Елдос Сметов пен Галбадрх Отгонцэцэг Гран При турнирінің финалына шықты
Түркияның Анталия қаласында дзюдодан әлемдік Гран При жарысы өтіп жатыр. Қазақстандық дзюдошылар Елдос Сметов (60 кг) пен Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) жарыстың финалына дейін қарсылас шақ келтірмей, финалға жолдама алды.
48 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг жартылай финалда Милиса Николикті жеңіп, жарыстың финалына шықты. Ақтық финалда отандасымыз косовалық Дистрия Красникимен белдеседі.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта күрескен Елдос Сметов жартылай финалда Ұлыбритания спортшысы Эшли Маккензиді иппон ұпайымен ұтып, жарыстың ақтық белдесуіне жолдама алды.
Жартылай финалға дейін Елдос 4 кездесу өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетті. Енді ол жарыстың финалында алтын медаль үшін өзбекстандық балуан Кемран Нуриллаевпен күреседі.
Әлемдік Гран При турнирінің финалдық кезеңдері сағат 20:00-де басталады. Қазақстандық "Qazsport" арнасы жарысты тікелей эфирде көрсетеді.
0 пікірлер