Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Еуропа кубогын қорытындылады

15:52 | 26 наурыз 2019

23-24 наурыз күндері Грекияның Афины қаласында дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогы өтті. Қазақстан жастар құрама командасынан 17 дзюдошы қатысып, оның 7-еуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жарыс аяқталған соң Қазақстан жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы Азамат Мұқанов «маусымды сәтті бастағандарын» айтты.

«Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жақсы болды. Аталмыш жарысқа әлемнің 25 елінен 346 дзюдошы қатысты. Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы құрамаға аға бапкер болып келген Айбек Имашевпен бірге жаңа маусымда бір оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, бір халықаралық жарысқа қатыстық. Құрама да жастар арасында өткен Қазақстан Чемпионатынан кейін жаңадан жасақталды. Жарыс алдындағы жоспарымыз 1 күміс және 2 қола медаль болатын. Жастарымыз 3 күміс және 4 қола жүлдемен жоспарды асыра орындады.

Ал финалға шыққан дзюдошылардың жарысқа шықпағанына біраз болғандықтан финалда тәжірибе жетпеді деп ойлаймын. Жалпы, жастар жаңа маусымды сәтті бастады», - деп, дзюдодан жастар құрама командасының аға бапкері Азамат Мұқанов жарысты қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісті.

«Қазіргі таңда алдағы жарыстарға дайындықты бастап кеттік. Еуропа кубогы аяқталғаннан кейін Афиныда 10 елдің қатысуымен халықаралық оқу-жаттығу жиындары басталды. Шетелдік дзюдошылармен тәжірибе алмасып, 20-21 сәуір күндері Алматы қаласында Б.Махмұтовтың құрметіне арғалған жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогына қатысамыз», - дейді.

Естеріңізге сала кетсек, Афиныда өткен Еуропа кубогында Дамир Болатбеков (60 кг), Ермек Амангелді (66 кг) және Қуандық Стамполов (90 кг) күміс жүлдеге ие болса, Шерзод Давлатов (60 кг), Болат Біләл (60 кг), Рауан Бегалы (66 кг) мен Бекарыс Сәдуақас (100 кг) ел қоржынына 4 қола жүлдені салған болатын.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар