Айдын Смағұлов дзюдодан Азия Чемпионатын қорытындылады
Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында дзюдодан кезекті Азия чемпионаты аяқталып, құрлық додасынан қазақстандық спортшылар алты медаль жеңіп алды. Оның ішінде, 66 келідегі Ерлан Серікжанов иеленген алтын жүлде де бар. Ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, біріншілікті қорытындылады.
- Азия чемпионаты біздің спортшылар үшін ойдағыдай аяқталды. 60 келідегі Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалда тәжірибелі жапон балуанынан жеңілді. Ал қола медаль үшін күресте өзбектің айтулы спортшысын жеңіп, құрлық сынынан қоламен оралып отыр.
66 келіде екі бірдей балуанымыздың финалға дейін сүрінбегені қуантады. Елдос Жұмақанов моңғолиялық қарсыласымен өткен кездесуде иығын жарақаттап алған соң, финалға шығудан бас тартты. Жарақатты одан әрі ушықтырмайық деген шешімге келдік.
73 келідегі Серік Ақылбек әлі жас балуандардың бірі. Тәжірибе жетіспегендіктен жүлдеден қағылды.
81 келідегі Дидар Хамза мен Руслан Мұсаев жартылай финалда жеңіліп, кейін қола медальдан да көз жазып қалды. Дидардың финалға өтпеуіне төрешілерді немесе басқаларды кінәлауға болмайды. Руслан да, Дидар да өздерінің қателігінен медальсіз қалды.
90 келідегі Ислам бозбаев финалға жолдама беретін белдесуде өте тәжірибелі тәжік балуанынан жеңілді. Негізі, Исламның ұтатын орны еді... Дегенмен, бұл спорт. Қола медаль үшін күресте әлем чемпионатының қола жүлдегерін жеңді.
Ал 100 келідегі Айбек Серікбаев пен аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаевтар өз деңгейінде күресіп шықты.
Біздің басты мақсатымыз – Олимпиада ойындарына ұпай жинау екенін білесіздер. Осы мақсат жолына әрі қарай да еңбек етеміз, - дейді Айдын Смағұлов.
0 пікірлер