Айдын Смағұлов: Еуропа кубогы – Азия ойындары алдындағы «сынақ жарыс» болды
14-15 шілде күндері Германияның Саарбрюккен қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында кезекті Еуропа кубогы өтті. Екі күнге созылған жарысқа әлемнің 26 елінен 387 дзюдошы жиналды. Қазақстан ерлер құрамасының спортшылары аталмыш турнирде 1 күмііс және 1 қола жүлдеге ие болып, жалпы медаль кестесінде 9-шы орынға жайғасты.
Еуропа кубогында отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) күміспен күптелсе, Санжар Жабборов (+100 кг) қоланы қанағат тұтты.
Дзюдодан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов Саарбрюккендегі Еуропа кубогын қорытындылап, бұл жарыстың қазақстандықтар үшін Азия ойындары алдындағы дайындық болғанын айтты:
- Саарбрюкенде өткен Еуропа кубогы Қазақстан ұлттық құрамасы үшін жазғы Азия ойындары алдындағы дайындық болды. Еуропа кубогы алдында спортшылар бір айға жуық уақыт тауда жаттығуда болды. Одан кейін бірден жарысқа аттанды. Нәтижесінде, Ғұсман Қырғызбаев пен Санжар Жабборов жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ғұсман Қырғызбаев осы уақытқа дейін 60 келіге дейінгі салмақта белдессе, кеше татамиге 66 салмақта күресті. Жаңа салмақтағы бірінші жарысында-ақ финалға шыққаны қуантты. Жеңіл салмақтағы балуандардың әлемдік жарыстарда бір-бірімен кездесуі қалыпты жағдай болса, осы жолы аса ауыр салмақтағы балуандар да қола жүлде үшін бір-бірімен күресті. Бұл қазақстандық спортшылар арасында өте сирек кездесетін жағдай десек болады. Осы соңғы жарыста Қазақстанда ауыр салмақтағы балуандардың да бабында екенін байқадық. Оған кешегі Ерасыл Қажыбаев пен Санжар Жабборовтың өз топтарынан үздік шығып, қолаға күресуі дәлел. Жансай Смағұловқа сәттілік жетіспеді. Жарыста 7 кездесу өткізіп, соңғы белдесуінде әзірбайжандық спортшыға қосымша уақытта есе жіберіп, 5-орынға тұрақтады.
Бұл ашық кубок болғандықтан маңызды жарыс алдындағы спортшыларды сынайтын «сынақ жарыс» деп айтса да болады. Осы жарыста көрсеткен нәтижелері мен қателіктеріне қарап, әрі қарай командамен жұмыс істейміз, - дейді бас бапкер.
0 пікірлер