Бакуде дзюдодан Әлем чемпионаты аяқталды
Бүгін Әзірбайжан астанасы Баку қаласында дзюдодан Әлем чемпионатының жекелей сайыстары аяқталды. Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қола жүлдемен медаль кестесінде 124 елдің ішінде 12-інші орынға жайғасты.
Жарыстың бірінші күнінде 48 келіге дейінгі салмақта белдескен бұрымды балуанымыз Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль жеңіп алып, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Ол шешуші жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Мунхбат Уранцэцэгтен басым түсті.
Галбадрах бірінші белдесуінде бразилиялық Габриела Шибаноны, екінші айналымда испаниялық Лаура Мартинез Абеленданы ұтты. Алайда, ширек финалда Еуропа Чемпионы украиналық Дарья Белодедқа есе жіберіп, жартылай финалға шыға алмады. Ал жұбаныш белдесуінде Словения спортшысы Маруса Штангерді иппонмен жеңіп, Әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күресуге мүмкіндік алған болатын.
Ал 66 келіге дейінгі салмақта сынға Ерлан Серікжанов жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ол финалдық кездесуде жапониялық әлем чемпионы Абе Хифумиге есе жіберді. Ерлан Серікжанов іріктеу кезеңінің алғашқы белдесуінде Артур Карлос Джуниорды (Мозамбик), екінші кездесуінде Барух Шмаиловты (Израиль), кейін Вадим Бунескуды (Молдова), ал ширек финалда моңғолиялық Херленг Ганболдты жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Әлем рейтингінің көшбасшысы израильдік Тель Фликер Ерланды тоқтата алмаған еді.
Дзюдодан Ұлттық құрама бапкері Айдын Смағұлов жарыстан кейін Әлем чемпионатын қорытындылап, спортшылардың көрсеткішіне көңілі толатынын айтты:
- Әлем чемпионатындағы жоспарымыз 1 алтын, 1 қола жүлде еді. Бірақ, біз 1 күміс жүлдемен аяқтадық. Жоспар 100% емес, 60%-ға орындалды деп айтуға болады. Қоржында бір күміс. Оны үлкен жетістік деп санаймыз. 66 келіге дейінгі салмақта Ерлан Серікжанов үмітті ақтап, әлемнің екі дүркін чемпионы жапон балуаны Абе Хифумимен күресті. Ғұсман Қырғызбаев өзіне белгіленген межеге жетепеді. Ал, 73 келіге дейінгі салмақта күрескен Жансай Смағұлов жақсы күрескенімен әлем чемпионы жапон балуаны Соиши Хашимотоға төтеп бере алмады. Осы салмақта бірінші белдесуінде-ақ жеңілген Бекәділ Шаймерденов жақсы күрес көрсете алмады. 81 келіге дейінгі салмақта Дидар Хамза бірінші қарсыласын оңай ұтқанымен, екінші айналымда Олимпиада чемпионы Ресей балуаны Хасан Халмурзаевпен кездесті. Негізгі уақыт тең аяқталғаннан кейін қосымша уақытта Дидар әдіс жасады. Алайда, оны төрешілер есепке алмай, жарыс әрі қарай жалғасты. Сол кезде Хасан Халмурзаев вазари ұпайын иеленіп, екеуара белдесуде жеңіске жетті. Бірақ, белдесу ақталғаннан кейін төрешілер өздерінің қателігін мойындап, бізден (Қазақстан ұлттық құрамасынан) келіп кешірім сұрады. Белдесу аяқталғаннан кейін сұралған кешірім ештеңені өзгерте алмайтыны тағы бар. Дәл осы салмақта құрама сапынан тағы бір спортшымыз шықты. Ол – Азиз Қалқаманұлы. Азиз Қалқаманұлына үлкен үміт артқан, көп жарыс көрген балуан. Алайда ол бірінші беледсуінде-ақ қарсыласынан айласын асыра алмады. 90 келіге дейінгі салмақта Ислам Бозбаев жарысқа сақадай сай еді. Алтын аламын деп тыңғылықты дайындалып келген болатын. Барлығын төрешілерге бағыттай беруге болмайды. Бірақ, сонда да төрешілердің қазақ балуандарына салғырт қарайтыны бізге кері әсерін тигізді. Ислам Бозбаев венгриялық Тоц Кристианға қарсы күресінде төрешілер артық шидо (ескерту қағазы) бергендіктен жарыстан шықты. 100 келіге дейінгі салмақтағы спортшымыз Виктор Демьяненко Иван Ремеренькомен (БАӘ) үшінші рет күресіп, үшінші рет жеңіліп отыр. Күшім жетпеді деп, Виктор өзінің қателігін мойындап отыр. Ал 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев күресті. Оның осы Әлем чемпионатында жүлдегер атануға өте үлкен мүмкіндігі бар еді. Алайда, өзбек балуанымен күрескенде өзінен асырып лақтырамын деп, асекоми әдісіне түсіп, ұтылып қалды. Егер осы қарсыласын ұтқанда ақтық сындарға да жолдама алып қалуы мүмкін еді. Өте жақсы дайындықпен келген болатын»-, дейді Қазақстан Ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Айдын Смағұлов.
0 пікірлер