Ерлан Серікжанов: Фуджейраға Чемпион болу үшін келдім

12:59 | 21 сәуір 2019

20 сәуір Фуджейрада дзюдодан Азия Чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының дзюдошылары 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен медаль кестесінде көш бастады.

Жарыстың бірінші күнінде күллі қазақты қуантқаны екі қазақстандық дзюдошының финалға шығуы болды. Финалға шығып, Азия чемпионы атанған Ерлан Серікжанов Фуджейраға алтын медаль үшін келгенін айтып, жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.

-Жарысты қорытындылап берсең: қалай өтті? Дайындық қалай болды? Мақсат қандай еді?

- Фуджейрада өтіп жатқан Азия чемпонатына дайындығым өте жақсы болды. Біріккен Араб Әмірліктеріне тыңғылықты дайындықпен, жақсы формада келдім. Азия Чемпионатының алдында қойылған мақсатым – алтын алу еді.

Фуджейраға Чемпион болу үшін келдім. Өздеріңіз көргендей, жоспар орындалып, Азия чемпионы атандым.

- Бір елден бір салмақта екі спортшы аттандыңдар. Финалда кездесеміз деп ойладыңдар ма? Екеуің финалда күрескенде кім жеңер еді деп ойлайсың?

- Иә. Азия чемпионатына құрам белгілі болған сәттен бастап бапкерлердің мақсаты осы салмақта екі қазақты финалға шығару болды. Елдос Жұмақанов екеуміз де өте жақсы формада келдік. Екеуміз де финалға шығатынымзды білдік. Ал финалда күрескенде кім жеңетін еді деген сұраққа ештеңе айта алмаймын. Оны екеуміз тағы кездесіп, күрескенде ғана білуге болады.

28bf54031d594d74139b7de82ec171b6.JPG

- Осы жарыста күрескен екі қарсыласың да жас болған сияқты...

- Иә, екеуімен де бірінші рет кездестім. Бірінші кездесуім Жаслен Синх Саини есімді үнді балуанына қарсы өтті. Оны өзімнен асыра лақтыру әдісін жасап, вазари ұпайына ие болдым және сол жерден тоқтамай партерде ұстау әдісін жалғастырып, белдесуді уақытынан бұрын ұттым. Ал екінші қарсыласым қырғызстандық жас балуан Алмаз Алтынбекуулы болды. Оны да екі рет әдіске тастап, иппонмен уақытынан бұрын жеңдім.

- Финалда, жартылай финалда күреспей өткендеріңді көріп, көбісі сені «жолы болғыш» дейді. Мұнымен қаншалықты келісесің?

Жеребе нәтижесі бойынша бірінші айналымда сетка бос болып, жарысқа екінші айналымнан қосылдым. Сөйтіп 5 айналымның 2-еуінде күрестім, ал тағы 2-еуінде қарсыластарымның жарақаттарына байланысты автоматты түрде жеңіске ие болып отырдым.

«Жолы болғыш» деген пікірге келсек, расымен жолым болғыш сияқты. Әрі қарай да жолымыз бола берсін деп тілеймін.

- Ұлттық құрама сапында 2018 жылдан күресіп келесің. Бұл сенің ересектер арасында әлемдік жарыстардан алған алғашқы алтының. Жеңіс тұғырындағы сезімің қандай болды?

- Әрине, сезім ерекше болды. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы жарыста ең бірінші мені қуантқаны – бас бапкердің бізге қойған сенімін ақтағанымыз.

- Тұщымды жауаптарыңа көп рақмет! Қуанышыңа ортақпыз! Алдағы жарыстарға сәттілік тілейміз!

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар