұрқанат Серікбаевтың ересектер арасындағы алғашқы жүлдесі. Ол бұған дейін 2019 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесіне сәйкес Grand Slam жарысының күміс жүлдегері әлемдік рейтингте 700 ұпайа ие болады.
0 пікірлер