Гүлжан Исанова: Әлем чемпионатында қарсыласыма күшім жетпеді
Бакуде дзюдодан Әлем чемпионатың жекелей сайыстары аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасынан 17 дзюдошы қатысып, оның екеуі жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдегер атанса, Ерлан Серікжанов Әлем чемпионатында күміс медаль иеленді.
Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкер Марат Данайбаевтың айтуынша, Әлем чемпионатында 35 жастағы тәжірибелі дзюдошы Гүлжан Исановаға жүлдегер атанады деп үміт артылған. Алайда, 78 келіден жоғары салмақта күресетін Исанова Әлем чемпионатының бірінші айналымында-ақ пуэрторикалық Мэлисса Можикадан иппон ұпайымен жеңіліп, қарсыласын жол берді. Өзінің 8-ші Әлем чемпионатын сәтсіз аяқтаған Гүлжан Исанова сайтымызға сұхбат беріп, спортпен қашан қоштасатынын айтты.
- Ұлттық құрама дзюдодан Әлем чемпионатына өте жақсы дайындықпен келді. 2018 жылдың басынан бастап біз жылдың маңызды екі жарысына дайындалдық. Біріншісі Джакартада өткен Азия ойындары болса, екіншісі Баку қаласында өткен Әлем чемпионаты еді. 17 күн бұрын өткен Азия ойындарында жақсы күрескеніммен, Әлем чемпионатында жолым болмады.
- Не жетпеді деп ойлайсыз?
- Шынымды айтсам, өзімнің күресімнің бұрынғыдай емес екенін байқаймын. Қазіргі менің қарсыластарым, осы салмақта татамиге шығып жатқан балуандар өте жас, ширақ. Менің жасым да келіп қалған сияқты. Қозғалысым баяу, күрескенде күш те, жылдамдық та жетпей жатыр. Салмақтары да өте ауыр.115, 130 келіге дейін барады. Жас кезімде аса ауыр салмақтағы дзюдошылармен жылдамдыққа жақсы жұмыс істеп, ұтатынмын.
- Бұған дейін пуэрторикалық дзюдошы Мэлисса Можикамен кездестіңіз ба?
- Иа, бұған дейін бір рет кездесіп, ескерту қағазымен ұтылғанмын. 2016 жылы Рио Олимпиадасының алдында Алматы қаласында өткен Гран При турнирының жұбаныш беледсуінде бір рет жеңілдім.
- Осыған дейін кездескен болсаңыз, қарсы әдістер дайындаған шығарсыз...
- Әрине, Әлем чемпионатына қатардағы дзюдошылар келмейді ғой. Барлығы іріктеліп, өз елдерінің мықтыларын алып келді. Тактика ойластырып, оған қарсы күреске дайындалып келгеніммен, нәтижесіз болды.
- Әйелдер құрамасы Әлем чемпионатын Галбадрах Отгонцэцэгтің бір қола медалімен аяқтады. Жалпы, біздің қыздарға не жетпейді деп ойлайсыз?
- Ұлттық құрамадағы қыздар жаттығудың бәрін жақсы жасайды. Қаншама жарысқа барып жүр. Былай қарасаңыз, физикалық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да жақсы жұмыс істейді. Жылына бір емес, бірнеше рет шетелде халықаралық оқу-жаттығу жиындарында болып, өзге дзюдошылармен тәжірибе алмасамыз. Бапкерлердің үйреткенін екі етпей орындайды. Бірақ, сонда да өздеріне өздері сенбейді. Бойларында сенімсіздік басым деп ойлаймын. Бізге осы сенімділік жетпейді.
- Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, 17 күн бұрын Азия ойындарында жүлдегер атандыңыз. Сол туралы айта кетсеңіз.
- Өздеріңіз көргендей, дзюдошылар Азия ойындарында өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Командалық та, жеке сындарда да көрсеткішіміз жаман болмады. Азия ойындарында да, Әлем чемпионатындағы қарсыластарыммен де барлық жарыстарда кездесеміз. Олар менің, мен олардың күрестерімен таныспыз. Жоғарыда айтқанымдай, біз жыл басынан бері Азия ойындары мен Әлем чемпионатына тынбай дайындалдық. Азия ойындарында көрсеткеніммен, Әлем чемпионатында, өкінішке қарай, сол көрсеткішті қайталай алмадым.
- Азия ойындары мен Әлем чемпионатының арасы өте жақын болды. Мұндай көрсеткішке екі жарыстың арасындағы уақыт кедергі келтірді деп ойламайсыз ба?
- Жоқ. Екі маңызды жарыстың қатар тұрғанында ештеңе жоқ. Дзюдодан тек Әлем чемпионаты емес, Гран При, «Үлкен дулыға» сынды жарыстарға айына 2-3 рет қатысамыз. Кәсіби спортшылар жарыстарға демалыссыз қатысып үйреніп қалған десем қате болмайды. Әлем чемпионатындағы сәтсіздігіме тек өзім кінәлімін. Менің күшім жетпеді, салмағым жетпеді. Жасым да келіп қалды.
- Жасым да келіп қалды дейсіз. Спортты қоясыз ба, әлде...
- Шынымды айтсам, бұл сұрақ әлі жауапсыз тұр. Олимпиада ойындарына әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда орналасқан 18 дзюдошы қатысады. Ал қазір мен 21-ші орында тұрмын. Барымды салып, дайындығымды жалғастырсам күресім жүріп кетсе, Олимпиадада күрескім келеді. Осы күнге дейінгі еңбегімнің жемісі ретінде өзімді Олимпиададан көргім келеді. Іріктеу кезеңдері 2018 жылдың 25 мамырында басталса, Токио Олимпиадасына дейін шамамен 1,5 жыл ғана қалды. Қаншама еңбектің жол ортада нәтижесіз қалып кеткенін. Бір жағынан, дәл осылай жарыстарда сәтсіз күресетін болсам, спортты қойып, өзімнен кейінгілерге жол беруге тура келеді.
- Өзіңізден кейінгі?
- Менің салмағымда (+78 кг) Әлем чемпионатында күрескен тағы бір дзюдошы бар ғой. Камила Берліқаш. Жастардың арасынан осы қызға қатты үміт артамын. Жастар арасындағы жетістіктерін қараймын. Өте жақсы. Еңбекқор. Өзінің алдына қойған мақсаты бар. Бакуде бірінші беледсуінде жеңіліп қалды. Бірақ, спортшылардың жастардан ересектерге өткенде бірден жолының болып кетуі мүмкін емес. Мойымай, барын салып дайындалатын болса, ересектерде де жастарда жеткен жетістіктерін қайталайды деп ойлаймын.
- Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін көп рақмет! Сәттілік тілейміз!
0 пікірлер