Ғұмар Қырғызбаев: Шын мықтыны татами көрсетеді
26-28 шілде күндері Хорватия астанасы Загребте дзюдодан кезекті Гран При турнирі өтеді. Аталмыш жарыста 66 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайтын Ғұмар Қырғызбаев кіл мықтылар жиналған жарыстың тартысты өтетін айтты.
- Мен үшін бұл жарыс өте тартысты болады деп ойлаймын. Себебі, дәл осы жарысқа әлем рейтингінде жоғары тұрған спортшылар қатысайын деп жатыр. Гран При жарстарының бірнеше дүркін чемпионы, Мастерс турнирының жеңімпазы моңғолиялық палуан Ганболд Херленг, Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Оңтүстік Кореялық Ан Баул, Әлем чемпионы, әлем біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері, жақында ғана Еуропа чемпионы атанған украиналық Георгий Зантарая, Гран При жеңімпазы молдован Виеру Денис сынды әлемдік турнирлерде көш бастап жүрген балуандар басты қарсыласым болмақ. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін есе жіберген қарсыластарымнан есемді қайтарсам деп келдім.
Ертең басталатын Гран При турниріне дайындығым жақсы.Кез келген жарысқа спортшылар «жеңемін!» деп келеді ғой. Ал шын мықтыны ертең татами көрсетпек, - дейді, жарысқа қатысушы Ғұмар Қырғызбаев.
Естеріңізге сала кетсек, Загреб татамиінде 3 күн бойы әлемнің 90 елінен келген 600-ден аса дзюдошылар бақ сынайды. Ал Қазақстан құрамасынан 11 дзюдошы татамиге шықпақ.
Айта кетерлігі, Гран При турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне әлемдік рейтингте ұпай сандары қосылады. Атап айтқанда, жеңімпазға – 700, ІІ орынға – 490, ІІІ орынға – 350 ұпайдан беріледі.
0 пікірлер