ЕЛДОС СМЕТОВ: МЕНІҢ СПОРТТА ҚАЛУЫМА СЕБЕП БОЛҒАН ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫ
Дзюдодан 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, 2015 жылғы әлем чемпионы, 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемдік Гран-при және Grand Slam турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Елдос Сметов Olympic.kz сайтына сұхбат берді. Ұлттық құраманың көшбасшысы саналатын Сметов жақында ғана Анталияда өткен Гран-при кезеңінде қарсылас шыдатпаған болатын. Спортшы дзюдодан тағы бір олимпиадалық циклге қатысу себебін түсіндіріп, әлемдегі өзіне ыңғайсыз қарсыластары туралы да айтты.
- Елдос, биылғы маусымда дзюдодан бірнеше халықаралық сында тұғырдан көріндіңіз. Десе де, сізді жарақат жиі мазалап жүргенін білеміз. Екатеринбургтегі Grand Slam турниріне де қатыспауыңыздың бір себебі осы. Қазіргі кезде денсаулығыңыз қалай?
- Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Спорт болған соң, жарақат та қатар жүреді. Оның үстіне, жекпе-жек түрінде жарақат алмау мүмкін емес. Мұндай кішігірім сырқаттармен күресе береміз. Дәрігерлер нұсқауын толығымен орындап, келесі жарысқа дейін қалпыма келуге, бабыма енуге тырысамын. Бастысы, спорттағы ғұмырыңа балта шабатын, әрі қарай күресуге мүмкіндік бермейтін жарақаттардан сақтасын. Спортшы үшін бұдан асқан өкініш жоқ.
- Бұйырса, жақын арада Қытайдың Хохот қаласындағы турнирге қатысасыз. Сол жарыстан бастап Олимпиада ойындарына толыққанды ұпай беріле бастайды. Әрі қарай әлем чемпионаты да алыс емес. Басты қарсыластар кімдер болуы мүмкін?
- Биылғы әлем чемпионаты дзюдоның отаны Жапонияда өтеді. Демек, ешкімге де оңай болмасы анық. Дзюдода бүгін бағы жанып, барлық қарсыласын қоғадай жапырған спортшы ертең бірінші айналымда-ақ ұтылуы мүмкін. Сол себепті, ешкімді бөле жармай, қарсыластың бәріне бірдей дайындалып, әрқайсысымен алтынға таласатындай сезіммен күресу керек деп есептеймін. Жалпы алғанда, спорттың бұл түрінен фавориттер көп, оның ішінде жапондардың орны ерекше. Өз жерінде өтетін сында олардың аянып қалмайтыны анық. Сондықтан, өзім жапон халқының балуандарын басты қарсылас есептеймін.
- Биылдан бастап дзюдошылар Олимпиада жолдамасы үшін тартысуда. Әрбір жарыста ұпай беріліп, рейтинг түзіліп отырады. Ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов сізді Олимпиададағы басты үміттердің біріне балап отыр. Жалпы, осылардың бәріне психологиялық тұрғыдан дайынсыз ба?
- Шыны керек, мұндай кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттім. Талай жарысқа қатысып, талай мәрте еліміздің байрағын көтердім. Татамиде кіл мықтылармен күресіп жүрмін. Сондықтан, маған үміт артылуы да заңды. Бірақ психологиялық тұрғыдан бұл маған айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені, мен жарыс рухына үйрендім. Мен үшін турнирлердің аты ғана өзгеріп тұрады, ал қарсыластардың барлығы да сол бұрынғы жігіттер. Қарап отырсам, бүгінге дейін Олимпиададан басқа турнирлердің бәрінен алтын алыппын. Рио ойындарының финалында алтынға қол созым жерден тоқтап, күмісті қанағат тұтқанымды білесіздер. Міне, сол Олимпиада алтыны менің спортты аяқтамай, әрі қарай талпынуыма себепкер болып отыр. Олимпиаданың алтыны үшін күресіп жүрмін. Бұйырса, сол арманыма жету үшін бар күшімді саламын.
- Сіз әлемдегі шебер дзюдошылардың бірісіз. Бүгінге дейін сізге ыңғайсыз қарсылас саналған балуан бар ма?
- Маған қарсыластардың барлығы да бірдей. Керісінше, көпшілік балуандар үшін мен ыңғайсыз спортшы саналамын. «Балуанға оңы мен солы бірдей» демекші, мен оң жақпен де, сол жақпен де күресе беремін. Ал көптеген дзюдошылар үшін оң немесе сол жамбасы ыңғайлы.
- Хохоттағы турнирге дайындығығыз қалай?
- Дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біздің спортта демалатын уақыт жоқ. Жарыстар тізбегі бірінен соң бірі жалғасып жатыр. Токио ойындарына жолдама алу үшін әлем балуандары жанталасуда. Солардың қатарында біз де бармыз. Сол себепті, жеңіске жетіп, ұпай жинап, лицензияға иелік ету үшін бар күшімізді саламыз.
Дереккөз: olympic.kz
0 пікірлер