Ғайнолла Есенғалиев: Олимпиадаға Қазақстаннан кім қатысатыны тамызда белгілі болады
14-15 шілде күндері Гонконгта жасөпірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі аясында Азия кубогы өтті. Қазақстан құрамасы бұл сында 6 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлдеге ие болып, 13 медальмен 27 ел ішінде көш бастады.
Қазақстандық жасөспірім дзюдошылар осы уақытқа дейінгі халықаралық жарыстардағы көрсеткіші бойынша Азияның алдыңғы қатарлы елдер тізімінде көш бастап тұрғаны жасырын емес. Азия, Еуропа құрлықтарын, Әлем чемпионаттарын бағындырып жүрген спортшылар биыл Олимпиадада бақтарын сынайды. Дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Ғайнолла Болатұлының айтуы бойынша, дзюдодан Олимпиадаға Қазақстаннан кім қатысатыны әлі белгісіз.
-Гонконгтағы Азия кубогы өте жақсы өтті. 27 елден 140 спортшы қатысты. Қазақстандық дзюдошылар үшін жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары алдындағы соңғы жарыс болғандықтан құрама өте жақсы күресті. Құрамамызда 66 келідегі спортшылар ақтық финалда бір-бірімен кездесті.
Құраманың көрсеткіші көңілімізден шығып, жоспарымыз 90% орындалды. 90 келіде белдескен балуанымыз Сәдуақас Бекарыс жасөспірімдер арасында чемпион болғаннан кейін, ертесіне жастар арасында да кубогқа қатысып, жастар арасында 100 келі салмақта жеңімпаз атанды. Балалардың осы жолғы күресі бізге өте қатты ұнады.
Ал дзюдо бойынша Қазақстаннан Олимпиадаға кім баратыны әлі белгісіз. Себебі, халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, квалификация 23-ші шілде күні тоқтатылып, қатысушылар тізімі 23-ші тамызда жарияланады. IJF әр елден 2 дзюдошыға Олимпиадаға қатысуға рұқсат берген. Әр елден бір ер бала, бір қыз баладан қатыстырылады»-дейді Қазақстан жасөспірімдер ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы Ғайнолла Есенғалиев.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтеді.
0 пікірлер