Дзюдодан Әлем чемпионатының үшінші күні аяқталды

21:48 | 22 қыркүйек 2018

Әзірбайжан астанасы Бакуде бүгін Әлем чемпионатының үшінші күні аяқталды. 57 келіге дейінгі салмақта әйелдер, 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ерлер өзара мықтыны анықтады. Цукаса Иошинда әйелдер арасында Әлем чемпионы атанып Жапония құрамасына тағы бір алтын сыйлады. Осы салмақта Ұлыбритания спортшысы Никода Мит-Дэвис күміс, ал жарыстың қола жүлдесін Сумия Доржсурен мен Канада құрамасының спортшысы Криста Дегучи өзара бөлісті.

Ал ерлер арасында 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Оңтүстік Кореялық Ан Чангрим қарсылас шыдатпай Әлем біріншілігінің жеңімпазы атанды. 2017 жылы Әлем чемпионы атанған жапониялық Соши Хашимото финалда иппонмен жеңіліп, күмісті місе тұтты. Әзірбайжан спортшысы Хидаят Хэйдаров пен Ирандық Мохаммед Мохаммеди Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

ea3a0641a40b2a96cefc6c6339990221.JPG

(Ақ кимонода Никола Гардашевич, көк кимонода Жансай Смағұлов)

Әлем біріншілігінің үшінші күнінде қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінбеді. 73 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Жансай Смағұлов қолаға қол созым жерде мүлт кетіп, Әлем чемпионатында жүлдесіз қалды. Ширек финалға дейін қарсыластарын сұлатып шыққан Жансайды жапониялық Соиши Хашимото тоқтатты. Екеуара кездесу негізгі уақытта ұпайсыз ахяқталғандықтан голден скорға (қосымша уақыт) ұласты. Голден скорға екі ескерту қағазымен жеткен Жансайға төреші тағы бір шидо беріп, жеңісті жапон балуаны Соиши Хашимотоға берді. Жансайға үшінші ескерту қағазы Соиши Хашимото оны иықтан асыра лақтырғанда қарсыласының аяғынан ұстағаны үшін берілді.

94b51ef1e3177686edacabfba0529fd9.JPG

(ақ кимонода Соиши Хашимото, көк кимонода Жансай Смағұлов)

Ал ширек финалға дейін Жансай Смағұлов қарсыластарын уақытынан бұрын таза жеңіспен ұтқан болатын. Әлем чемпионатына екінші айналымда қосылған ол бірінші қарсыласы Нилс Штампты иппонмен ұтса, өзінің екінші кездесуін Никола Гардашевичке қарсы өткізді. Нәтижесінде, оны уақытынан бұрын жеңіп, ширек финалдық жолдама үшін косовалық Акил Гжаковамен күресіп, уақытынан бұрын жеңіске қол жеткізген еді. Ширек финалда Соиши Хашимотодан жеңілгеннен кейін жұбаныш белдесуінде Ганбаатар Одбаярға вазари ұпайымен жеңілді. Дзюдо ережесі бойынша, бірінші жұбаныш белдесуінде жеңіске жеткен спортшы жарыстың қола жүлдесі үшін күресуге мүмкіндік алатын. Алайда, Қазақстан құрамасының спортшысы алғашқы жұбаныш белдесуінде есе жіберіп, жарысты 7-ші орынмен аяқтады.

94c7438a5ddc3429bc24d9b94b4f655e.JPG

Жансай Смағұлов

«Өкінішке қарай, қолдағы медальді жіберіп алып тұрмын. Моңғол балуаны Ганбаатар Одбаярмен күрес мен үшін бүгінгі Әлем чемпионатындағы ең қиын кездесу болды. Күші көп. Екеуміз осымен екінші рет кездесіп отырмыз. Мен өзімнің әдісімді жасай бергенде, қарсы шабуыл жасап, ұпай алып кетті» дейді жұбаныш белдесуінен кейін.

