Есет Қуанов: дзюдо – қателікті кешірмейді
Қазақстандық дзюдошылар Германиядан елге оралды. Дюссельдорф татамиінде өткен «Grand Slam» жарысында құрама сапынан ең жақсы нәтиже көрсеткен Есет Қуанов 7-орынға тұрақтады. 66 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз өзінің алғашқы жарысынан кейінгі әсерімен бөлісті.
- Жарысқа дайындығым өте жақсы болды. Ал жоспарым – алтын алу еді, дейді Есет Қуанов, - алғашқы кездесуімде Босния және Герцеговина спортшысы Задро Петермен күресіп, вазари ұпайымен жеңдім. Кездесулер ішінде ең қиынға соққаны осы болды. Себебі, алғашқы күресім болғандықтан ашыла алмадым. Екінші белдесуімде бразилиялық қарсыласым Каргнин Данэльді ақырғы минутта вазари ұпайымен ұттым. Оны ұтқаннан кейін Мысыр балуаны Ахмед Абельрахманды жеңіп, ширек финалға шықтым. Алайда, ширек финалда Оңтүстік Корея дзюдошысы Лим Хван Кимге қосымша уақытта есе жібердім. Жұбаныш белдесуінде күресуде мүмкіндік берілгенімен, өкінішке қарай, оны дұрыс пайдалана алмадым. Моңғол балуаны Башкуу Иондонперенлеймен негізгі уақытта тең түсіп, қатеге жол беріп, жарыстан шықтым.
Жалпы, осы жарыстағы күресіме, нәтижеме көңілім толған жоқ. Өзімнен кеткен қателік – екінші нөмерлі болып күресуім. Алдағы оқу-жаттығу жиындарында бапкерлермен бірге жарыста жіберген қатеммен жұмыс істеймін.
Күресіне көңілі толмаған Есет: «Дюссельдорфта өзімнің толық потенциалымды көрсете алмадым. Жоғарыда айтқанымдай, екінші нөмер болып жұмыс істегенім ең басты қатем болды. Енді қорғаныспен емес, шабуылды үдетуді мақсат етемін», - деп алдағы жоспарымен бөлісті.
2018 жылы дзюдодан ересектер арасында өткен Қазақстан Чемпионатында Есет қола жүлдегер атанып, Ұлттық құрама сапына қосылған болатын. Дюссельдорфта өткен «Grand Slam» Есеттің жаңа маусымдағы алғашқы жарысы болды. Ол бұған дейін самбомен айналысып, 2017 жылы самбодан Әлем Чемпионы атанған еді.
«Самбодан дзюдаға көшу қиын болған жоқ. Самбо мен дзюдо бір-біріне 50% ұқсастығы бар күрес түрлері. Айырмашылығы – аяқтан ұстап әдіс жасау және аяққа ауырту әдісімен қылқындыру. Арманға қол жеткізу мақсатында самбодан дзюдоға өттім», - дейді спортшы Есет.
Әңгіме барысында Есет қарсыластарын да тілге тиек етті: «Менің салмағымда (-66 кг) Қазақстанда мықты күресетін дзюдошылар көп. Олардың барлығын өзіме қарсылас санаймын. Дәл осындай әлемдік додаларда қарсыластарыңды жіті бақылап, әрқайссына назар аудару керек. Себебі, дзюдо қателікті кешірмейді. Барлық жағынан мұқият болған абзал».
Естеріңізге сала кетсек, Германияның Дюссельдорф қаласында 22-24 ақпан күндері дзюдодан «Grand Slam» жарысы өтті. Байрақты бәсекеге 93 елден 848 дзюдошы қатысқан болатын.
0 пікірлер