Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының бірінші күнінде 5 медаль жеңіп алды
Бүгін БАӘ Фуджейра қаласында дзюдодан Азия Чемпионаты басталды. Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан Ұлттық құрама командасы 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен медаль кестесінде көш бастады.
Бүгін ерлер 60 және 66 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде күрессе, әйелдер 48, 52, 57 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтады. Тиісінше, Қазақстан сапынан бүгін Ғұсман Қырғызбаев, Ерлан Серікжанов, Елдос Жұмақанов, Ақмарал Науатбек, Галбадрах Отгонцэцэг, Анна Казюлина, Севара Нишанбаевалар күресті.
48 келіге дейінгі салмақта Отгонцэцэг Галбадрах күміс жүлдеге ие болса, Ақмарал Науатбек жұбаныш финлында қарсыласына есе жіберіп, жарысты 5-ші орынмен аяқтады.
Қыздарымыздан 57 келіге дейінгі салмақта күрескен Севара Нишанбаева жұбаныш финалында қытайлық Лу Тонгжуанды қосымша уақытта ұтып, қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатының бірінші күнінде татамиге үш спортшы шықса, үшеуі де жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, 60 келіге дейінгі салмақа күрескен Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанса, 66 келіге дейінгі салмақта қос қазақстандық спортшы финалға жолдама алды. Алайда, Елдос Жұмақанов иығын жарақаттап алғандықтан, финалда күреске шықпады. Нәтижесінде жеңіс қарсыласы саналған екінші қазақстандық дзюдошы Ерлан Серікжановқа берілді.
Осылайша, Қазақстан Ұлттық құрма командасы БАӘ өтіп жатқан Азия чемпионатының бірінші күнінде 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдені жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетсек, Фуджейрада жалауын көтерген Азия біріншілігі 24-ші сәуірге дейін жалғасады. Құрлықтық біріншілікке Қазақстанмен қатар Азияның 40 елінен спортшылар қатысып жатыр.
0 пікірлер