Асхат Жіткеев: Қазір дзюдоның «алтын» уақыты деп айта аламын
Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында спортшылардың дайындығы, алдағы жарыстары, допинг проблемасы мен дзюдодағы жалақы туралы айтты.
– Сұхбаттың басында күні кеше Ақтауда өткен Азия кубогын қорытындылай кетсек. Жарыс қалай өтті?
– Ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Азия дзюдо одағының спорт директоры Дэвид Картер, Азия дзюдо одағының төрешілер комиссиясының мүшесі Мун Ба Е, Орталық Азия елдерінің рефери директоры Нұртазин Мұхсин келді. Жарыс жақсы өтті. Төрелігіне де шағым болмады. Келген қонақтар риза болып қайтты. Қазақстандық дзюдошылар 4 алтын жеңіп алды. Атап айтқанда, Анна Казюлина, Иоланта Бердібекова, Виктор Демьяненко, Есет Қуанов жеңімпаз атанды, өзге спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Сондай-ақ Венгрияда Гран При додасы өтті. Дзюдошыларымыз нәтижесі көңіліңізден шықты ма?
– Гран Приде дзюдошыларымыз жақсы күресіп шықты. Елдос Сметов жеңімпаз атанса, Елдос Жұмақанов күміс жүлде алды. Енді әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Будапешттегі жарыстың алдында үлкен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Токиодағы әлем чемпионатына осы құраммен барып қалуымыз әбден мүмкін. Қазір олар Аманбөктерде дайындығын пысықтап, бес күн ет жеп, қымыз ішіп күш жинауға кетті. Бұл қайта қалпына келтіру жиыны. 26-28 шілде күндері Хорватияның Загреб қаласында өтетін Гран При турниріне 11 спортшымыз қатысады.
– Биыл тағы бір тарихи оқиғаға куә болдық. Универсиадада қазақ дзюдошысы тұңғыш алтынын алды.
– Көп күткен алтын жүлдеміз биыл шықты. Универсиаданың жалғыз алтынын дзюдошымыз алды. Ғалымжан Қырықбай әлі жас, болашағынан күтетін үміт көп.
– Жанкүйерлеріңізге спортшы мансабын аяқтаған Асхат Жіткеев қызық. Қазір білуімізше дзюдо федерациясының бас хатшысы қызметін атқарасыз. Нақты қандай жұмыс атқарасыз?
– Қазақстан дзюдосының дамуына жұмыс атқарып жатырмыз. Еліміздің облыстарында қанша жаттықтырушы бар, олар қалай жұмыс істеп жатыр соны қадағалап, статистика жасаймыз. Біздің міндет - Қазақстанда дзюдоны дамыту. Жасөспірім, жастар құрамасында мықты жас спортшыларымыз көп.
– Күзде елімізде әлем чемпионаты өткелі жатыр. Дайындық қалай?
– Қыркүйек айында Алматы қаласында жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Бізден екі құрама қатысады деп жоспарлап отырмыз. Басында дүбірлі доданы өткізуге Ұлан-Батыр, Абу-Даби және Алматы ниет білдірген. Халықаралық дзюдо федерациясының жарыс қожайынын таңдауға қатал қарайды. Бұған дейін ірі турнир өткізді ме, инфрақұрылым қандай деген секілді. Біз 2015 жылы әлем чемпионатын өткізгеннен кейін бізге тағы сенім артып отыр.
– IJF acedemy ұйымдастырған жаттықтырушыларға арналған Level 1 бағдарламасы туралы айта кетсеңіз. Елімізде 1 легін жаттықтырушылар аяқтады. Қандай да бір нәтиже бар ма? Екіншісі қашан басталады?
– Бұл бапкерлерге арналған IJF acedemy ұйымының жобасы. Жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға таптырмас мүмкін. Жалпы, бұл үш кезеңнен тұратын бағдарлама. Level 1 кезеңінде базалық білім беріледі. Қандай, қанша техника барын жапон әдістемесі бойынша өтіп, аяқталысымен барлығы тест тапсырды. Теориясы басында үш ай онлайн өтті. Бұдан сәтті өткендер тәжірибе жүзінде сабақ алды. 60 бапкеріміз бірінші кезеңді сәтті тәмәмдады. Жаттықтырушылар еліміздің түкпір-түкпірінен, ауыл-аймақтардан келді. Енді олар білген-түйгендерін дайындық кезінде іс жүзінде қолданып жатыр.
