Тель-Авив Гран Приінің екінші күнінде қазақстандықтар жүлдесіз қалды
Бүгін Тель-Авивте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы гран при бәсекесінің екінші жарыс күндері өтіп жатыр. Ерлер 73, 81, әйелдер 63, 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтауда.
Жарыстың екінші күнінде татамиге 6 қазақстандық спортшы шығып, барлығы іріктеу кезеңінде жеңіліп қалды.
Серік Ақылбек (73 кг) бірінші айналымда Виктор Стерпуді (Молдова) ұтқанымен екінші айналымда Чайни Гюллаумеге (Франция) есе жіберді. Дәл осы салмақта Жансай Смағұлов бірінші Александер Турнерді (АҚШ), одан кейін Габун Константинді (Канада) жеңіп, жарысты сәтті бастаған болатын. Ширек финалдық жолдама үшін таласта оны тәжікстан балуаны Бехрузи Хожазода иппон ұпайымен таза жеңіп, жарыстан шығарды.
Дидар Хамза (81 кг) алғашқы қарсыласы Александер Уицерцекке есе жіберсе, Руслан Мусаев (81 кг) екінші айналымда грузиялық Лука Майсурадзеден ұтылып қалды.
Әйелдер арасында татамимге Мөлдір Нарынова мен Зере Бектасқызы шыққан болатын. Өкінішке қарай, екеуі де алғашқы белдесуде-ақ жеңіліс тапты.
Тель-Авив Гран Приі қаңтардың 25-іне дейін созылады. Оған 83 елден 547 спортшы қатысып жатыр.
0 пікірлер