Нұр-Сұлтанда ҚР ҰОК мен Қазақстан дзюдо федерациясының өкілдерімен бірлескен жиын өтті
Нұр-Сұлтанда Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров пен ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбековтың жетекшілігімен Федерация мен ҚР ҰОК бірлескен жиыны өтті. Бірлескен жиынға Спорт және мәдениет вице-министрі Елдос Рамазанов, ҚР ҰОК мен Федерация өкілдері қатысты.
Жиынның басты тақырыбы 24-29 қыркүйек күндері Алматы қаласында өткізілетін жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты мен Қазақстан Ұлттық құрама командасының төрт жылдықтың басты додасы саналған Олимпиада ойындарына дайындық мәселелері талқыланды.
«Қазіргі таңда біздің ұлттық құрма командамыз үшін ең басты мақсат -Олимпида ойындарына жолдама алу. Ұпай беретін рейтингтік барлық турнирдің біз үшін өте маңызды екенін спортшылар да, бапкерлер құрамы да жақсы біледі. Біз өз кезегімізде ҚР ҰОК мен Спорт және Мәдениет министрлігімен спортшыларымыздың Олимпиада ойындарына нәтижелі дайындық жүргізулері үшін қолдан келгенше барлығын жасаймыз», деп атап өтті Қ.Қожамжаров.
«Жақында ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың жетекшілігімен жазғы спорт түрлерінің, соның ішінде дзюдодан да алдағы Олимпиада ойындарына дайындықтары туралы жиын өтті. Жиын барысында бас бапкерлер Олимпиада ойындарына дайындық жоспарларымен бөлісіп, мазалаған сұрақтарын ортаға тастады. Жиында айтылған барлық проблемалық жағдайлар қазіргі таңда Ұлттық Олимпиадалық комитетінің тікелей бақылауында» деді С.Мұсайбеков. Сондай-ақ, бас хатшы ҚР ҰОК былтырдан бері Жапония префектурасындағы спорт базаларында оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Бұл жазғы ойындар алдында Олимпида ойындарын өткізуші елдің климатына бейімделуге жақсы мүмкіндік береді. Осыған орай, дзюдодан Қазақстан құрамасы Жапонияда биыл және 2020 жылы екі оқу жаттығу-жиынын өткізеді.
Федерация өкілдері Фуджейрада (БАӘ) дзюдодан өткен Азия чемпионатын қорытындылады. Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық спортшылар құрлықтық біріншілікте бір алтын, екі күміс және үш қола жүлде жеңіп алған болатын. Ерлан Серікжанов (60 кг) Азия чемпионы атанса, Елдос Жұмақанов (66 кг) пен Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) күміс жүлдегер атанды. Ал Ғұсман Қырғызбаев (60 кг), Севара Нишанбаева (57 кг) мен Ислам Бозбаев (90 кг) қолаға қол жеткізген еді.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген семинарға тоқталды. Сәуір айында Алматыда өткен шара Халықаралық дзюдо федерациясы мен ХОК «Олимпиадалық Ынтымақтастық» жобасы негізінде өткен болатын.
Спорттық кадрларды, соның ішінде федерцияның спорттық менеджерлерін дайындау үшін қазіргі таңда Жапонияға оқуға жіберу туралы келіссөздер жүргізіліп отырғаны да айтылды.
Жиын соңында Халықаралық дзюдо федерациясы мен Ұлттық Олимпиадалық комитеті арасында Қазақстан өңірлеріндегі жалпы орта білім беретін мектептерді спорттық құрал-жабдықтармен қайтарымсыз негізде қамтамасыз ету бойынша келісімге қол қойылды. Айта кетсек, жақында IJF президенті Мариус Визер Қазақстанға келгенде елімізде дзюдо бойынша оқу бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Енді еліміздің белгілі 20 мектебі жаңа оқу жылынан бастап осы бағдарлама аясында балаларға арналған дзюдо секциялары өз жұмысын бастайды.
0 пікірлер