Level бағдарламасы дипломы халықаралық стандартқа сәйкес. Дзюдо саласында осы үш кезеңді аяқтаған жаттықтырушы әлемнің кез келген жерінде жұмыс істей алады.
– Ал төрешілердің біліктілігін арттыру жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Төрешілердің үш категориясы бар. Біріншісі – Ұлттық санат. Олар еліміздің ішкі жарыстарында қазылық етеді. Одан кейін Continental санатында 30 шақты төрешіміз бар. Ал Олимпиада секілді ірі додаларында жұмыс істеу үшін International санаты қажет. Мұндай дәрежеде 3-4 төрешіміз бар. Бірақ олар Олимпиадаға ілінбеді. Халықаралық дзюдо федерациясы төрт жылдықтың басты ойындарына 20 төрешіні іріктеп алды. Жақында Нұртазин Мұхсин төрт жылға Орта Азиядағы аға рефери директоры атанды. Осы уақыт аралығында ол кісі Қазақстан, Қырғызстан, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстанда өтетін жарыстарда төрешілікке жауап береді.
– Жастар құрамасының тізгінін ұстаған Азамат Мұқанов пен Айбек Имашевтың жұмысы жайлы не айта аласыз?
– Өздері спортшы мансабын жақында ғана аяқтаған. Әлі көп еңбектену қажет. Бірақ менің ойымша, құрамаға дәл осындай жас мамандар қажет. Жаттығу жиындарында тек көрсетіп қана қоймайды, қажет болса татамиде өздері күресіп, балуандардың қандай бабында екенін біліп алады. Биыл жастарымыз Азия чемпионатына, сосын Мароккода әлем чемпионатына қатысады.
Ал ұлттық құраманы тәжірибелі Айдын Құдайбергенұлы Смағұлов жаттықтырады. Жақсы команда жасақтап алды. Әр салмақты жеке-жеке бапкерлер қадағалап, жаттықтырып жүр. Тек жалпылама ғана емес, әр спортшымен жеке жұмыс істеліп жатыр. Жапониядан Шинтара Чихаро есімді жаттықтырушы көмектесіп жүр.
– Олимпиадаға бір жыл қалды. Спортшыларымыздың жағдайы қалай?
– Әр салмақта екі спортшымыздан бар. Рейтингінгілері әзірге жақсы. 60 келіде Елдос Сметов 5-ші, Ғұсман Қырғызбаев 11-ші орында тұр. 66 келіде Ерлан Серікжанов 8-ші, Елдос Жұмақанов 11-ші орында тұрақтаған. Жансай Смағұловтың салмағында Ақылбек Серік деген балуанымыз бар. Дидар Хамза менРуслан Мусаев бір салмақта иық тірестіріп жүр. 90 келінің мықтысы Ислам Бозбаевтың қасында Ерсұлтан Мұзаппаров секілді жас балуанымыз тәжірибе жинақтауда. Ал ең ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев белдеседі. Барлық спортшымыздан үміт күтеміз. Алда әлем чемпионаты бар, одан кейін Олимпиадаға айына ай сайын Гран При, Гранд Слэм жарыстары өтеді.
– Токио Олимпиадасына толық құраммен жолдама ала аламыз ба?
– 18 тікелей жолдама бар және 5-6 жолдама құрлыққа беріледі. Олимпиадада әр салмақта 28 балуан жүлдеге таласатын болады. Басқа спорттардан медальдар алынып жатса, дзюдода керісінше бір жүлде қосылды. Токиода дзюдо спортынан аралас командалық жарыс болады. Әзірге тек Азия және әлем чемпионатында құрамалар командалық жарыста бақ сынап жүр. Олимпиадада араласкомандалық жарыста12 не 16 құрама жүлдеге таласады. Нақты шешілмеді.