4288fa28b18393a75f2243d6a033826a.JPG

Бекәділ Шаймерденов

Бүгін Жансай Смағұловтан басқа дәл осы салмақта ұлттық құрама сапынан тағы бір дзюдошы қатысқан болатын. Ол – Бекәділ Шаймерденов. Бекәділ Шаймерденов бірінші кездесуінде-ақ француз Бенджамин Аксустан тұншықтыру әдісін қолданғанда ұтылып қалды. Ал әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта Севара Нышанбаева да жарысқа шыққаннан-ақ болгариялық Илиева Ивелинадан жеңіліп, Әлем чемпионатын сәтсіз аяқтады.

aed79719b7cd05946bb0fae664d1044a.JPG

(ақ кимонода Севара Нышанбаева, көк кимонода Илиева Ивелина)

Әлем біріншілігінде бүгін белдескен отандастарымыз жарыстың бірінші және екінші күнгі нәтижелерін қайталай алмады. Естеріңізге сала кетсек, Чемпионаттың алғашқы күнінде Галбадрах Отгонцэцэг қола, екінші күні Ерлан Серікжанов күміс жүлдегер атанған болатын. Осыған орай, бүгінгі спортшылардың қателері мен ертең күресетін дзюдошылардың дайындығы туралы Қазақстан Ұлттық ерлер құрама командасының аға жаттықтырушысы пікірімен бөлісті.

«Бекәділ Шаймерденов төрттағандап күресуде (партер) өрескел қате жіберіп, жеңіліп қалды. Оны жүлдегерлер қатарынан көреміз деп жоспарлаған едік. Ал Жансай Смағұлов болса жарысты өте жақсы бастаған еді. Косовалық Еуропа чемпионын еш қиындықсыз ұтты. Ширекфиналда жапониялық Соиши Хашимото арасындағы белдесуде жанкүйерлер айтқандай, төрешілер тарапынан асыра қатты бұрмалау болмады деп ойлаймын. Бірақ, Соишиға бір ескерту қағазын беруге болатын еді. Өкінішке қарай, төрешілер оны Жансайға берді.

Ал моңғол балуанымен өткен белдесуде Жансай өте кеш қимылдады. Әйтпсе, біз тактикалық тұрғыда өте жақсы дайындалып шыққан болатынбыз. Әдістерін қолданғанда физикалық тұрғыда Ганбаатар Жансайдан мықты екенін көрсетіп, жеңісті алып кетті.

Ертең 81 келіге дейінгі салмақта Дидар Хамза мен Әзиз Қалқаманұлы күреседі. Дидар Мозамбика балуанымен шығады. Оны жеңсе 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Хасан Халмурзаев қарсыласы болады. Десе де, Дидардың соңғы жарыста көрсеткен нәтижесіне қарап, одан қатты үміт күтіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Дидар Хамза жақында дзюдодан Азия ойындарының чемпионы атанған болатын. Дәл Азия ойындарындағыдай әлемдік рейтингте көшбастаған спортшыларды тағы да алып-жығатын болса, Олимпиада чемпионы болғанына қарамастан ұтады деп ойлап отырмыз. Ал екінші балуанымыз Әзиз Қалқаманұлы да сайысқа сақадай сай» дейді, - Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының аға бапкері Қален Қалиұлы.

Әлем чемпионатының үшінші күнгі қорытындысы бойынша Қазақстан 1 күміс және 1 қола жүлдемен медаль кестесінде 4 орында тұр. Ертең, Әлем чемпионатының төртінші күнінде ерлер 81 келіге дейінгі алмақта, әйелдер 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күреседі. Дидар Хамза (-81 кг), Әзиз Қалқаманұлы (-81 кг), Ақниет Тұрдан (-63 кг) сынды спортшылар ертең ел намысын қорғайтын болады.

Әйгерім ТОҚСАНБЕК

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар