Дзюдошы Жанар Қашкын – Азиада ойындарының қола жүлдегері
Кешегі күн дзюдодан Қазақстанның ұлттық құрамасы үшін тағы бір алқасын тарту етті. Нанкин қаласында (Қытай) жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азиада ойындарында 63 келі салмақ дәрежесінде белдескен дзюдошымыз Жанар Қашқын қоладан алқа тағынды.
ТОП-7 дзюдошылардың қатарына тағы да үш спортшымыз енді. 81 келіде өнер көрсеткен Ерасыл Болат пен Аида Карчаевалар (44 кг) бесінші орынға табан тіресе, ал Әйгерім Аманжанова 52 келіде белдесіп, жетінші орынға жайғасты. Осылайша, 33 елдің спортшылары қатысқан дүбірлі додада қазақстандық құрама жалпыкомандалық рейтингте алтыншы орынды қанағат тұтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық дзюдошы Анатолий Дураченко 55 келі салмақ санатында жүлделі үшінші орыннан көрінген болатын.
16 тамызда басталған жасөспірімдер арасындағы екінші Азиада ойындары 24 тамызға дейін жалғасын табады. 17 спорттың түрін қамтыған бағдарламаға келесідей спорттың түрлері енген: жеңіл атлетика, бадминтон, баскетбол, семсерлесу, футбол, гольф, гандбол, регби, ату спорты, сквош, үстел теннисі, теннис, ауыр атлетика, жүзу және суға секіру. Медаль үшін 45 азиялық мемлекеттердің 2 430 спортшысы бақтарын сынауда.
0 пікірлер