World Judo Masters: қазақстандық дзюдошылар жарыстың бірінші күнінде жүлдесіз қалды
Циндаода (Қытай) дзюдодан әлемдік «Masters» турнирі басталды. Жарыстың бірінші күнінде ерлер 60 және 66 келіге дейінгі салмақта, әйелдер 48, 52 және 57 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде татамиге шықты.
60 келіге дейінгі салмақта белдескен қос қазақстандық балуан Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев кіші финалда жеңіліп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Елдос Сметов ресейлік Роберт Мшвидобадзеге есе жіберсе, Ғұсман Қырғызбаевты өзбекстандық Шарафоддин Лутфиллаев жарыстан шығарды.
Ал 66 келіге дейінгі салмақта белдескен Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжанов іріктеу кезеңінде қарсыластарынан жеңіліп, жарыстан жүлдесіз қалды.
Әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақтағы дзюдошы Севара Нишанбаева алғашқы айналымда-ақ ұтылса, Галбадрах Отгонцэцэг 7 орын алды. Оны ширек финалда косовалық Дистрия Красники ұтса, жұбаныш белдесуінде ресейлік Ирина Долгова айласын асырып кетті.
Айта кетерлігі, «Masters» турниріне әлемнің 67 елінен 447 спортшы бақ сынайды. 14 желтоқсанға дейін жалғасатын додаға Қазақстан сапынан 9 дзюдошы қатысады.
0 пікірлер