Елдос Сметов пен Ерлан Серікжанов «Grand Slam» жарысын 7-орында аяқтады
Бүгін Осакада дзюдодан «Grand Slam» жарысы басталды. Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан сапынан татамиге 4 дзюдошы шықты. Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) пен Елдос Жұмақанов (66 кг) алғашқы белдесуде ұтылса, Елдос Сметов (60 кг) пен Ерлан Серікжанов (66 кг) жарыстың жұбаныш белдесуінде қарсыластарына жол беріп, 7-орында аяқтады.
Елдос Сметов алғашқы беледсуінде Бам Моханды (Непал), кейін Магсар Тогтохбаярды (Моңғолия) иппонмен ұтса, ширек финалда ресейлік Яго Абуладзеге, жұбаныш белдесуінде жапониялық Шишиме Торуға жеңілді.
Ал 66 келіге дейінгі салмақта белдескен Ерлан Серікжанов бірінші Шенг-Тинг Хуанды (Тайпей) ұтса, екінші беледсуінде Шейбел Менуэлбді (Германия) жеңді. Алайда, ширек финалда моңғолиялық Башкуу Иондонперенлейге, жұбаныш белдесуінде Арам Григорянға ұтылды.
Айта кетерлігі, халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес «Grand Slam» турнирінің жеңімпазы атанған дзюдошыға әлем рейтингінде 1000 ұпай, күміс жүлдегерге – 700, ал қола жүлдегерге 500 ұпайдан қосылады. Осакада өтетін жарыс қарашаның 25-іне дейін жалғасады.
0 пікірлер