Ғалымжан Қырықбай: Универсиадаға алтын алуға келдім
Италияның Неаполь қаласында Дүниежүзілік ХХХ жазғы Универсиада ойындары өтіп жатыр. Байрақты бәсекенің үшінші күнінде бүгін ел қоржынына алтын медааль түсті. Дзюдошы Ғалымжан Қырықбай абсолют салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ол тек қана Универсиада чемпионы атанбай, Қазақстан дзюдо тарихына «дзюдодан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Универсиада Чемпионы» деген атын енгізді. Біз жеңімпазымызды құттықтап, жарыс туралы толығырақ білу үшін Ғалымжанды әңгімеге тарттық.
-Алтын құтты болсын! Жалпы, осы жарысты қорытындылай кетсең: қалай болды?
- Жарыс мен үшін өте сәтті өтті. Өздеріңіз білетіндей, Универсиада алтыны – менің дзюдодан кәсіби спорттағы алғашқы алтыным, тіпті, аалғашқы жүлдем десем де болады.
-Универсиада алдында жоспар қандай еді? Бапкерлер тапсырмасы қалай болды?
- Бапкерлер біздің барлығымызға сенді. Жарыс алдында медаль алу керек деп айтты. Менің өзіме қойған мақсатым - Чемпион атану еді. Бүгін міне Аллаға шүкір, жоспарым орындалып, ел қоржынына алғашқы алтынды салдық. Өз салмағымда күресіп, ұтылып қалғаныммен, абсолют салмақта Чемпион атанып отырмын.
- Финалдағы кездесуің туралы айта кетсең
- Финалдағы қарсыласым франциялық дзюдошы Хадриен Ливольси болды. Финалға осал спортшы шықпайды ғой. Күрес барысында қарсыласым өзінің қателігінен 3 ескерту қағазын алды да, жеңіс маған берілді.
- Бүгінгі күрескен қарсыластарыңмен алдын кездестің бе? Финалға дейінгі белдесулер қалай болды?
- Іріктеу кезеңінің екінші айналымындағы германиялық Бенжамин Боюзгарнмен 2014 жылы халықаралық турнирде кездескенбіз. Ол кезде мен ұтылып қалған болатынмын. Бүгін есемді қайтардым. Одан басқа қарсыластарыммен татамиде бірінші рет күресіп отырмын. Ал олармен болған белдесулерге тоқталатын болсам, бірінші кездесуім түркімен балуанына қарсы өтті. Ибрагим Союновты өзімнің сүйікті әдісімді қолданып, уақытынан бұрын таза жеңдім. Екінші кездесуімде де осы әдіспен германиялық спортшыны уақытынан бұрын оңай ұттым. Ал ширек финалда өзбек балуаны Давлат Бобоновпен күрестім. Ол кезде қарсыласымның әдісіне қарсы әдіс қолдандым. Жартылай финалда қырғызстандық Ерлан Шеровты да өзіне қарсы әдіс қолдану арқылы жеңдім.
- Сүйікті әдісім деп қалдың. Ол қандай әдіс?
- Аяқты сырттан шалу әдісі
- Белдесу ішінде қиынға соққаны қайссы болды?
- Барлық белдесу оңай болған жоқ. Бірақ, жартылай финалдық белдесу ерекше болды. Қарсыласым мықты екен. Онымен голден скорға дейін, қосымша уақытқа дейін күрестік. Нәтижесінде, белдесудің 6-шы минутында мен жеңіске жеттім.
-Сұрақтарға жауап бергеніңе көп рақмет! Тағы да жеңімпаз атануыңмен құттықтаймыз!
-Көп рақмет! Әрине, бұл жалғыз менің жүлдем емес. Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Мені, бізді қолдаған барша жанкүйерлерге алғыс айтамын! Әсіресе, алғашқы бапкерлерім Бекажан Құрамыс пен Бахтияр Ақбергенов ағайларыма, жеке бапкерім Ғалымжан Жылгелдиевке, Айдын Смағұлов бастаған дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасына, бапкерлер құрамына ерекше рахметімді айтқым келеді! Бізге сенім артқандарыңызға көп рақмет! Жеңісті күндеріміз көп болсын!
Анықтама: Ғалымжан Қырықбай 1997 жылы 7 қарашада қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. Дзюдомен 14 жасынан бастап шұғылданады. Қазіргі таңда Тараз қаласында тұрады. М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқиды.
Фото: Olypmic.kz
0 пікірлер