Дәл қазіргі жоспар - жолдама алу. Бұйырса, толық құраммен баруды жоспарлап отырмыз. Қыздардан үш лицензия алсақ, ерлер 7-8 жолдама болса. Бірақ тура қазір Олимпиадада кімнің жеңіске жетуі мүмкін, кім қандай орын алатынын болжай алмаймыз.
– Жанкүйерлерді алаңдатып жүрген сұрақ. Қыздардан халықаралық сындарда тек Отгонцэцэг Галбадрахты жүлдегерлер қатарынан көріп тұрамыз. Басқа қыздарымыздың халі қалай?
– Жақында қыздар құрамасының тізгініне Ерлан Алыспаев келді. Қазір Олимпиаданың жолдамасын алады деген 2-3 қызымыз бар. Олар алдағы жарыстардың барлығына қатысып, рейтингі жинауға тырысады. Севара Нишанбаева, Зарина Райфова, жас балуандардың ішінде Ақтаудағы Азия Кубогында топ жарған Иоланта Бердибекова әлем чемпионатына қатысады. Одан кейін кім жолдамаға жақын тұрады соларға көбірек көңіл бөлінеді. Құрама сапындағы қыздардың көбі жас болғандықтан олардан нәтиже күту әлі ерте. Болашақта өздерін көрсетеді. 2024 жылғы Олимпиадада атой салады деген үмітіміз бар.
– Федерациясы тарапынан дзюдошыларымызға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– Федерациямызға Ұлттық Олимпиада комитеті мен Спорттық жекпе жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы көмек қолын созуда. Спортшыларымызға бар жағдай жасалып жатыр. Бұрын дәрігер, массаж жасаушыларымыз болмаған еді. Қазір еліміздегі дзюдоның «алтын» уақыты деп нақты айта аламын. Киімдері бар, жалақыларын алып жатыр, шығамын деген жағына шығып жатыр.
– Қазақстаның спортының басты проблемасы – балалар спорты. Дзюдода бұл жағы қалай?
– Петропавл секілді солтүстік облыстарда басқа аймақтарға қарағанда сәл артта келеді. Бірақ бұл жақта да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Әр облыста балалар спортынан анализ жасалады. Оның үстіне жаттықтырушыларымыздың саны да артып келеді. Қазір елімізде 1150 бапкер бар. Статистика министрлігінің мәліметінше Қазақстанда 75 мың бала дзюдомен айналысады екен. Облыстарда жаттығу залдары, татамилер бар, кимоно алуға көмектесеміз.
– Әлемдік спорттың басты жауы – допинг. Дзюдо федерациясы осы бағытта қандай жұмыс атқарып жатыр?
– Допингке қарсы орталықпен жақсы байланыстамыз. Спортшыларымыз семинарларға, лекцияларға қатысып, білмегендерін үйренеді. Допингтің қауіптілігі туралы түсіндіреді. Бірақ витаминизация жақсы болған кезде допингтің қажеті жоқ. Екі жағдай болды. Балаларымыз білместікпен істеген. Қазақстан чемпионатында 81 келіде бір спортшы ұсталды. Одан кейін Еламан Ерғалиев. Оның айтуынша денсаулығы сыр бергеннен кейін дәрі қабылдаған. Соның құрамында тыйым салынған заттар болған. Бұл да түсініксіз жайт.
– Дзюдошылардың жалақысы қалай? Дзюдошы бола жүріп байып кету қаншалықты мүмкін?
– Көбі Ұлттық Олимпиада комитетінен жалақы алады. Ұлттық құраманың 1-2-3 нөмірлеріне дзюдо федерациясы, конфедерация айлық төлейді. Одан бөлек облыстар қолдау көрсетеді. Футболмен салыстарғанда жалақымыз әрине аз. Бірақ дзюдомен айналысуға жетеді. Мүмкін болашақта Олимпиадада, әлем чемпионатында жеңімпаз атанған дзюдошыларымыз футболдағыдай үлкен жалақы алатын шығар.
0 пікірлер