Ақтауда Азия кубогының баспасөз конференциясы өтті
Бүгін Ақтауда дзюдодан Азия кубогына арналған баспасөз жиыны өтті. Баспасөз конференциясына JUA спорт директоры Дэвид Картер, JUA төрешілер алқасының мүшесі Мун БА Е, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев, Маңғыстау дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев, Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарушы Джалимов Нұрлан, дзюдодан Орта Азия бойынша аға төреші Мұхсин Нұртазин қатысты.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев жарыста олимпиадалық рейтингте ұпай қосылатынын айтты.
- Қазіргі таңда барлық дзюдошылар үшін әлемдік рейтингте ұпай сандары маңызды болып отыр. Ақтауда өткелі отырған жарыста жеңімпаздарға - 100, 2 орын алған дзюдошыларға - 60 ұпай, 3 орын иегерлеріне 40 ұпайдан қосылады. Бұл қатысушы споршыларға әлемдік рейтингте ұпай сандарын көбейтіп алуға жақсы мүмкіндік. Себебі, Олимпиада рейтингінде 10 ұпайға дейін өте үлкен рөл ойнайды, - дейді Асхат Житкеев. Сондай-ақ, «Қазақстан әйелдер құрамасы толық құрамда, ал ерлер құрама командасынан қосалқы құрамдағы спортшылар қатысады. Себебі, ерлер командасының негізгі құрамы кеше ғана Будапештте өткен Гран При турниріне қатысып, алдағы Әлем біріншілігіне қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір жағынан, жарысқа қатысатын спортшылардың тәжірибе жинап, шеберліктерін шыңдауға көп көмектеседі»-, деп қорытындылады сөзін Асхат Житкеев.
Өз кезегінде Азия дзюдо одағының спорт директоры Дэвид Картер жарыстың маңыздылығы артып, деңгейі өсіп жатқанын жасырмады.
- Былтыр бірінші рет ұйымдастырылғанда қатысушы елдер де, спортшылар саны да аз болған болатын. Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа қатысушы елдер саны өскені қуантады. Сонымен қатар, тек Азия емес, Еуропа құрлығының спортшылары да бақ сынауға келіп жатыр. Дәл осындай қарқынмен жыл сайын жоғары дәрежеде өтетін болса, жарыс дәрежесі де өсуі мүмкін, - дейді Дэвид Картер.
Баспасөз конференциясының соңында жарыс жеребесі тартылып, спортшылардың алғашқы қарсыластары белгілі болды. 18-19 шілде күндері өтетін байрақты бәсекеге 11 елден 174 спортшы қатысады. Оның ішінде 55 әйел, 119 ер спортшыны құрайды.
Жарыс күн сайын сағат 10:00-де басталып, финалдық кезеңдер сағат 17:00-де өтеді. «Маңғыстау Аренада»ұйымдастырвлып жатқан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия Кубогына кіру тегін.
0 пікірлер